«Күпі киген» комедия. Қазақ комедиясы НЕГЕ жылатады?

«Жасқа толған» коронавирус әлемдік экономикаға ойсырата соққы бергені рас. Алыс-беріс пен өндірісті былай қойғанда, мәдениет пен өнердің дамуын да тұралатты. Бір ғана Қазақстандағы кинотеатрлар 20 млрд теңге шығынға батты.
Пандемиядан кейін жаһандағы мәдениет ошақтары көппен бірлесе есігін жапты. Бәрінен де киносүйер қауымға оңай соқпаған іспетті. Қазақстанда ашылған «otinish.kz» сайтына 5 қазан күні онлайн-петиция жарияланды. Петиция «кинотеатрлар ашылсын» деп ұрандатқан. 30 мыңға жуық адам қол қойған петицияны Мәдениет министрлігі ескеріп, 19 қазан күні ОКҚ-да брифинг өтті.
26 қазаннан бастап карантин талаптарына сай ел аумағындағы кинотеатрлар жұмыс істей бастады. Прокатқа бірнеше отандық фильм шығыпты. Қазақстандық киноны қолдау мақсатымен режиссер Олжас Ибраевтың «Любовь на миллион» туындысына арнайы бардық.
Бір қуантарлығы, қазақстандық кино шеберлері еңбегін бизнеске айналдыруды жақсы меңгеріп келеді. Бірақ, бизнес деп ұлттық құндылық пен тәлім-тәрбиеден аттап кету қаншалықты дұрыс?
«Любовь на миллион» туындысына кәсіби киносыншылар «комедия жанрында түсірілген ең сәтсіз фильм» деп баға беруі мүмкін. Өйткені, арзанқол әзілге құрылған сценарий желісі тым жұпыны. Әрі адам бойындағы ұнамсыз қылықтарды жақсы жағынан көрсеткісі келген. Аталған киноның негізгі аудиториясы жас жеткіншектер екенін ескерсек, фильм астыртын болса да азғындыққа баулиды.
Кинода букмекерлік кеңсе жарнамасы, ставка тігіп қомақты ақша ұтып алу, ішімдік, ұлттық валютаға немқұрайлы қарау, достықтың ақшадан кейін тұратыны, өтірік сөйлеу, ЛГБТ насихаты, кішінің үлкенді сыйламауы сынды неше түрлі ұлттық тәрбиеге жат дүниелер бар.
Зейнетақысын тиындап жинаған атасынан ақша алған бас кейіпкер оны ойынға тігеді. Шалдың «ақшаны ақылмен жұмса» деген өсиетін тыңдамаған немересі ойыннан қомақты қаржы ұтып алады. Бұл жерде қандай өнеге?
Ұтқан ақшасына көлік ішінде келе жатып маңқасын сүрткені ұлттық валютаға құрметсіздік танытқаны емес пе?
Ұнатқан қызының назарына түсемін деп кәсіпкер болып көріну, жалғаннан шынжыр өргені қай сасқаны?
Қазақ қоғамына лайықтап түсірілген фильмге әйелге айналған еркек образы не үшін керек болды?
Кішкентай баланың телефон мен теледидар ойынына телміріп, бойжеткен әпкесіне «ертерек күйеуге шықсаң екен, сенен құтылар едім» дейтін дөрекілігін қалай ақтап аламыз?
Негізгі кейіпкердің досы ұтқан ақшаның бір бөлігін алып депозитке қойғаны, тағы бір бөлігімен кәсібін дөңгелетіп, фильм соңында бақытты өмір сүруі нені меңзейді?
Фильм субтитріндегі грамматикалық қателіктерге де көз жұмып қарауға болмайды. Қарапайым сөздерді қазақша жазу үшін шығармашылық ұжым қатты қиналған іспетті. Қысқасын айтқанда, комедияға күлемін деп барып, жылап қайттық.