«Көш жүре түзеледі». Аудан әкімдері сайлауы қалай өтті?
Бұл еліміздегі демократияға басталған қадам ретінде стратегиялық маңызы айрықша іс-шараға айналды. Бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан өзгерек екені айқын. Ол туралы халық қалалулылары да өз сөздерінде айтып жүр.
«Біз қол жеткізген нәрсемен шектеле алмаймыз. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау, бюллетеньдердегі «бәріне қарсы» бағанасымен тоқтап қалмауымыз керек. Саяси реформаларды жалғастыруымыз қажет», – деп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау еліміздің ертеңі мен ұрпағымыздың келешегін айқындайтын іс-шара.
Қазақстанның 17 облысында аудан әкімдерінің сайлауы өтіп, 42 қала, 3 шағын аудан әкімдерін сайладық. Сайлауға 1553 сайлау комиссиясы жұмыс істеп, 3 қала мен 42 ауданда 1491 учаскелік сайлау комиссиялары жұмылдырылған болатын. Ал балама негізде өткен сайлау бюллетеньдеріне 125 кандидат енгізіліп, сайлауға қатысу көрсеткіші 62,79 пайызды құрады. Әкімдердің ішінде 29-ы қайта сайланды. Сайлау жүйесі арқылы аудан мен қала әкімі лауазымына келген азаматтардың ішінде бұрынғы әкім орынбасарлары да кездеседі. Әкімдердің орташа жасы – 46,7 жасты құрап отыр.
«Ауыл әкімдері күн сайын тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешеді. Сондықтан олар елімізде айрықша рөл атқарады. Ауыл әкімдерінің 64 пайызы жергілікті жұрттың тікелей сайлауымен қызметке келді. Мұны шын мәнінде, зор жетістік деуге болады.
Тұрғындардың мәселесін жедел әрі тиімді шешу үшін оларға көбірек мүмкіндік беріліп жатыр. Бұл жұмыс та жалғасын табады. Әрбір аймақтың өз ерекшелігі және «әлсіз тұстары» бар. Өкінішке қарай, әкімдер соны біле тұра, алдағы қиындықтарды уақытылы бағамдай алмайды. Жауапкершілікті өзіне алып, дер кезінде шешім қабылдаудан қашады. Жаңа жылдан бері Президент Әкімшілігінің қоғамдық қабылдауында 811 адам болды.
Соның 730-ын кестеден тыс, яғни табан астында жедел түрде қабылдауға тура келді. Олардың арасында барлық аймақтың тұрғындары бар. Президенттің атына жазылған арыз-шағымдардың саны үш жылда 2 есе өсті», – деп мемлекет басшысы былтыр өз сөзінде айтқандай, жергілікті аймақтардың әрқайсының басшыларын сайлау елдің демократиялық негізін қалап, әділетті қоғам талаптарын мүлтіксіз атқаруға оң ықпал етеді.
Әкімдерді сайлау – бұл әкімнің ғана емес, халықтың да жауапкершілігін арттыратын, өңір мәселелеріне бей-жай қарамай, елді өркендетуге бір кісідей белсенділікпен жұмылу үшін өте қажетті іс-шара.
Президент «Әрбір аймақтың өз ерекшелігі және «әлсіз тұстары» бар екенін айтқаны туралы атап өткеніміздей, әр өңір өз ауылдасын әкім ретінде сайлап алса, ол өз аймағының қал-ахуалын жақсы білетін, ауылдастарына жаны ашитын әкім болары сөзсіз.
Әлгінде айтып өткеніміздей, әкім болып сайланған азаматтардың көбі қырық жас шамасындағы адамдар. Олар қазіргі уақытта елдің ең белсенді мүшелері. Егер жаңа әкім өз жауапкершілігін сезінбей, халық алдындағы міндеттерін дұрыс атқармай, салғарттық танытатын болса, ел-жұрт оны лауазымынан айыруға құқылы.
Осы ретте NEGE тілшісі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарынан биылғы сайлау науқаны туралы пікірлерін сұрап, білген еді.
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы-фракциясы атынан сайланған Азат Перуашев осындай сайлау жүйесі пилоттық режимде өткендіктен біршама олқылықтардың болғанын да айтып өтті:
«Бұл дұрыс бастама және оң бағыт. Облыстық маңызы бар қалалар мен аудан әкімдерін сайлау жүйесі бізге жаңалық болып еніп отыр. Себебі, өздеріңіз білесіздер, алғаш рет өткізіліп отыр.
Жаңалық болғаннан кейін де шығар біраз кемшіліктер де табылып жатыр. Біздің партиямыз бұл олқылықтар жөнінде пікірлер мен ескертулерді Орталық сайлау комиссиясы мен тіпті, кейбір жерлерінде Прокуратураға жіберген болатынбыз. Бірақ өкінішке қарай, ашығын айту керек, ешбіріміздің хатымыз дұрыс шешім таппаған
. Бірақ тағы да айтқым келеді «Көш жүре түзеледі» демекші, уақыт өте келе барлығы қалпына келеді деп ойлаймын. Негезі әкімдерді сайлау сияқты жаңа саяси жүйені енгізу сынды бастамалар болған кезде түрлі кемшіліктер бола береді, бірақ оларды реттеп, жөндеуге тырысамыз деп ойлаймын», – дейді Азат Перуашев.
Осы ретте біз депутаттан «Ақ жол» партиясы қандай кемшіліктер байқады?» деп сұраған едік. Азат Перуашев өз жауабында: «Кей бір сайлау учаскелеріне адам өте аз келген екен, бірақ сайлау бюллетендерін санаған кезде көп болып шықты», – деп осындай заң бұзушылықты мысалға келтірді. Сондай-ақ, Азат Перуашев халықтың сайлауға белсенділігін төмен деп бағалайды екен.
«Ел сайлауға белсенді қатыспайды. Олардың сайлауға бару көрсеткіші өте төмен. Оның бірінші себебі, іштегі сенімсіздік шығар. Бұл біздің соңғы 32 жыл ішінде жинаған сенімсіздігіміздің нәтижесі.
Халық өз дауысы мемлекет басындағыларға естіле ме, жоқ па, күмәнданады. Бұл сенімсіздікті алып тастау үшін сайлауларымызды өте ашық, шынайы, таза жүргізуіміз керек.
Сонда ғана халықтың сенімі де өсе береді және оның артында мемлекетке де көзқарасы өзгере береді», – деп сөзін түйіндеді мәжілісмен Азат Перуашев.
Ал Парламент Мәжілісіне «Аmanat» партиясы-фракциясы атынан сайланған депутат Ерлан Саиров:
«Қазақстан пермонентті сайлау процесіне еніп жатқаны көпшілікке мәлім. Жақында аудан және ауыл әкімдерінің сайлауы болды, оған дейін Мәслихат пен Мәжіліс депутаттарының сайлауы өтті, енді ары қарай жалғасын таба береді. Бұл сайлаулар халықтың саяси мәдениетін өсіруі керек деп есептеймін.
Әрине, барлығы бірден түзеліп кетпейді. Бірақ, біздің халқымыз осы өздерінің әкімдерін сайлаудың жаңа бір мәдениетін қалыптастырып жатыр. Мұны еліміздегі демократияның нақты көрінісі десек болады. Менің ойымша, халқымыз саяси тұрғыдан белсенді. Осы аудан әкімдерін сайлауына белсенділік өте жоғары болды деп ойлаймын.
Өйткені жергілікті жердің әлеуметтік жағдайы әкімнің жұмысына байланысты екенін халық біледі. Кейбір әкімдер популист болып кетуі мүмкін, жұмысын дұрыс атқармауы да ықтимал. Бірақ халық біртіндеп, уақыт өте келе өзіне қажетті әкімді сайлап алады», – деді Ерлан Саиров.