29 Желтоқсан 08:55
...

Қоян жылының қызығы мен шыжығы

Фото:

Қазақ қоян жылын малға жайсыз жыл деп біледі. Әдетте, ұлы даладаға ел есінде қалған жұттардың дені ұдайы осы қоян жылымен сәйкес келген екен. Құрғақшылық биыл да болды. Қыс қатал, жазы ми қайнатқан ыстық болып, су тапшылығы шаруаның еңбегін еш ете жаздады. Тақыр қоян халық даналығын тағы растап берді. Ал саясатта бұл жыл несімен есте қалды? Соған аз-кем тоқтала кетейік.

Қаңтардағы абыр-сабыр

Қоян жылы дүбірлі саяси науқанға қызу дайындықпен басталды. Көктемде өтетін Мәжіліс және мәслихат сайлауы саяси өмірге серпін берді. «Жаңа Қазақстанның» ұрандарына сенген тұлғалар, саяси белсенділер мен топтар бақ сынап көруге бел буды. 2007 жылы алынып тасталған мажоритарлы жүйе қайта қалпына келген соң, өзін-өзі ұсынғандардың қарасы көп болды. Жаңа партия немесе қоғамдық бірлестіктер құруға талпынғандар да бой көрсетті.
Десе де, көп жаңа партиялар тіркеле алмай, сайлау науқанына дейін құмға сіңген судай жоғалды.

Тәуелсіз журналистерге шабуыл

Қаңтарда елді тіксіндірген оқиғалар аз болмады. Тәуелсіз журналистерге тасадан тас атылды. Жіпке тізіп берсек, «Елмедиа» редакциясын терезесін белгісіз біреулер қайта-қайта шағып сындырды. Бас редакторы Гүлжан ЕРҒАЛИЕВАНЫҢ фотосын порно сайтқа салып жіберді. «Орда» интернет-порталының бас редакторы Гүлнар БАЖКЕНОВАНЫҢ суретін шошқаның аузына қыстырып, басын редакцияға «сәлемдеме» етіп жолдады. Динара ЕГЕУБАЕВАНЫҢ көлігі өртенді. «Ұлыс медиа» редакциясының сайтына хакерлік шабуыл жасалып, жетекшісі Самал ЫБЫРАЕВАҒА қарсы астыртын қоқан-лоққы көрсетілді.

Вадим БОРЕЙКОНЫҢ есігіне «Гиперборей» арнасына қатысты анайы сурет салып, тез жанатын сұйықтықты төгіп кетті. Ақпан айында Роман ЕГОРОВТЫҢ екі бірдей көлігін өртеп кеткен.

Табысты растау

Мемлекеттік қызметкерлердің табысын растау науқаны жүрді. Соның барысында көп мәліметтер анықталды. Мәселен, 354 шенеуніктің шетел банктерінде 350 миллиардқа жуық теңгесі болған. 54 мемлекеттік қызметкер ақшасын 59 елде сақтапты. 17 шенеунік 15 елдегі түрлі компаниялардың иесі не ортақ иесі болып шықты. 377 жеке тұлғаның сыртта 466 жылжымайтын мүлкі тіркелген.

Батыс жорығы басталды

Ақпан айынан бастап Батыстың саясаткерлері Астанаға жиі келе бастады. Айталық, 28 ақпанда АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони БЛИНКЕН қазақ жеріне келді. Энтони Блинкен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВПЕН кездесіп, Премьер-министрдің орынбасары әрі Сыртқы істер министрі Мұхтар ТІЛЕУБЕРДІМЕН жолықты.

Батыс саясаткерлерінің көздегені – салынған санкцияларды Ресейдің айналып өтуіне жол бермеу. Қазақстанға санкция шылбырының қаупі күшейді. Десе де, қазақ билігі бұған жол бермеудің әдіс-айласын тапқандай.

Қасқөйлер ұсталды

Ақпан айында тәуелсіз журналистерге жасалған шабуылдарға қатысы бар деген күдікпен  18 адам қазір абақтыға  тоғытылды. Орындаушылардың арасында ақшаға қызыққан жасөспірімдер де болған. Басты күдікті ретінде украиналық хакер Олексий ТОКАРЕВ пен Қазақстан азаматы Аркадий КЛЕБАНОВ-тың аты аталды.

Сайлаудың көрігі қызды

19 наурызда Қазақстанда кезектен тыс Мәжіліс депутаттарының сайлауы өтті. Сонымен қатар барлық деңгейдегі – аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттар депутаттарының сайлануы болды. Сайлау нәтижесінде ресми тіркелген жеті партияның алтауы мандат алды. Көпшілік дауысты алған – «Аманат» партиясы. Тек Байтақ Жасылдар партиясы Мәжілісте өкілеттік ала алмады.

Сәуірден бастап тағы да маңызды саяси науқан жүрді. Жергілікті жерлерде ауыл әкімдерінің  сайлауы кезең кезеңмен өте бастады.
 

Жаңаөзен мұнайшыларының Астанадағы ереуілі

Жаңаөзенде жұмыссыз қалған мұнайшылар ереуілге шықты. Бір топ өкілдері Астанаға келіп, Энергетика министрлігінің алдында тұрақты жұмыс орнын талап етіп, наразылық акциясын өткізген. Полиция оларды тұтқындағанымен, артынша босатып, дені Жаңаөзенге қайтты. Билік пен мұнайшылардың өкілдері арасында келіссөз басталды. Бұл оқиға еліміздегі кәсіподақ мәселесінің өткір тұрғанын көрсетіп берді.

Назарбаев мұрасынан арылу

Маусым айының соңына қарай бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің атындағы университеттен, мектептен және қордан шеттетілді. Қамқоршылық кеңестің басшылығынан да кетті. Бұл құзірет қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолына өтті. Осындай өзгерістерді заңдастыратын түзетулерді Сенат бір ауыздан мақұлдады. Бұдан былай Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға білім гранттарын экс-президент емес, қазіргі президент бөлетін болды.
Нұрсұлтан Назарбаев барлық құзіреттерінен бірте-бірте айырылды.

Абай облысындағы өрт

Маусым айы Абай облысындағы алапат өртпен басталды. 60 мың гектар орман алқабы жанып кетті. 14 адам қаза тапты. Аза тұту жарияланды.

Блогерлер туралы заң

Шілде айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңға қол қойды. Биліктің айтуынша, бұл заң әлеуметтік желіде болып жататын буллинг, азаматтарды қорлау тәрізді келеңсіз фактілерден, қаржы пирамидаларынан қорғай отырып, елімізде саяси сепаратизм мен экстремизмнің алдын алмақ.

Десе де, бұл заң блогерлерді қуантпады. Мұны сөз бостандығымен байланыстырған азаматтар да болды.

Министрліктердің бөлінуі

Қыркүйектің басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев басқару саласында бірқатар реформа жасады. Премьер-министр Әлихан СМАЙЫЛОВ өз орынтағын  сақтап қалды. Десе де, Үкімет құрамында ішінара өзгеріс болды.

Жаңа министрліктер құрылды.  Мәдениет және ақпарат министрлігі қайта қосылды. Су және ирригация министрлігі құрылды. Индустрия, Өнеркәсіп және Көлік  министрліктері бөлек отау құрды.

Президент аппараты мен үкіметте ауыс-түйіс жасалды. Үкіметтің құзыреті кеңейтіліп, президент аппаратындағы лауазымдар қысқартылды.

Миттал кетті

Желтоқсан айында Лакши МИТТАЛ Қазақстаннан «ың-шыңсыз» кетті. ArcelorMittal Temirtau қазақстандық бизнесмен Андрей Лаврентьевтің қолына өтті.  Компания 286 млн долларға сатылған. Кейбір деректерге қарағанда, бұл компанияның шахталары мен басқа да мекемелерінде жүздеген адам көз жұмыпты. Ең көп құрбандық соңғы жарылыс кезінде болды. Бас-аяғы – 43 адам. Осы қайғылы оқиға Митталдың елден кетуіне басты түрткі болды.

Тегтер: