Қыжыртпа. «Есі кеткендер» есектің сүтін ішіп жүр
Шошқа шаруашылығының шашбауын көтерген Қазақ үкіметі жылқыға қырын қарайтынын білесіз. Бірақ мұның себебіне үңіліп көрдіңіз бе? Көрмесеңіз айтайық, тәждівирус құтырғанда құтысын көтеріп, желібау іздеген сіз бен біз ғана. Ал шонжарлар мен бай-бағландарға жаңа сауған саумалыңның көк тиындық құны жоқ. Өйткені бұл жарық дүниеде жылқының қымызын жүз орап әкететін құнарлы сүттер бар. Оның бірі – Қытайда. Қалғаны Қазақстаннан да табылады. Мысалы тышқан мен есекті сіз харам көргенмен, бүкіл құнар атаулының бәрі осы екеуінің бойында. Тек идіруге икемді, саууға сауатты болсаңыз, жетіп жатыр.
Емем десең, емшек береді
Қанша дегенмен, елімізге 51 зауыт салып беріп жатқан көршіміз ғой, Қытайдан бастайық. 2013 жылы Қытайда адам сүті саудаға түсетіні туралы ақпарат әлемді кезіп кетті. Бірақ бұл жаңалық емес еді. Себебі кезінде әйгілі Мао Цзэдун омырау сүтін тұтынатындарға заңды түрде тосқауыл қойған екен. Демек, «ерекше сүтті» ішу дәстүрі ертеден басталған. Арғы жағын қайдам, әйтеуір 18 ғасырдың соңында өмір сүрген Қытайдың Цыси деген ханшайымы осы сүтсіз сүйсініп шай ішпепті. Кейін бұл дәстүр шонжарлар мен жуандардың бәріне жұғысты болса керек.
2013 жылы әлемді дүр сілкіндірген ақпараттың ең қызық жері мынау:
Гуандун провинциясының Шэньчжэнь қаласында бай-бағландарға сүтті әйелдерді «байлап беретін» мамандандырылған агенттіктер жұмыс істепті. Олар негізінен «дәмді сұйықтық өндірушілерді» ауылдық жерлерден тапқан. Яғни, ақысына келісіп, ауыл әйелдерін сүт сатуға көндірген. Тұтынушының «тамақ жібіту» мерзімі – 6-8 ай. Осы аралықта ол агенттіктің қызметін есептемегенде, ішкен «ағының» ақысына 15 мың юань, яғни, 2,6 мың АҚШ долларын төлеп отырған.
Былай қарасаңыз, қыруар қаржы. Дегенмен бұл ақша асқазанды күптеп, омырауды күдірейтумен ғана келмейді. Тұтынушы сауылған сүтті ожаумен әкетем десе де, бала құсап балғын күйінде еміп алам десе де, өзі біледі. Қысқасы, құнарың да, құмарың да осының ішінде.
Көрдіңіз бе, саумалдың көкесі қайда екенін?! Еларалық келісімдерде Қазақстан тарапының екі сөзге келмей елп ете қалатынын ескерсеңіз, емуге құмар «тұтынушылар» өз араңызда жүргендей, селк ете түсесіз. Бірақ онда тұрған не бар? Аралас-құраластығымыз артқан соң, әдет-ғұрып пен салт-сана неге ауыспасын? Бастысы, «сауда» әділ болса, болмады ма?
Тышқан сауған
Біздің қазақ қырық жылғы қымызын әлі айтып жүр, ал әлем елдері тышқан саууға кірісіп кетті. Ғалымдардың айтуынша, тышқан сүтінің құдіреті – оның құрамында. Басқасын қоя қойыңыз, оның құрамында лактоферин бар. Білерсіз, білмессіз, табиғатта лактоферин ана сүтінде ғана кездеседі. Бұл ғажап элемент адам баласы дүниеге келген сәттен бастап ағзаны бактериялар мен түрлi вирустардан, терiнiң қышымасынан, ауа райының өзгерiстерiнен сақтайды. Ағзаның қорғаныс қабілетін арттырады, қоршаған ортаның ауытқуларына қарсы тұруға әзiрлейдi.
Дамыған отыз елді айтпай-ақ қояйық, мына тұрған Ресейдің өзі тышқан саууға әжептәуір маманданып алды. Ресей ғылым академиясының гендік биология институты осы шаруамен біраз жылдан бері шұғылданып келеді. Жеткен жетістіктері де аз емес. Рikabu.ru сайтының хабарлауынша, ресейлік тышқандардан сауылған 1 литр сүттен 15-тен 40 граммға дейін лактоферин алынатын көрінеді. «Ал кейбір елдерде бұл көрсеткіш 0,5 грамм шамасында» дейді осы сайт.
Бірақ сезіп тұрған шығарсыз, тышқан дегеніңіз күнделеп қойып, сауа беретін бие емес. Сәбидің жұдырығындай «жануарды» саумақ түгілі, желінін табудың өзі мұң. Алайда сүтіне деген ынтазарлық тышқаннан сүт алудың да жолын көрсетіп берді. Бірқатар елдер кеміргішті еркінен тыс «иітіп», емізік тәріздес жіңішке түтікпен «саумалын» шымшып-шымшып, сорып алады екен. Әйтсе де, адам түгілі жан-жануарларға да жанашырлықпен қарайтын дамыған мемлекеттер мұны «асқан жауыздық», «тірі жан иесін қорлау» деп бағалап отыр. Осыны ескергені болар, ресейлік ғалымдар қазір электронды жабдық ойлап тауып, тышқандарды «желібауға тізіп» сауатын көрінеді.
Неге жұрттың бәрі тышқан сауғыш болып кетті дейсіз ғой. Өйткені әлемдегі ең қымбат сүт – тышқанның сүті. Ең құнарлы азығыңыз да осы. Оны негізінен фармкомпаниялар дәрі-дәрмек өндіру үшін сатып алады. Шикізат берушілер – ғылыми-зерттеу институттары. Төрт мың тышқанды «қақтап» саусаңыз, бір литр сүтіңіз дайын. Ал оның құны – 22 мың АҚШ доллары.
Былай қарасаңыз, сұмдық ақша! Бірақ кімге? Әрине, сіз бен бізге! Таңғы асын Тайландтан ішіп, қонаға Колумбияға бара салатын шонжарлар үшін 22 мың доллар дегеніңіз, не тәйірі?! Талайы дәмін татса, татқан да болар. Ішпесе, ішпеген де шығар. Ішкеннің өзінде «Тышқанның «қымызына» қанғанымыз-ай!» деп сіз бен бізге айтады ғой дейсіз бе? Дегенмен қазақ билігіндегі шенді-шекпенділердің мемлекет қаржысын тышқаншылап шетке таситынын жоққа шағаруға болмайды... Демек сүтті қайдам, мінезде ұқсастық бар... ал мінез қайдан келеді?.. біздің қазақ мұндайда не деуші еді өзі, «Сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді» деуші ме еді?!
Есектің еті – арам, сүті – «адал»
Есектің сүтін ішіп, етін жеуге қытайлар ғана құмар емес. Ұзын құлақты жануардың сүтіне соңғы жылдары еуропалықтар да қызыға бастапты. Кипр мен Грецияда қазірдің өзінде сүтті есек шаруашылықтары жолға қойылған көрінеді. Бірақ есектің «саумалын ішем» дегендер мына екі мәселені ескеруі керек екен. Біріншіден, ең сүтті деген есегіңнің өзі асып кетсе, екі литр сүт береді. Екіншіден, есектің сүті тез бұзылады, алысқа тасуға жарамайды. Сондықтан не өндіріске жібересің, не жылыдай сіміресің.
Есек саусаң, еңбегіңді ақтайтын артықшылығы мынада: бір литр сүті 2 мың еуро тұрады. Неге қымбат дейсіз ғой, айтайық. Есек сүтінде адам ағзасына қажетті 300 түрлі компонент бар екен. Керамид, фосфолипид деген таптырмайтын май қышқылдарын, міне, осы есектің сүтінен кездестіресіз. Түрлі дәрумендер мен минералдар да, омега-3, омега-6 дейтін қанықпаған май қышқылдары да есек сүтінің құрамында «бықып» жүретінге ұқсайды.
Міне, осындай артықшылығы үшін де есек сүті тышқан сүтінен кейінгі екінші орында тұр. Сенсеңіз, сіз «әлдеқандай қылып» жүрген жылқы сүті алғашқы бестікке әрең ілігеді. Үшінші орын – бұғыға, төртінші орын – түйеге тиесілі.
Түйін
2016 жылы бұрынғы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева: «Есек өсіріп, етін Қытайға экспорттайық» дегенде, талай қазақ ішек-сілесі қатып, атынан ауып түсе жаздаған. Сол кезде күлгендер қазір жылап жүр. Себебін білесіз, жылқыға қолдау жоқ. Ал неге қолдау жоқ? Міне, бұл сұрақты енді сіз жақсылап ойлануыңыз керек. Ойланған соң, не істейтініңізді білесіз ғой? Білуге тиіссіз... Білемесеңіз, есіңізге салайық... қымыз-қымыз деп қақсай бермей, жоғарыдағы үштің бірін таңдайсыз.