ҚЫТАЙМЕН визасыз режим: ҚАУІП қайдан? ПАЙДА неден?
10 қарашадан бастап Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты визасыз режим күшіне енеді.
NEGE тілшісі сарапшы-мамандардан Қытаймен арадағы визасыз режимнің тиімділігі туралы пікір сұрады.
- Тақырыпқа орай: ОРТАЛЫҚ АЗИЯ Батыс пен Шығыстың арасындағы «ШЫБЫН» ба?
Қақар ҚАНАТ, Еуразия ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультеті, Аймақтану кафедарасы докторанты:
Қатерлі жақтары да бар
– 2013 жылы бізге Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» Аймақтық экономикалық ынтымақтастық жобасы келді. Кейін, 2014 жылдан бастап Ресеймен Еуразиялық экономикалық одақ келісіміне қол қойдық. Содан кедендік салық, жұмысшылардың ауыс-түйісі мен бизнесмендердің сауда қарым-қатынасы Ресеймен жақсы дамып кетті де, Қытаймен ара-қатынас қалыс қалып қойды. Карантиннен кейін Қытай «Бір белдеу – бір жол» жобасын қайта жаңғыртуы керек болды. Сол үшін жасалған шешімдердің бірі осы – визасыз режимді енгізу. Бұл жоба бізге қытайлық инвесторлар мен туристер тарту және саудагерлердің қарым-қатынасы үшін тиімді.
Бірақ мұның қатерлі жақтары да бар. Қытай – әлемдегі халық саны ең көп елдердің бірі. Сондықтан біздің Сыртқы істер министрлігі мен Көші-қон басқармалары қалай жұмыс істейтініне де көп нәрсе байланысты. Егер Қытай азаматтарының келіп-кетуін заңды тіркеп, заңсыздыққа жол бермесе, онда байланыс әрі қарай жақсы дамиды деп ойлаймын.
– Қытай инвесторлары мен туристерін Қазақстанда не қызықтыруы мүмкін?
– Қытай – өндірістік ел, олардың тауарлары карантин кезінде сыртқа шығарылмай, өндірістері тоқтап, халқы жұмыссыз қалды. Енді жұмысшыларды қайта жұмысқа алып, өндірісті жандандыра бастады. Менің ойымша, олардың инвесторлары бізден арзан шикізат алып, тауар өндіріп, бізге қайта сату жағын ойластырады.
Ал туризм саласына келер болсақ, бізде Қытайды қызықтыратындай ерекше туристік сала жоқ. Бірақ бір нәрседен абайлау керек: қытайлар бізге аңшылық туризм үшін келуі мүмкін. Туризмнің бұл түрі Қытайда жоқ.
Біз Қытайдың арзан еңбек күшін пайдалана алатын өндірістік ел емеспіз. Ол жаққа еңбек мигранты болып та бара алмаймыз, себебі олардың өздерінде еңбек күші көп.
Қытай Қазақстанның арзан шикізат ресурстарын пайдалануға, тауарын Қазақстанға көбірек шығаруға, Қазақстанды барынша Қытай нарығына тәуелді етуге ұмтылады.
– Визасыз режимнің арқасында «арғы беттегі» қандастармен байланыс күшеюі мүмкін бе?
– Қытай қазір өз ішіндегі ұлты қытай азаматтар мен аз санды ұлттарға саясаты басқаша. Сондықтан Қытайдағы ұлты қазақ азаматтардың да Қазақстанға келіп-кетуіне құжат көбірек талап етіліп, кедергілер болады деп ойлаймын. Егер құжат бірдей талап етілсе, онда бізге тиімді болады. Себебі Қазақстанда бір айдың ішінде азаматтық алуға болады. Осы жаққа қоныстанып, туыстарымен кездесуіне мүмкіндік туар еді.
Естай БОЖАН, сарапшы-журналист:
Визасыз режим Қытайға көбірек тиімді
– Біріншіден, визасыз режим бізді экономикасы дамыған Қытаймен тығыз байланысты ете түседі.
Екіншіден, геосаяси маңызы да бар. Білесіздер, Қытаймен визасыз режим мәселесі бір кезде көп талқыланды, қарсы болғандар да аз емес. Сол кезде солтүстікте 30 жыл бойы ашық жатқан шекараны ешкім айтқан емес. Қытаймен визасыз режим – біздің күштер теңгерімін сақтауға жасаған қадамдарымыздың бірі.
Үшінші жағы – елде ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқан қандастар мәселесі. Екі жақтағы туыстар мен бір отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасын қалпына келтіруге жеңілдік алдық. Бұл жағында мемлекеттің иығынан бір жүк болса да түсті деуге болады. Бірақ, басқа да мәселелер бар...
Меніңше, визасыз режим Қытай үшін көбірек тиімді. Себебі, бұл Бейжіңнің «Бір белдеу – бір жол» мега жобасы үшін керек. Бұл жобаның жүзеге асуы мен аспауында Қазақстанның немесе Орталық Азияның маңызы айрықша. Себебі, Қытайдың импорт-экспортында басқа жолдары жабыла бастады.
Оңтүстік Қытай теңізінде АҚШ-тың шектеу әрекеттері күшейді. Жалпы Тынық мұхит аймағында Қытай өзінің стратегиялық бәсекелесімен бетпе-бет тұр. Бірақ, бұл жақта Қытайдың жолы болып жатқан жоқ.
Енді бір бағыт – Мьянма болатын, ондағы әскери төңкеріс Қытайдың жолын жапты. Тағы бірі – Пәкістан, онда да тұрақсыздық күшеюде, ал Ауғанстан онсызда тұрақты емес.
Осы жолы Президенттің сапарында Шәуешек пен Аягөзді тұтастыратын темір жол жобасы сөз болды. Бұл болашақта Каспиге дейін ұласады. Қазақстан Қытай үшін үлкен тәуекел орталығына айналып отыр.
– Бізде «қытай азаматтары көбейіп кетпей ме» деп қауіптенетіндер бар.
– Өз басым бұған келіспеймін. Қытайдың сыртқа эмиграциясы бар екені рас, бірақ осы эмиграция бағыттарында Қазақстан 5-6 орында тұрады, тіпті Африкадан кейін ғана бізге қызығады. Туристері де Орталық Азияға көп келмейді. Ал «Қытай экспансиясы» деген біздің өз сөзіміз емес, сырттан келген сөз. Тіпті Қытайда экспанция мақсаты болған күнде де оған кемінде 50 жыл уақыт керек. Себебі, өз ішінде бітпей жатқан мәселесі, шешілмей жатқан «он ауы, тоқсан бауы» бар. Сондықтан қауіптенуге негіз жоқ. Қытайды терең білген адам оның сыртқы экспанциядан гөрі, ішкі тұрақтылығына көбірек алаңдайтынын біледі.