ҚЫЖЫРТПА. «Алтын күн аспаны...»
Әй, ақыры таптық-ау! Тапқанда да дөп түскен сияқтымыз. «Елімізде жең ұшынан жалғасқан жемқорлық NEGE тоқтамайды?» деп сан мәрте бас қатырған жұртпыз ғой, өзіңіз білесіз. Бұл туралы айтпаған адам, демеген кісі жоқ. Қабылданған бағдарлама иттің басынан көп. Бірақ біз жемқорлықты бәрібір жеңе алмай жүрміз. Жемқорлық бізді күн сайын жеңеді. Өйткені жемқорлық деген пәлекет біздің әлсіз жерімізден сығымдап ұстап алған. Ал біз бейшара оның жанды жерін осы уақытқа дейін таппай келгенбіз. Енді түсіндіңіз бе, мәселенің неде екенін?! Қысқасы, былай: біз жемқорлықпен күрестің жолын таптық. Ендеше, тыңдаңыз, кілтипанның бәрі өлермен ашкөздікте, өлшемсіз кеңірдекте емес, Әнұранның мәтінінде тұр екен ғой!
Ғалекең досым (Ғалым Смағұл) осы карикатурасын көрсеткенде, астарына бойлай алмай біраз ділгіргенім рас. Дегенмен әйбәт кәстөмдері мен тоқтығы бетіне теуіп тұрған қызыл шырайларына қарап, «Әй, дәу де болса, тоққарын шенеунік шығарсыңдар» деп топшылап едім. Назарымды ерекше аударғаны – кереқарыс ауыздары. Әлдебіреуге ант беріп тұр ма, қалай? Әлде өздерінен жоғары бір дөкейдің тойында «Мұзарттың» әнін шырқап тұр ма? Оң жақтағысы сол жақ иығына қазақы оюы бар қоржын іліп алыпты. Қоржын Қытайдікі шығар, бірақ ниеті түзу екен, деп бір қойдым. Байқайсыз ба, қоржыннан әлдененің басы қылтияды. Шиша ма... әнеу бір қорап секілдісі торт болды-ау өзі!
Ғалекең менің топшылауымның быт-шытын шығарды. Сөйтсем, менің бөтелкеге ұқсатып отырғаным – зауыт-фабриканың мұржалары екен де, торт секілдісі – сол зауыт-фабриканың өзі, ірі нысандар, өнеркәсіп ошақтары, банк... қысқасы жемқорлардың кеңірдегінен өтіп кеткен дүние-мүліктің қарындаштың ұшына іліккен сұлбасы екен. Ал кариккатураның аты – «Алтын күн аспаны...».
Шыны керек, тәп-тәуір суретті әпендеше сөйлетіп, айдалаға лағып кеткенім үшін Ғалекеңнің алдында әжептәуір ұялып қалдым. Енді сұрасам, тағы бірдеме бүлдіріп алам ба, деген қауіппен карикатураның айтпақ ойын өзім шешуге тырыстым. Бірақ абай болу шарт, ықтият болу керек.
Көрдіңіз, көз алдыңызда үшеу тұр. Бірақ біреуінде ғана қоржын бар. Бұл нені білдіреді? Қазақстанда үш шенеуніктің біреуі жемқор деген сөз бе? Әрине, жоқ. Оның себебін ұққыңыз келсе, үшеуінің де саусақтарына қараңыз – жіңішкере-жіңішкере пістиіп кеткен. Демек шеңгелін анаған да, мынаған да сұға берген. Ал жалғыз қоржынның сыры неде? Шамасы, біреуі ашық жейтін болуы керек. Қалған екеуі жұрттан жасырын жейтін сияқты. Тағы не бар? Қоржын асынған кісі галстук тағыпты. Соған қарағанда, аса танымал адам болуы бек мүмкін. Есесіне, галстугі жоқ шенділердің мүмкіндігі мол, асап кеп жібергенде, ауызға түскен дүние кеңірдектен кедергісіз өтеді.
Қысқасы, ақ қағазға қарындаштың ұшымен түскен кереметтің құпиясын толық түйсінуге ақылым аздық ете бастады. Осы тұста әнұранды айтып отырып, тағы бір қарағам ғой, бүкіл ғаламат осы кезде ашылды: «Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы...». Стоп, стоп...
NEGE алтын? NEGE қайта-қайта алтын? Құдай-ау, «алтын күннің» не екенін біздің шенеуніктер ұға ма? Алтын күн былай тұрсын, қазақтың маңдайына біткен шенді-шекпенділердің кемінде тең жартысы күнді «день» деп қана түсінетінін қалай жасырамыз?! Сіз оларға «дән алтын болады» деп сендіріп көріңізші! Сенбейді ғой! Оларға дән – дән, алтын – алтын. Біздің шенділер алтынды тура мағынасында, яғни қымбат металл есебінде ғана таниды. Көрдіңіз бе, мәселенің қайда жатқанын? Олар әнұранды айтқан сайын көз алдыларына қап-қап алтын, буда-буда ақша ғана елестейді. Осыдан кейін олар қалай жемейді? Осыдан кейін оларды тоқтату мүмкін бе?
Қызық болсын, өзге елдердің әнұрандарынан мысал келтірейікші. Мәселен мынау Ресейдікі: Россия — священная наша держава,
Россия — любимая наша страна.
Әнеки, алдыңғы екі жолды да «Россия» деген сөзден бастайды. Керемет емес пе? Ал біз «Алтын, алтын» дейміз... шенділеріміз «нәйм, нәйм» дейді. Ұқтыңыз ба, бірдеңе? Ал мынау беларустардікі: «Мы, беларусы — мірныя людзі, Сэрцам адданыя роднай зямлі». Мағынасы белгілі ғой, «Біз, бейбітсүйгіш беларустармыз, туған жеріне жүрегімен берілген» дейді.
Кілең славян халықтарынан мысал келтіргені несі деп жазғыратындар шықпас үшін түркі халықтарының әнұрандарымен де сылыстыру жасап көрейік.
Алатаудың арғы бетін жайлаған айыр қалпақты ағайындар бүй дейді: «Ак мөңгүлүү аска, зоолор, талаалар,Элибиздин жаны менен барабар». Қырғыздың сөзін аударып жатпай-ақ қояйық, бірақ мойындаңызшы, алтын-күміс, ақша-байлық туралы бір ауыз сөз бар ма? Жоқ қой, жоқ!
«Диёри арҷиманди мо, Ба бахти мо сари азизи ту баланд бод» деп бастайды екен әнұрандарын тәжік туғандар. Мағынасы «Біздің сүйікті отанымыз, сенің-абырой-беделің – бізге мақтан» дегенге саяды.
君が代は 千代に八千代に さざれ石の いわおとなりて こけのむすまで Мынадай да бір керемет әнұран бар. Таным, дәстүр тұрғысынан қазаққа өте жақын халық бұлар. Қысқасы, жапондар. Бірақ аударып оқуды оқырманның өз еншісіне қалдырайық.
Сонымен не болды өзі? «Бұлар әнұранның сөзіне қарсы ма, Ж.Нәжімеденовтің сөзінен мін іздеп жүр ме?» деп қалдыңыздар ма? Жоға, Құдай сақтасын! Бүгінгі билік өкілдерінің алтынның ауыспалы мағынасын түйсіне алмай жатқанына авторлар кінәлі емес қой. Оның үстіне Жұмекен атамыздың жұп-жұмыр өлеңін Нұрсұлтан атамыздың нықтап бергені тағы бар. Сондықтан әнұран мәтініне сын айтудан аулақпыз. Алайда жемқорлықты тыю үшін де бірдеме істеу керек шығар. Біздің ұсыныс былай: ақыры жемқорлықты жүгендеуге аз қаржы жұмсалып жатқан жоқ. Басқасы басқа, мемқызметкерлерге қазақша тіл сындырту үшін де әжептәуір ақша жұмсалады. Сол себептен, жөні түзу кісілерден комиссия құрып, бүкіл шенділерді сынақтан өткізіп алған жөн секілді.
Бұл шараны біз шамамен былай елестетеміз. Комиссия алдына белді шенеунік келді дейік. Оған қойылатын алғашқы сұрақ: «Алтын деген не?» болғаны дұрыс. Егер «Алтын деген сөз әржерде әртүрлі мағына беруі мүмкін..» деп зарлай жөнелсе, алғашқы сұрақтан сүрінбей өткені. Ондайларға әнұранды ежіктеп отырып, түсіндірудің ендігі жерде еш қажеті жоқ. Ал егер көзі жыпылықтап, қолындағы алтын сағатына қарай берсе, бұл – әлгілердің сапынан. Енді біреулері есалаң адам құсап, себепсіз ыржалақтай беруі мүмкін. Онда әңгіме түсінікті: не мұның әйелінің аты – Алтын, не қол астында Алтын есімді бір келіншек жұмыс істейді. Сұрақ едел-жедел қойылып отырса, мұндайлардың «Ааа, алтын ба? Ол үйдегі келініңіз ғой» деп қалуы да ғажап емес.
Егер комиссия алдына келген шенеунік «Сұрағаның мынау ма?» дегендей, сопаң еткізіп, қойнынан бір кесек алтынды суырып алса ше? Міне, бұл өте маңызды кезең. Маңызды болатыны, «Әп-бәрекелді!» деп комиссия мүшелері елп ете қалмауы керек. Елп етпегенін ел бақылап отырса, құба-құп. Кім біліпті құрсын, «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген. Сол себептен бұл сынақ фейсбукте тікелей эфирде өтсе, дейміз де. Тіпті комиссия қатарына журналистерді де тартса, нағыз жариялылық сол болар еді. Ондай жағдайда, біз «NEGE-ден» Ғалым Смағұлдың өзін жіберер едік. Өйткені Ғалекең қылт еткен мен сылт еткеннің ешбірін қағыс жібермейді ғой, қарындашы фотоаппараттың шүріппесінен де жүйрік...
Сансызбай НҰРБАБА