21 Мамыр 10:27
...

Қобыланды БОЛАТ: «1286» трилогиясы «5:32» сериалынан асып түседі

Фото:
Қазақ театры мен кино өнеріне соны буын келіп жатыр десек, соның бірі – Қобыланды Болат.

Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері  көрерменге «5:32» сериалындағы тергеуші Думанның образы арқылы таныс.

Ән сахнасында да қолтаңбасы қалыптасқан әртіс NEGE тілшісіне сұхбат беріп, өнерге қатысты ойларымен бөлісті.

– Қобыланды, сіздің мектеп ашып жатқаныңызды естіп едік...

– Иә, білгенімізді жас буынға үйретсек деген ниет бар. Астана қаласынан актерлік шеберлік пен шешендік өнерге баулитын орталық ашуды жөн көрдім. Мектепте кәсіби мамандар сабақ береді, әр екі-үш апта сайын білген-түйгендерін бағамдау мақсатында шәкірттерімнен тікелей өзім сынақ алып отырамын.

– Бағасы қолжетімді ме?

– Әрине, бүгінгі нарықтағы шығармашылық мектептерге қарағанда біздің ақымыз арзандау түседі.  Сондықтан қолжетімді деп айтуға толық негіз бар.

– Кинода басты рөл актердің беделіне қарай беріліп жатады ғой, ал театрда қалай?

– Театрда ондай әңгіме жоқ. Режиссер рөлдерді әр актердің талғамы мен қабілет-қарымына, мүмкіндігіне қарай үлестіреді.

– Театр сахнасында тау тұлғалардан Абай мен Шәмшіні де кейіптедіңіз. Қайсысының образын қалыптастыру қиынға түсті?

– Шәмшінің образын ашу қиынырақ болды. Себебі ол моноспектакльге жақын  болғандықтан,  көрермен алдында кейіпкердің табиғатын ашу тек өзіме жүктелді. Бұл тәжірибелі актердің ғана қолынан келетіні белгілі. Дегенмен тәжірибем толысқан деп өзіме көп ала алмаймын. Бар болғаны бұл өзіме сынақ үшін берілген образ деп қабылдап, сол жолда барымды салдым. Әлі де әр сахналаған сайын шыңдала түсудемін. Сондықтан өзімді қамшылаудан шаршамаймын.

– Қазіргі қазақ театрларында серпіліс бар ма, әлде бұрынғылар салып кеткен сүрлеумен келе жатыр ма?

– «Өткенсіз – бүгін, бүгінсіз келешек жоқ» дейді білетіндер. Егер бұрынғылар сүрлеу салып бермегенде, біз кімге еліктеп, кімге қарап бой түзеген болар едік? Ал сол жолға жаңа дем беріп жатқан бүгінгі жас режиссер мен актерлердің де еңбегін жоққа шығармағанымыз жөн болар. Барлығы қалыпты түрде заман ағымынан қалыс қалмай келе жатыр. Сондықтан серпіліс бар деп айта аламын.

– Әлемдік актерлермен бір  туындыда төбе көрсетуді қалайтыныңызды айттыңыз. Қадам жасап жатырсыз ба?

– Әрине, батыстың мектебінен өткім келеді. Қазір тіл үйреніп жатырмын. Негізі маған қолбайлау болып тұрған осы тіл жағы, әйтпесе жүзі таңсықтан тосылатын адам емеспін.

– Өтімі мен түсімін ойлайтын болғандықтан бүгінгі өнерді қып-қызыл саудаға теңемеске лаж жоқ. Бұл рухани сапаға қалай әсер етіп жатыр?

– Мойындауымыз керек, мысалы бүгінгі нарықтың талабына сай қазіргі қазақ кино өнерінде екі бағытта жұмыс істейтін киногерлер қалыптасты.

Олардың бірі – өнердің сойылын соқса, бірі – кассалық түсімді көздейтіндер. Ал өз басым ешқайсының ығында кетпеу мақсатында ұсыныс түскен бойда алдымен сүзгіден өткізіп аламын.  

Дегемен, жұрттың бәріне бірдей топырақ шашуға болмас, себебі тұщымды жұмыс жасап жүрген азаматтар да бар. Солардың бірі ретінде өзім туындысына түскен Әлішер Өтевтің жұмыстарын айтар едім. Жуырда Әлішердің «1286» атты авторлық трилогиясы жарық көрмек. Алдыңғы таспалаған «5:32» фильмінен асып түспесе, кем түспейді деген үмітіміз бар. Оны енді уақыт көрсетеді.

– Айтпақшы, Әбілмансұр Серіков екеуіңізді тағы бір кинодан бірге көруіміз мүмкін бе?

– Ол алдағы күннің еншісінде. Бірақ көрермен алдында тағы бірге шықсақ деген ниет бар. Сондықтан режиссерлерден көңілге қонымды сценарий күтеміз.

Ән сахнасы, театр, кино, дубляж – осының қайсысына басымдылық беруге тырысасыз?

– Дәл қазіргі уақытта тәжірибе көп алмасатынына басымдылық беремін. Осы орайда әндер жазып, жеке альбом шығаруға даярлық жасап жүрмін. Сонымен қатар дубляжды да қалыс қалдырмауға тырысамын.

– Дубляж демекші, сіздің «Аватардың» соңғы шығарылымын дыбыстағаныңызды білеміз. Әлемдік туындының қазақша сөйлегеніне қуанғанымызбен, аудармасына сын айтқандар аз болмады. Осы ретте қазақ дубляжы қандай деңгейде деген сұрақ туындап отырғаны...

– Біраз танымал анимациялық туындыларды дыбыстадым. Ал «Аватар: Су жолы» – солардың ішіндегі ең ауыз толтырып айтатыны.

«Біткен іске сыншы көп» дейді ғой. Сондықтан әр нәрсеге сыни көзбен қарай берсек өсіп-өнбесіміз анық. «Аватарды» қазақ тілінде сөйлеткен дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев аталған туындының айналасында аз тер төкпеді.

Мен де сол кезде «Няня» сериалына түсіп жатқандықтан, екі арада шапқылап жүруіме тура келді. Қолымыздан келгенше бар еңбегімізді, өнерімізді салдық. Оның үстіне бұған дейін әлемдік туындыларды тек орыс тілінде тамашалап келгендіктен, көрерменге таңсық көрінген де болар. Негізі айтарым, қалай болған күнде  қазақ дубляжына жарнама керек. Бұл қазақы аудиторияны арттыруға септігін тигізеді деп сенемін. Менің ойымша деңгейді осылай ғана көтере аламыз.

– Тоқал тақырыбы талқыланбайтын отбасы жоқ шығар. Сіздің жұбайыңыз бұған қалай қарайды?

Тоқал туралы ойлайтын уақытым жоқ, әуелі өзімнің заңды келіншегімді қарық қылып алсам да жетер.

– Жарыңыздың сахналас сұлулардан қызғанатын кезі бола ма?

Жоқ, ол мені көңіл көтеруге емес, көрерменді қуантуға бара жатыр деп есептейді. Әлбетте, солай. Себебі, ол менің жұмысым.

Күнделікті қым-қуыт тіршіліктен шаршаған күндердің есесін қалай қайтарасыз?

Мен қызым мен ұлымды ертіп, Баянауылға барғанды жақсы көремін. Осы жолы да үйге жеткен бойда жолға шығып, отбасымды қуантып қайтсам деп отырмын.

Тегтер: