27 Наурыз 12:22

«Крокустың» қаупі мен қорқынышы

Мәскеу
Фото: Коллаж NEGE

Көрші ел астанасы – Мәскеудің тура түбіндегі luxury қалашық «Крокус Сити Холлдағы» концерт залында болған теракті дүниені дүр сілкіндіріп, жан түршіктірді.

Ресей секілді елмен бір одақта өмір сүріп жатқан Қазақстанның осынау трагедиядан алар тағылымы қандай? Сол сұраққа жауап беруге тырысайын.

Ресей терактіні саяси мүддесіне сай пайдаланғысы келеді

Біріншіден, бұл тағылымның геосаяси астары бар. Бүгінде осы сұмдық терактіні кім ұйымдастырғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Әр жақ әр түрлі болжауда. Президент Путин теракт «радикалды исламистердің қолымен жасалды» дей отырып, бұл оқиға «бізбен 2014 жылдан бері соғысып жатқандарға тиімді» деп қалды. Ол қай ел екенін ашып айтпаса да белгілі. Оның алдында ресейлік телеарналар концерт залының автотұрағында украиндік нөмірі бар көлік туралы ақпаратты жан-жақты таратып, санаға тықпалап әлек болған. Күдіктілердің Украина жаққа қашуы және, Путиннің айтуынша, ол жақта шекарадан өтетін жер әзірленіп қойғаны да тергеу әрекеттеріне тиісті бағыт бергендей-ақ.

теракт
Фото: Иван Водопьянов, Коммерсантъ

Оның алдында осы теракт үшін жауапкершілікті ИГИЛ (ДАИШ) өз мойнына алды деген ақпарат тараған. Бірақ бірқатар ресейлік БАҚ ол хабарды «фейк» деп бағалап отыр. Не болса да, Кремльдің «осы терактінің артында Украина тұр» деген нұсқадан бас тартар сиқы жоқ. Тіпті, Путинге салсақ, АҚШ «өз сателиттері мен әлемнің басқа елдерін, өз барлау мәліметтеріне сүйеніп, Мәскеудегі терактіге Украинаның қатысы жоқ екеніне сендіргісі келіп әлек».

Яғни, өз елінде болған трагедияны Кремль өзінің саяси мүддесіне сай пайдаланғысы келеді. Сол үшін ресми билігі де, неоимпериялық пропагандалық машинасы да жан-тәнін салуда.

Бізде public тұлғалар бар ма?

Егер де, жаман айтпай жақсы жоқ, ертеңгі күні осындай оқыс жағдай тағы болып, Ресей жағы бізді кінәлап шыға келсе ше? Оған біздің ресми органдар мен идеологиялық құралдарымыз дайын ба? Күні-түні төрімізде сайрап отырған «соловьев, симонян, скабееваларға» лайықты, интеллектуалдық және шығармашылық деңгейде олармен жарыса алатын public тұлғалар бар ма бізде? Әлде мемлекеттік БАҚ пен идеологиялық аппараттың әуелеті тек қана билікті мақтап, оппозицияны даттауға ғана жарай ма?

Ресей
Фото: ғаламтордан

Екіншіден, геосаяси астардың бір қосымша жағы бар. Әдетте, халықаралық террористік ұйымдар өздерінің артар кінәсі бар елде осындай қорқыныш пен үрей туғызатын акция ұйымдастырады. Біріккен Ұлттар Ұйымында «қырық кісі – бір жақ, қыңыр кісі – бір жақ» тактикасын ұстанған және де әлемнің дау-дамайлы аумақтарына әскери күшін жіберіп отырған Ресейдің жаулары баршылық. Олай болса, Ресейдің халықаралық алаңдағы белгілі бір бастамаларын қолдап немесе ортақ ұйымдар (Еуразиялық одақ, ҰҚШҰ (ОДКБ), ШЫҰ (ШОС) аясында басқаларға тиіп кететін нақты қадамдарға баруымыз халықаралық террористердің Қазақстанға да көз алартуына әкеліп соқтырмай ма? Бұл жағын да мықтап ескергеніміз жөн деп санаймын.

«Крокусқа» қатысты ақпарат легінде «Вилоят Хорасан» жиі аталуды. Ол болса, «Талибанның» қас жауы. Біз болсақ, Ресей секілді Ауғанстанда билікке келген «Талибанмен» арқа-жарқа араласып жатырмыз, ортақ экономикалық жобаларды қолға алудамыз. Осындай белсенділігіміз «Талибанның» қарсыластарына ұнай қоюы екіталай.

Үшіншіден, әдетте теракт жасаған кез келген ұйым сол елдің билігіне өз талаптарын қойып, ол туралы әлемге жар салып жатушы еді ғой. Бұл жолы олай болмады. Мұның өзі «қастандық теориясының» жақтаушылар тарапынан «бұл терактіні ұйымдастырып отырған ресей билігінің өзі, осы арқылы ол жұрттың назарын басқа жаққа аударып, өзі соғысып, жеңе алмай жатқан Украинаны кінәлап, сол арқылы ел ішіндегі антиукраиндық көңіл-күйді одан сайын ушықтырғысы келеді» деген болжамды да тудырып жатқаны жасырын емес.

Сақтықта қорлық жоқ, жеті жарым мың шақырым шекарамыз айқара ашық жатқан кезде, көрші елдің арамза күштері осындай сорақыны біздің елде жасаймайды деп кім кесіп-пішіп айта алады? Ар жағын тарқатпай-ақ қояйын. Соның алдын ала аламыз ба?

Визасыз қарым-қатынасты тоқтатудың салдары

Төртіншіден, «Крокустағы» қанды қырғын Ресейдегі шовинистік әрі азияфоб күштердің қолтығына су бүркіген сықылды: бір сәтте олар «Орталық Азиядан Ресейге келіп жатқан мигранттарға тосқауыл қояйық, визасыз қарым-қатынасты доғарайық!», – деп атойлап шыға келді.

Мәскеу
Фото: Иван Секретарев / AP

Мұндай антимигранттық ұстаным Ресейдің Орталық Азиядағы абыройын арттырады деп ойламаймын. Біз де осы аймаққа жатамыз. Және де халықаралық істерде бір бұлжымас ереже бар: бір ел екінші елмен визасыз қарым-қатынасты тоқтатса, екінші ел дәл сондай қадам жасайды. Мұндай жағдай онсыз халықаралық оқшаулауға ұшыраған Ресейдің экономикалық жағдайына теріс әсер ететіні де түсінікті. Басқасын айтпағанда, Украинадағы соғысқа барғысы келмей, Орталық Азия елдерінде бас сауғалап жүрген ресейлік релоканттардың өзі бұл бастама туралы не ойлайды екен?

Кремль басқа елдерді қанша айыптағанымен, осы трагедияға жол берген, теракт қаупін дер кезінде анықтай алмаған арнайы қызметтер, ең алдымен, ФҚҚ (ФСБ) кінәлі екені түсінікті (бірақ ол туралы ресей билігі жұмған аузын ашпады).

Әрине, мұндай сұмдық оқиғадан кейін біз де сырттан келер қауіп-қатер мен елдегі іштей тынып жүрген радикалды, экстремистік күштер туралы ойлануымыз керек. Ол іспен арнайы органдар айналысатыны белгілі. XXI ғасырдың сан қырлы қауіп-қатерінің алдын алуға біздің арнайы күштер әзір ме? Бірақ, өкінішке қарай, ол құрылымдар қоғамның, соның ішінде, парламенттің бақылауынан тыс, өзімен-өзі өмір сүріп жатыр. Сол себепті олардың «Крокустағы» трагедия секілді оқиғаларға жол бермеуге қаншалықты дайын екенін біз білмейміз.

Ал сауда, ойын-сауық орталықтары, кинотеатр секілді көпшілік орындарындағы қауіпсіздік сақтау деңгейі туралы әңгіме бізде тек осындай оқиғалардан кейін бір қозғалады да, кейін ұмытылып, бәрі бәз-баяғы қалпына келеді.

Бейқам жүреміз де, кезекті оқыс оқиғадан кейін (Құдай ондайдың бетін аулақ етсін!) тағы да улап-шулап қаламыз. Ылғи да солай...

Әміржан ҚОСАН, саясаткер.