18 Сәуір 19:28
...

Көшенің «королі» болған мопедтерге тұсау салынады

Мопед
Фото: МК Қазақстан

Көшедегі көлік жүргізушілерін де, жаяу жүргіншілердің де әбден мазасын алған мопедтер мәселесіне де Мәжіліс мойын бұрып, соңғы жалпы отырыста бірден екі заң жобасын бірінші оқылымда қабылдап жіберді.

Яғни «Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.

Расында көлік қозғалысын реттейтін тиісті заңдарға мопедтерге тұсау салатын нормалар көптен бері керек болып жүр еді. Полицейлер қанша жерден шара қолданғанымен солқылдақ заңның бір шеті өздеріне шыбық болып тиетіні жасырын емес. Сондықтан жол сақшылары оларды жолда жүру ережелерін емес, қоғамдық тәртіпті, адам денсаулығының қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін ғана жауапқа тарта алады. Себебі мопедтер жанармаймен жүретін, доңғалақтары бар көліктің санында болғанымен, санатында жоқ. Мәселе заңның ескілігінде емес, соңғы кездері мопедтердің қатысуымен болған жол-көлік апаттары жиілеп, адам шығына да артып келеді. Мопедтің қызығына беріліп, байқаусызда қаза тауып жатқандардың дені желігі басылмаған жасөспірімдер мен жастар. Осылайша бұл мәселеге Мәжіліс ерекше мән беріп отыр.

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева бұл Заң жобасы мопедтердің қозғалысын реттеу жөніндегі жұмыстың жалғасы екенін атап өтті.

– Реттеу қажеттілігі жолдардағы мопедтердің көбеюімен байланысты. Бүгінгі таңда мопедтер көліктің ең қолжетімді түрлерінің бірі болып отыр. Алайда оның санының артуы мопедтердің қатысуымен болатын апаттардың да қатарын көбейтіп отыр. Тек 2023 жылы 750 дерек тіркелсе, бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда төрт есе көп, – деді депутат.

Алғашқы оқылымында-ақ қабылданған заң мопед айдаушыларға ұнамасы анық. Жолда, тротуарда қалай болса солай, құдды бір әкесі салып берген жолда жүргендей еркінсіп кеткен мопед жүргізушілері бұдан былай көлік құралдарының жүргізушілеріне теңестірілмек, яғни жауапкершіліктері артады.

Атап айтсақ, қозғалтқыш көлемі елу текше сантиметрден кем мопедтер мемлекеттік тіркеуге алынады, мопед жүргізушіне қойылатын талаптар белгіленеді, жергілікті атқарушы органдарға электр самокаттарды пайдалану тәртібін айқындау бойынша құзырет берілмек, жол қауіпсіздігін цифрландыру бойынша нормалар ұсынылмақ.

Сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің аясында рұқсат етілген жылдамдықты әлдеқайда асырып жүретін адамдардың жауапкершілігі күшейтіледі, мопед жүргізушісін механикалық көлік құралдары жүргізушісімен теңестіреді.

Қысқасы, жүргізуші куәлігінсіз-ақ мотоциклдің «жабағысын» тақымдаған жүгермектер енді «көшенің королі» бола алмайды. Бұрынғыдай қызылға өтіп, жылдамдық арттырып, қос жолақты да кессе басымен жауап беріп, жазасын алады. Мына заң күшіне енсе солай болуы тиіс.

Күн ұясына кіре сала еліміздің үлкен қалаларында шибөріше топтасып, түн тыныштығын бұзған мопедтер расында қоғамға қауіп туғыза бастаған еді.

Осы тақырып төңірегінде қосымша баяндама жасап, өзге де өзекті мәселелерді жіпке тізген Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Н.Сабильянов та жұрт көкейінде жүрген жайттарға назар аударды.

– Бүгінгі таңда мопедтер тіркеуден өтпейді, мемлекеттік нөмір берілмейді, сақтандырылмайды, жол қозғалысы ережелерін бұзады, олардың меншігін анықтау қиынға түседі, – дейді Н.Сабильянов.

Қалай болған күнде де, мопед «шабандоздарының» шаңын қағып, тәртіп орнатамыз деп жүргенде олардың жаппай көбеюіне жағдай жасап бермесек болғаны.

Аталған заңдар арқылы мопедтен өзге де мәселелер реттелмек. Мәселен жылдамдықты асырғандарға салынатын айыппұлдың көлемін тағы көбейту көзделіп отыр. Яғни рұқсат етілген жылдамдықты асыратын адамдар үшін әкімшілік жауаптылықты белгіленіп, рұқсат етілген жылдамдықтан 60 және одан жоғары км/сағ шамасына асырғаны үшін 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейтін неғұрлым қатаң жауаптылықты енгізілмек. Сондай-ақ қайталамақұқық бұзушылықтар үшін қосымша жауапты лықшаралары енгізіледі. Мопед жүргізушілерінің жауапкершілігі механикалық көлік құралдарының жүргізушілерінікімен теңестіріледі.

Ал жолдарды және жол құрылысжайларын күтіп-ұстауға байланысты құқық бұзушылықтарды қайталап жасағаны үшін лауазымды тұлғалар да жазасыз қалмайды, өзгерістер олардың да жауапкершілігін енгізуге бағытталып отыр.

Сондай-ақ жүргізуші куәлігі жоқ жол ережесін бұзушылар 7 жылға дейін құжат ала амайды.

Еліміздің автожолдарында орташа және максималды жылдамдық енгізіледі.

                       Сағадат БАҚЫТБЕК, Астана.