Қазақстанда жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы тоқтатылды
Қазақстанда Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге асырылып келген жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы күшін жойды. Тиісті өзгерістер 27 наурыздағы бұйрықпен енгізілді.
Алматы, NEGE. Бағдарлама аясында пайдаланылған тұрғын үй қоры енді жергілікті атқарушы органдардың қарауына беріліп, қайта бөлінетін болады.
Қолданыстағы жалға алушылар үшін келісімшарт талаптары сақталады. Яғни, мерзімі аяқталып жатқан азаматтар келісімшартқа сәйкес әрекет етеді, ал мерзімі кейінірек бітетіндер белгіленген уақытқа дейін тұра алады.
Аталған бағдарлама жас мамандарды қолдауға бағытталып, пәтерлер айына 5 мыңнан 15 мың теңгеге дейін жалға берілді. Бастапқыда жалдау мерзімі 5 жыл болса, 2023 жылы 3 жылға қысқартылған. Бұл тұрғын үйлерді кейін сатып алу мүмкіндігі қарастырылмаған. Жалпы алғанда, бағдарлама 10 мыңнан астам адамды қамтыған.
Бағдарлама тоқтатылғанымен, мемлекет тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін жаңа тетіктер ұсынып отыр. Атап айтқанда, «Отбасы банкі» арқылы 17 өңірде жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар іске асуда. Қазіргі таңда 12 мыңға жуық адам баспаналы болса, олардың ішінде 1600 адам – бағдарлама қатысушылары.
Сонымен қатар «Отау», «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» бағдарламалары қолжетімді. Өтінімдердің 62 пайызы 35 жасқа дейінгі азаматтардан түскен. Кеңес алу үшін азаматтар жергілікті әкімдіктерге немесе «Отбасы банкіне» жүгіне алады.