15 Желтоқсан 15:53
...

Конституция туралы білетініміз аз ба, көп пе?

Фото:

Еліміздің Конституциясы – мемлекетіміздегі басты құжаттардың бірі және негізгі заңнамалық бағыт-бағдары. Біздің ана тілімізде Конституцияны «Ата заң» деп атайды.

Ата заңымыз ең алғаш егемендік алғаннан кейін, 1995 жылы 30 тамызда қабылданған, ал 5 қыркүйекте күшіне енген болатын. Конституцияны халқымыз бүкілхалықтық референдум арқылы қабылдаған. Оған Қазақстан жұртшылығының 3 миллионнан аса тұрғыны қатысты.

Референдум деген – мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу. Референдум тәсілі арқылы қандай да бір маңызды мемлекеттік шешім қабылдау алғаш рет Швейцарияда жүзеге асқан. Референдумды көптеген әлемнің елдері халық таңдауы мен құқығын сақтау ретінде, яғни демократиялық институт ретінде қабылдап, белсенді қолданысқа енгізген. Дегенмен де, қандай да бір дереу шешілетін мәселе болса, немесе кешенді дайындықты талап ететін мәселелер, әрине құпиялылық сақтауы тиіс мемлекеттік маңызы бар мәскелелер референдумға салынбайды.

Еске сала кетейік, Конституциямыздың бірінші бабы, екінші тармағында: «Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу» деп жазылған.

Елдегі маңызды да қажетті шешімдерді референдум әдісі арқылы өткізу елімізде соңғы жылдары қайта еніп, жандана бастады. Ол туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөзінде жиі айтады. Естеріңізде болса, былтыр ғана, яғни 2022 жылы еліміздің Конституциясына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар осы бүкілхалықтық референдум арқылы енгізілген болатын. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына жасаған үндеуінде:

 «Референдум еліміздің тарихындағы маңызды белес болды. Ұлтымыздың шынайы өзгерістерге деген дайындығы мен ұйымшылдығын көрсетті. Дауыс беруге азаматтарымыздың белсенді қатысуы қоғамымыздың кемелдігі мен жауапкершілігін білдіреді. Сайлау учаскесіне келіп, елімізді жаңғырту бастамасын қолдағандардың бәріне алғыс айтамын.

Сіздер нағыз патриотизмнің үлгісін көрсетіп, Қазақстанның дәйекті дамуына зор үлес қостыңыздар. Еліміз үшін осы бетбұрысты сәтте заңды құқықтарын пайдаланып,  өздерінің ұстанымдарын айтқан бүкіл азаматқа ризашылығымды білдіремін.  

Ата заңға өзгерістер енгізу реформаларымыздың соңғы сатысын емес, енді басталғанын білдіреді. Біз елімізді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырамыз. Олардың арасындағы үйлесім мен тепе-теңдік механизмін нығайтамыз. Дәйекті саяси жаңғыру ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал етеді», – деді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, естеріңізде болса, ондаған жылдар бойы қызу талқыланып, кей кездегі даудың негізгі тақырыбына айналып жатқан атом электр станциясын салу мәселесін де де осы референдум арқылы шешкен жөн екенін Қазақстан халқына жолдаған жолдауында еліміздің көшбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын.

Сарапшылардың көбі мұны дұрыс шешім және халықтың таңдауын ескеру мен демократиялық әдіске жүгіну деп бағалады. Себебі атом электр станциясын салу – ол маңызды қадам. Ондаған жылдарды ескеретін, ұрпағымыздың болашағына қаланатын кірпіш және қалаберді жер шарына аса маңызды құрылыс болып табылдады. Сондықтан президентіміз АЭС салуда асықпауды, және бұл референдум арқылы қабылдануы тиіс шешім екенін айтты. Сондай-ақ, АЭС қашан салынатынын алдағы ауқытта шешеміз дегенді айтқан болатын.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Ата заңы кіріспеден және 10 бөлім мен 99 баптан тұрады.

Конституциямыздың бірінші бабы, бірінші тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылғанының өзі еліміздің бағыт-бағдарынан хабар беріп тұр. Яғни біз демократиялық құндылықтарды алға тартып өмір сүретін, адам құқықтары мен бостандықтары мемлекетіміздің негізі болып қаланған елде тұрамыз. Сондықтан Қазақстанның әр бір азаматы өзін зайырлы, еркін, әрі азат азамат ретінде сезінуіне толық негіз бар. Адам – біздің елдің басты құндылығы. Біз осы құндылықтарды негізге ала отырып, мемлекет құрдық. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы құқықтық және әлеуметтік мемлекет екенін ескеру керек. Сондықтан да біздің елімізде заң негізгі әділеттілік кепілі болуы тиіс.

Сонымен бірге Конституциямызда Қазақстанның біртұтастығы айқын көрсетілген және оған қол сұғуға жол берілмейтіні айдан анық жазылған. Аталарымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған азат та бейбіт елімізді негізгі құжаттарымыздың бірі Ата заңымызда нақтылап көрсетіп, қорғап, сақтайтынымыз айқын жазылған.

Ата заңның «Парламент» бөлімінің 61-бабы көлемі жағынан ең үлкені болып табылуы еліміз парламентке қаншалықты назар салатынын айшықтап, көрсетіп тұрса керек. Айта кетейік, Конституцияның Парламент туралы бабы бақандай 515 сөзден тұрады. Себебі заң шығарушы органдар сенат пен мәжіліс біздің елде демократияның көріністерінің бір бейнесіне айналуда. Ол туралы еліміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында өткен Қазақстан халқына Жолдауында Парламенттің ролі туралы былай деп айтқан болатын:

 «Өздеріңізге мәлім, былтырдан бері елімізде ауқымды саяси жаңғыру жұмыстары жүргізілді. Небәрі бір жарым жылдың ішінде көптеген өзгеріс жасалды. Оған баршаңыз куә болдыңыздар, реформаны жүзеге асыру үшін белсенді түрде жұмыс істедіңіздер.

Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті. Елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орнықты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асыруымыз қажет. Бұл жерде Парламенттің ролі ерекше.

Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа сипатқа ие болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Конституцияның ең соңғы бабы бізде судьялар туралы екенін де айта кетейік. Зайырлы, құқықтық мемлекет болғандықтан, сондай-ақ демократиялық, адам құқықтарын басты назарға алатын заңға сүйенген ел болғандықтан біздің елде сот жүйесі және судьялардың рөліне баса назар аударылған. Былтыр референдум арқылы өзгеріс енген Конституциямызда Конституциялық Соттың құрылуы негізгі жаңашылдықтардың бірі болды десек болады.

Сондықтан мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы соттарының төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы» Жарлыққа қол қойып, бірталай судьяны биыл қызметінен босатты. Сөйтіп, 20 судья отставкаға кетті. Мемлекет басшысы сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңесінде:

– «Жоғарғы сот төрағасы судьялардың біркелкі жағдайда әртүрлі шешімдер қабылдайтыны жөнінде маған бірнеше рет баяндаған. Мұндай келеңсіздіктерге жол беруге болмайды. Соның салдарынан қоғамда наразылық туындап, соттардың бәрі жемқор деген жағымсыз ақпарат тарайды. Осы орайда Жоғарғы соттың нормативтік қаулылары мен сот тәжірибесіне жасалған шолуларды басшылыққа алу қажет. Сондай-ақ, ІТ қызметтерінің талдау жасау мүмкіндігін пайдаланған жөн. Соттар қылмыстық процесті жүргізу барысында тергеу органдарына жалтақтамауы керек. Егер сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдей алмаса, айыптау үкімін шығаруға болмайды. Судьялар табандылық танытса, тергеу амалдары сапалы жүргізілетіні анық. Қылмыстық қудалауға түскен азаматтардың құқықтары да лайықты қорғалары сөзсіз», – деді Қазақстан Республикасы президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Қазақстан Республикасының Конституциясы ең алғаш 1995 жылы қабылданғанын айтқан болатынбыз. Ал оған өзгерістер 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және былтыр, 2022 жылдары алты рет өзгеріс енгізілген. 

Енді Ата заңға енгізілген соңғы өзгерістерге келетін босақ, былтыр бүкілхалықтық референдум 5 маусымда өткізіліп, Конституцияға біршама өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Атап айтқанда: Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті; Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі; Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ;  Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады; Өлім жазасына тыйым салынады. Ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ;  Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады; Сенаттағы президенттік квота қысқарады, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылды; Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді; Тұңғыш президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алып тасталды.

Тегтер: