Қыжыртпа. «Денің сау ма, депутат?!»
Адамзаттың есін алған тәж-тажал әлемнің астын үстіне шығарды. Тақыр кедеймен бірге ақшасы тау боп үйілген байлар да жанын қоярға жер таппай, безектеп жүр. АҚШ тұрғындары жаппай бункер сатып ала бастады, Ресей бір аптаға демалыс жариялады, Қазақстан 65 жастан асқан депутаттарды жалпы отырыстан босатты... Міне мұның барлығы қарапайым тілмен айтқанда, «сақтық шаралары» деп аталады.
Өзімізге қатысты болғандықтан, соңғысынан тарқатайық. Бүгін төменгі палатаның отырысы бұрынғыдан өзгеше өтті. Оның мәнісін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин былай түсіндірді:
«Бүгінгі жалпы отырыс біршама өзгерген форматта өтіп жатыр. Біздің кейбір әріптестеріміз қатысып отырған жоқ, алайда алаңдаудың реті жоқ, олардың барлығы аман-есен. Атап айтқанда, кейбір әріптестеріміздің жасы 65-тен асқан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқауына сәйкес, оларға жалпы отырысқа қатыспау туралы кеңес бердік».
Былай қарасаңыз, дұп-дұрыс. Қалай болса солай, далаңдап жүре беретін заман емес қазір. ДДСҰ нұсқауын бірден қағып алғаны – Мәжіліс жетекшілерінің сергектігін білдіреді. «Неге біздің парламент өзге елдерден бұрын қозғалды?» деп сұраудың да реті жоқ. Себебі қазақтың маңдайына біткен Мәжіліс құрамының 30 пайыздан астамы зейнет жасынан әлдақашан асып кеткен. Яғни, үштің бірі – қарт кісі. Қарттардың қариясы – 83 жастағы Владислав Косарев. Аталарды былай қойғанда, 62 жастағы Зағипа Балиева мен 70-тегі Гүлжан Қарағұсованың арасында оншақты депутат-әжей тағы бар.
Бұл неден? Неден деріңіз бар ма, қазақ о бастан қартын сыйлаған халық. Ақсақалының ақылына ұйыған. Заң шығарушы органда қырық қаралы қарт кісінің жүруін – ата көрген қазақтың салт-дәстүрінен қалған сарқыт деп түсінгеніміз жөн. Ендеше, Мәжілістегі жаңа форматты неге жақсы жаңалық ретінде қабылдамауымыз керек? Қабылдаймыз және депутат Бекболат Тілеухан айтпақшы, «төрт аяғымызды» көтеріп, қоштаймыз.
Себебі коронавирус деген пәлекет алдымен қарт кісілерді кеңірдектен алып жатқанын білесіз. Сондықтан зейнет жасындағы депутаттарды тек отырыстан босатып қана қоймай, қорғау шараларын да қолға алатын уақыт жетті.
Ол қандай шаралар? Біздіңше, депутаттарды қорғау екі бағытта жүргізілуі керек. Бірінші бағыт – билік жақтан. Зарарсыздандыруға арналған сұйықтықты қай жер болса, сол жерге шашып, көк кептерді бекерге қыра бермей, депутаттардың ауласын, есігінің алдын, табылдырығын, тіпті дәретханасына дейін жиі-жиі тазалап тұрған жөн. Маска тегін берілсін! Қанша сұраса, сонша маска жеткізілсін! Әркім келіп, мазасын алмас үшін, қарт-депутаттарды әскер күзетсін!
Екінші бағыт – қарапайым жұртшылық. Халық қалаулыларын қарашаның қалай құрмет тұтатынын білесіз. Әттең қолы жетпейді, әйтпесе, адыраспанмен аластап тұрар еді.
Бірақ депутаттардың алыстығын сылтау қылып, құры жатып алуға болмайды. «Адам – қартайғанда бір бала» деген, қарт кісі әманда жылы сөз, жылы пейілді жақсы көреді. Сондықтан ебін тауып, көңілін сұрап тұрған орынды. Дегенмен қарттардың көңілін қалай сұрауды қазаққа үйретуден аулақпыз. Мұны әркім өзі біледі.
Әйтеуір, «Денің сау ма, депутат?!» деп тұрмасаңыз болды да.