27 Қаңтар 08:37

Үкімет сөйлейді, Президент тыңдайды. Биыл мемлекет басшысынан НЕГЕ құрылымдық реформа күтпейміз?

Фото:

Үкіметтің кеңейтілген отырысында былтырғы жыл қортындыланды. Сарапшылар «осы жолы президент түбегейлі реформалар туралы тапсырма береді» деп күткен еді. Бірақ олай болмады. Неге?

Алдымен көптен бері айтылып жүрген құлдырау деңгейі анықталды. 2020 жылы басталған әлемдегі коронакризис инфляцияны 7,5 процентке асырып, халықтың нақты табысы құлады. Енді 2021 жылдың екінші жартысынан бастап экономика қалпына келіп, 3,7-4% өсім көрсетеді деп күтілуде.

«Бұл – біздің экономикамыз үшін қолжетімді сандар. Бірақ біз өз мүмкіндігімізді қолдана алмай жүргенімізді түсінуіміз керек», – дейді Nege.kz шолушысына жағдайды түсіндірген «TikMill» халықаралық брокерлік тобының сарапшысы Арман Бейсембаев.

«Біздің экономикамыз әлдеқайда жоғары қарқынмен өсе алады. Экономиканың өз қуатын байқата алмауы – еш нәрсенің өзгермеуінен, президент шешімдерінің жоққа шығарылып, реформаларға саботаж жасалуынан болып отыр».

«Бағдарламаны әзіреп, қаражатты бөлу жағынан дағдарысқа қарсы шаралар жақсы жемісін берді деп айтуға болады. Қазақстан 10 миллиард доллардан астам қаржы бөлді. Ол ішкі жалпы өнімнің 6 пайызына шамалас. Бұл экономикалық қолдау көлемі бойынша Жапонияның деңгейіне жетіп отыр», – дейді GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халық.

«Бөлінген ақша қаншалықты игерілді? Керек азаматтардың қолына жетті ме? Осы жағынан алғанда көп проблемалар болды. Шағын және орта бизнеске бөлінген бір триллион теңге әлі игеріліп біткен жоқ. Бөлінген ақша «Бизнестің жол картасы» сынды бағдарламалардың шегінде ғана, солардың шарты бойынша жүреді. Оларға бүкіл бизнес қатыса алмайды. Бәріне ортақ емес».

Мақсат Халықтың айтуынша, оның бір себебі – ақша-несие саясатындағы болып отырған олқылықтар. Базалық ставка әлі де жоғары. Ставканы 9 пайыздан түсіре алмадық. Өйткені инфляция деңгейі жоғары.

Дағдарысқа қарсы Ұлттық қор бар, бюджет бар, барлық жерден жиып алып жұмсалған 12,5 триллион теңгенің жартысы шетелге кетіп қалған. Демек, жарты ақшаға шетелдің тауарын сатып алғанбыз. Бұл сауда балансына қатты тиді. Оны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де мойындады.

«2020 жылдың 9 айында реттелетін тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың жалпы көлемі 12,5 трлн теңге болды. Біздің экономика осы соманың жартысына жуығын жоғалтты. Шамамен 6,5 трлн теңге немесе 52% жергілікті тауарлар мен қызметтерге бағытталды», – деген болатын Мемлекет басшысы өз сөзінде.

«Импортты триллиондаған бюджеттік қаражатпен субсидиялауға құқығымыз жоқ. Сондықтан бюджет әкімшілері осыған жеке жауап беретін болады».

Ал Мақсат Халықтың айтуынша, екінші деңгейлі банктер жеңілдетілген несиелеу жобаларының операторы болып жұмыс істегенде 2019 жылдың қортындысы бойынша шағын және орта бизнеске кредит беру көлемі 17%-ға түсіп кеткен. Оның негізгі себебі, базалық ставканың жоғары болуын пайдаланған банктер мемлекеттің ақшасын кәсіпкерлерге бермей, РЕПО операциялары, банкаралық құнды қағаздарды сату-сатып алу арқылы табыс тауып отыра берген. «Егер базалық ставканы түсіріп тастасақ, онда ол қаржы бизнеске келер еді», – дейді Мақсат Халық.

Қазіргі жағдай Үкіметтің «экономика онсыз да өседі ғой, реформаның не қажеті бар» деген сыңайын танытады. Ең қызығы, Президент те, оның жанында бұрқыратып жұмыс істеп, жаңа идеялар, бағдарламалар әзірлеуі тиіс Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі де әзірге үнсіз отыр. Экономикалар жөніндегі Жоғарғы кеңес ешқандай реформаны талқылап та жатқан жоқ.

Фото: akorda.kz

«Қазіргі экономиканың өсуіне оның құрылымдық жақсаруы мен сапалы өзгерістер арқылы емес, мүмкін болған нәрсенің бәрін бюджеттен қаржыландыру арқылы қол жеткізіп отырмыз. Жаңа бордюрларды жылына екі рет ауыстыру, асфальтты қайта-қайта төсеу сияқты жұмыстар экономикамыздың негізгі қозғаушы күшіне айналды. Бар білгеніміз шикізат экспортынан түсетін ақшаны жұмсау ғана», – деп жалғастырады Арман Бейсембаев.

Оның сөзінше, отандық өндіріс жоқ болғандықтан, экономика импорт есебінен өмір сүреді. Сала ретінде секторлар мен кластерлер жоқ, ал қолданыстағы өндіріс импорттық жабдықтарға негізделген.

«Жұмыссыздық, тапшылық, дүкендегі бос сөрелер мен жаппай тәртіпсіздік болмауы үшін ғана біз импортқа арқа сүйеп отырмыз».

Импортқа деген тәуелділіктен құтқаратын ғажайып күш – «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы болуы тиіс еді. Бір парадокс, осы бағдарлама аясында екі жыл ішінде 2 723 жобаға 710 миллиард теңге беру мақұлданса да, импорттың үлесі көбеймесе азаймаған.

Тіпті, «Қарапайым заттар экономикасын» жүзеге асыру үшін импортты құрал-жабдықтар мен материалдарға мұқтаж болып отырған жағдайымыз бар. 

Тегтер: