«Кластасым ҰРЛАП әкетпек болған» – ӘРТІСТЕР қыз алып қашуға қалай қарайды?
сөз болғалы әлеуметтік желідегі жұрттың пікірі екіге жарылды. Бірі «бұл оң жақта отырып қалған қыздардың мәселесін шешеді» десе, енді біреулер мұны «біреудің тағдырына балта шабу» деп бағалады.
NEGE тілшісі ел алдында жүрген өнер иелеріне хабарласып, көзқарасын сұрады.
Қобыланды БОЛАТ, актер:
Келіншегіммен 5-сыныптан бастап кездесіп жүрдім
– Мен өз келіншегіммен бесінші сынып оқып жүрген кезден бастап кездесе бастадым. Екеуіміз бір сыныпта оқыдық. Бірақ 23 жасымызда бір-ақ үйлендік. Оған дейінгі аралықта алға қойған арман-мақсатымызға ұмтылуға тырыстық.
Сондықтан өз басым қыз алып қашу мәселесіне қарасты арнайы бап енгізілсе, оны қос қолдап тұрып қолдаймын.
Мұны біреу мені салт-дәстүрге қарсы шықты деуі мүмкін. Дегенмен, біреуді күштеп қалыңдық ету қазіргі заманға сай келмейді. Ондай жанұяда түсіністік пен сүйіспеншіліктің болуы екіталай. Мұндай жолмен бас қосқан отбасылардың жүзінің бірі ғана бақытты болып кететін шығар...
Шахизада БАЙПАТШАНОВА, әнші:
Сыныптасым алып қашпақ болған
– Алып қашу арқылы тұрмысқа шығып, соңынан бағы жанбай төркініне қайтып келіп жатқан талай қызды көрдік. Оның ертең бауырындағы баласының тағдыры не болады? Оны кім ойлайды? Біреудің өмірі күл-талқан болады. Бұған әлбетте арадағы махаббаттың, саф сезімнің болмауы себеп.
Мені де кезінде ту сыртымнан торуылдап жүрен жігіт болыпты. Ал мен абырой болғанда Алматыға кетіп қалдым. Кейін әлгі сыныптасымның алып қашпақ болған ойын өз аузынан естігенде таң болғаным бар.
Бұдан өзге сыртымнан анама айтып екі үш жігіт айттырған екен. Аңқау анам баласы жақсы болған соң ба, біреуіне «жарайды» деп келісім берсе керек. Мен өз басым адал махаббатты жақтайтын адаммын. Сондықтан ешкімнің еркіне ермедім.
Есен ЕЛЕУКЕН, «Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті:
Сүйіктіме құда түсіп, жөн-жоралғысын жасап алдым
– Мал сияқты қол-аяғын матап алып қашу дегенге түбегейлі қарсымын. Тіпті, қыз жігітті қаламай тұрса да, «сүйекке таңба салма» деп тастап кететін ата-аналар бар. Оны да құптамаймын.
Мұндай жағдайда жауапкершілік алдымен жігітке жүктеледі. Бірақ қазіргі қоғамда алып қашу деген айтарлықтай проблема деп айта алмаймын. Себебі әлеуметтік желі шыққалы бәрі ашық болып кетті.
Нарқыз ТАМАБАЙ, актриса:
Егер біреу алып қашпақ болса, заңға жүгінемін
– Қыз алып қашатындарға заңды күшейтуді жақтаймын. Мұны әлі тұрмысқа шықпағандықтан, қара басымның қамын ойлап айтып отырғаным жоқ. Қыз бала деген өзінің қалауынсыз, мөшекке салып, өңгеріп алып кететін зат емес қой.
Үйге күштеп алып келген соң жігіттің апа-әжесінің жолға жатып алатыны тағы бар. Үлкеннің алдын кесе-көлденең аттап өтпе деген тәрбиені естіп өскен қыз еріксіз қалып қойып жатады. Қаншама қыз осындай жағдайдың құрбаны болып, соңынан отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшырап, бақытсыз күн кешіп жүр.
Қыздың ата-анасының ұзататын жағдайы болмағандықтан екіжақты келісім арқылы алып қашып кетіп жатса, оны құптауға болады.
Егер өзім осындай келеңсіз жайтқа тап болсам, әрине, үлкенді аттап өтпеймін. Дегенмен, мәселені құзырлы органдар арқылы шешуге тырысамын. Себебі, мен сұраусыз адам емеспін. Мені жар еткісі келген жөні түзу ер азамат әкемнің алдынан өтіп, ақ батасын алуға тырысады.
Өктем АЛТАЕВ, әнші:
Мен әйелімді алып қашқанмын
– Біздің заманда қыздың ұзату тойы деген әңгіме болмады. Сондықтан көбі болашақ жарын алып қашатын. Олардың қатарында мен де бармын. Бірақ үйге әкелген соң кешірімге арнайы кісілер жіберіп, ол жақтағы қайын жұртым той жасап, жөн-жоралғымен шаңырақ көтердік.
Жасыратыны жоқ, бұрынғы кездері алып қашу арқылы шаңырақ көтеретін. Олардың дені бүгінде үйлі-баранды болып, немере-шөбере сүйіп, жайқалған бәйтеректей жанұяға айналды.
Бірақ қазіргі заман талабы басқа. Оның үстіне оқып-тоқып, еңбек жасаған адамға биік белестерге шығуға мүмкіндік бар. Бұған сонау АҚШ-тың Ақ үйінде үлкен қызмет атқарып жүрген қазақтың қайсар қыздары дәлел. Бұрынғы кезде қыз балаға тұрмысқа шығып, өмірге ұрпақ әкеліп, отбасының басы-қасында отырудан өзге таңдау болмады. Ал қазіргі кез келген бойжеткеннің болашаққа қойған жоспары бар. Оның бәрін аяқасты етіп, алып қашып кете салу жақсы әрекет емес.
Егер жігіт қыздың оқысам-тоқысам, ата-анамның үмітін ақтасам деген арман тілегін орындау жолында қолдау білдіріп жатса, әңгіме бір басқа. Дегенмен, оның кейін берген уәдесін орындауы екіталай. Өз басым оңымен соңын танымай жатып, 17-18 жасында күйеуге шығып жатқан аруларға да қарсымын. Қазақтың қыздары керек кезде, атқа мініп, садақ атып, еріне серік те болған.
Сондықтан үміт күтіп, үкілеп өсірген қызымды танымайтын, білмейтін біреудің жетегіне жібере алмаймын.