26 Мамыр 15:45
...

Қош келдің, бюджеттік кризис! Үкімет бюджет дефициті алдында НЕГЕ дәрменсіз күйге түсті?

Фото:

«Nur Otan» партиясы мен Асқар Маминнің кабинеті болашақта Қазақстанға үлкен проблемалар алып келуі мүмкін. Сайлау алдында уәдені үйіп-төккен билік партиясы енді оны орындау үшін Ұлттық қордан 850 миллиард теңге алады. Үкімет «Президент тапсырмасын орындаймын» деп бюджет шығысын 15,3 триллион теңгеге көтеріп отыр.

Осы шешімдердің нәтижесінде бюджет дефициті ішкі жалпы өнімнің 3,5 пайызына жетті. «Бұл өте көп», – дейді Nege.kz тілшісімен тілдескен экономист Айдархан Құсайынов.

«3,5% дефицит біз үшін өте көп. Бұл жерде бір ескеретін жайт, Үкіметтің орта мерзімді жоспарларының орындалмауында. Үкімет жоспарын қайта-қайта өзгерте береді. Бұл – өте қауіпті сигнал»

Nege.kz Үкіметтің бюджет дефицитіне қатысты соңғы 5 жылда берген уәделерін сараптап көрді. 2018 жылы сол кездегі Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «2018 жылы бюджет дефицитін ішкі жалпы өнімге шаққанда 1,1%, ал 2020 жылы 1%-ға түсіреміз» деп есеп берген болатын.

Нәтижесінде 2020 жылы дефицит 3 пайызға, ал биыл 3,5 пайызға бірден көтеріліп кетті. Үкімет жоспарларына да, бюджетке де қайта-қайта өзгерістер енгізе береді. Ешкім ештеңеге жауап бермейтін, ешкім жазаға тартылмайтын болғандықтан, министрлер кабинетінде мемлекетке жаны ашитын адам қалмаған сияқты.

Сенатта осыған қатысты түсініктеме берген бірінші вице-премьер Әлихан Смайылов мұндай қадамға «Nur Otan» партиясының сайлауалды уәделерін орындау үшін барып отырғандарын жасырмай айтқан болатын.

«Орта мерзімді перспективада Ұлттық қордан алынатын трансферттер қазіргі 4,5 триллион теңгеден 2025 жылы 2,4 триллион теңгеге дейін қысқаратын болады. Демек екі есе азаяды»

Соңғы бес жылда Үкімет осындай уәделерді аямай беруге төселіп алғанын байқаймыз. Бірақ бұл мәлімдемелердің орындалып жатқанын ешкім қадағаламайды.

«Жалпы, бюджет үшін 3,5% тапшылықты кризис деп қарастыруға болады», – дейді бізге жағдайды түсіндірген «Ұлағат Консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов.

Оның айтуынша, 2007 жылы бізде азық-түлікке жұмсалатын шығындар табыстың 36 пайызы болса, 2013 жылы – 43%, 2020 жылы – 54 пайызға бір-ақ көтерілген. Бұл – Сахараның оңтүстігіндегі елдердің деңгейі.

«Халық тек тамақ пен киім үшін жұмыс істей бастады. Елдегі инвестициялық климаттың жағдайын ескере отырып, сыртқы не отандық жеке сектордан инвестиция күтуге болмайды. Сондықтан экономикалық өсуді ынталандыру үшін мемлекеттік шығыстарды көбейту қисынды. Алайда, біздің мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектордың сапасын ескерсек, ол шығындардың тиімділігіне қатысты сұрақтар туындайды»

Марат Қайырленов жоспарда Үкіметтің мұнай бағасының базасын төмен ұстап отырғанына назар аударады. «Мұнай бағасына келетін болсақ, бұл жеткілікті деңгейде, тіпті оны 10% -ға көтеруге болар еді деп ойлаймын. Бірақ біздің Үкімет оны ылғи төмен жоспарлайды. Бұл бір жағынан олардың өздерінің жұмыста аса қиналмауы үшін, екінші жаңынан тәуекелдерді басқаруға мүмкіндік алуы үшін істелінеді».

Жақында Президент қол қойған заңға сәйкес үш жылдық бюджеттің ақырғы параметрлері нақтыланды. Бюджеттің кірісі 12,6 триллион теңге, ал шығыны 15,3 триллион теңге болады.

Арадағы бюджет дефициті 2,7 триллион теңгенің жыртығын немен жамаймыз?. Ол қарыз тағы Ұлттық қор қаржысымен жабылады.

Тегтер: