USD
USD
USD

«Кісітанығыш камералар»: маркетингтік жүйе ме, әлде манипуляциялық құрал ма?

Кісінің кім екенін жедел анықтайтын «ақылды» көше камераларын көптеп орнату жөнінде әлеуметтік желіде біраз үлкен қозғау болды. Ол әңгіменің әпігі әлі де басылмай тұр. Біз дамушы ел ретінде бұл тақырыпты «керек пе, керек емес пе?» деп емес, «қандай болуы керек? Қалай қолдануды жолға қойған абзал?» деген тұрғыдан қарастырғанымыз жөн болар еді...

«Кісітанығыш камералар»: маркетингтік жүйе ме, әлде манипуляциялық құрал ма?
Фото: NEGE.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қытайға жасаған ресми сапарынан кейін, Елорда әкімшілігінде өткізген жиналысында еліміздегі бақылау камералары жөнінде мәселе көтеріп, осы күнге дейін жаңа технологиялардың ел игілігіне жараған-жарамағанын сынға алды. Дамыған елдердің тәжірибелерінен үлгі ала отырып, осы мәселенің тиімді шешілуін қадап тапсырды. Президент келтірген әрбір дерек, әр цифрды қайталап жатқымыз жоқ, десек те, кезінде жалаулатып таныстырып, зор үмітпен әр-әр жерге орнатылған «Сергек» камераларынан қоғамға пәлендей пайда келе қоймағанын айтқымыз келеді. Рас, үкіметтік жиындарда қызылжағалылар «Сергек» орнатылғалы ел қазынасына айыппұлдан түскен қаржыны қаптап-қоржындап аударып жатырмыз деп ауыз толтыра есеп берумен келді. Алайда, жасалып жатқан қылмыс - сол қалпы, камераға түсіп, ұсталып жатқан қарақшы жоқ. Шынтуайтында, кісішошырлық қылмыстар үдеп, ұрлық-зорлық белең алып кетпесе, кемімеді. Ал, Ішкі істер министрлігінің есебіндегі жазбаша деректің көрсеткіші күн санап «жақсарып келеді». Дәп осындай бюджеттің қоржынын ортайтып, құр босқа қалқайып тұрған «еріншек» камералардан 160 мың камерасы бар көршілес елдің астанасы - Мәскеудің де мазасы болмай тұр...

Кісіні анықтайтын камера орнату идеясы қайдан шықты?

1960 жылдары АҚШ-та жасалған астыртын ғылыми-зерттеулерден кейін, бұл тақырып 1998 жылы Ағылшын жерінде қауға тиген өрттей лап етті. Лондонның шығысындағы Ньюхэм ауданының билігі жаңа технологияны енгізіп, қылмысты болдырмауды қолға алғаны жөнінде Батыс басылымы таласа жазып жатты. Алайда, көп ұзамай, компьютерлендірілген «ақылды жүйе» істен шығып, орнатылған күннен бастап бірде-бір күдіктіні анықтамағаны әшкере болады да, бұл жаңашылдықтан ньюхэмдік әкімшілік ат тонын ала қашады. Осы күнге дейін оқтын-оқтын көтеріліп қоятын бұл мәселеде жергілікті әкімдіктің ресми берген тапсырмасы да, жасасқан келісім-шарты да табылмағандығы анықталып отыр...

Одан беріде жаңа технологияны тұрмысқа енгізуде Америка мен Жапония жанталаса жарысып.., ақырында «ақылды жүйе» өз жемісін бере бастайды. Күдіктіні жедел анықтайтын NeoFace электронды бақылау жүйесін қолдана отырып, қолға түсірген тұңғыш қылмыскер 2014 жылы АҚШ-та ұзақ мерзімге, 22 жылға сотталды. Оның өзінде қарулы шабуыл жасау кезінде камераға түсіп қалған қарақшы туралы барлық ақпарат полиция бөлімшесіндегі картотекада тіркеулі тұрған баукеспенің мәліметімен тура келген.

«Кісітанығыш» камераның пайдасы

Қай мемлекетте болмасын, аталмыш құрылғыны орнатарда - халыққа таныстырылым кезінде әуелі қауіпсіздік мәселесі алға тартылып, билік тарапынан, жекелеген тұлғалар жағынан жағымды пікір мен қолдау тауып жатады. Дау жоқ, бұл құрылғының террористік шабуылдар көбейіп, кісі тонау, көшелердегі зорлық-зомбылықтың неше түрі белең алып тұрған мына заманда берер пайдасы, жасар көмегі орасан! Тіпті, көп ретте террористік актілерден кейін көп ұзатпай лаңкестерді анықтап, олардың қай ұлт, қай мемлекет, қандай қауіпті ұйымға жататыны да дәлме-дәл көрсетіліп жатады. Және де, ойы бұзық кісінің психологиясына жедел әсер ететіндігінен кейбір ауыр қылмыстардың алдын алғаны, камераның көмегімен көптеген ұрлықтардың ізі суымай ашылғандығы айтылады.

Қылмысты дәлелдеуге, күдіктіні қолға түсіруге, көше қатынасы мен халықтың тығыз шоғырланған жерлеріндегі ахуалды бақылап, реттестіріп отыруда, сөзсіз, көше камераларының рөлі зор. Оны айтасыз, камера орнатқан үй мен дүкеннің иесі де тыныш ұйықтайтын бір сиқыры бар. Ал, дамыған елдерде кісітанығыш камералардың көмегімен кей жерлерде қолма-қол ақы төлеусіз қызмет көрсету ісі де жолға қойыла бастапты. Бір сөзбен айтқанда, кісітанығыш камера арқылы миллиардтаған халқын басқаруды іске асырып, әлемде жоқ теңдессіз мега-бағдарламаны қолға алған Қытай 2020 жылдың соңына шейін 600 миллион камера орнатуды жоспарлап отыр.

Цифрлық құрылғының осал тұсы

Ағылшынның Кент графтығында орналасқан Ғылыми-зерттеу университетінің профессоры Крис Соломон кісітанығыш камераны көптен бері зерттеп келе жатқан ғалым. Осы құрылғыны жетілдірумен айналысатын Visionmetric деп аталатын компанияны басқаратын ол аталмыш жүйенің нендей талаптарға сүйеніп, жұмыс істейтінін айтып берді. Оның айтуынша, кісітанығыш камераның жұмыс істеуі үшін екі талап бар: кісінің бет-бейнесінің геометриясы, яғни, кескіндік ерекшеліктер және адамның өңі һәм терісінің түсі. Алайда, бұл екеуі де айнымалы дейді, профессор. Егер адам ауызын қатты ашып айғайласа, оның бетіндегі контурлық сызықтар өзгеріп, көзі, мұрыны, аузы мен жақсүйегі басқаша күйге енеді. Немесе, адам жүгірген кезде, оның дене қызуы артып, терісі қызарады, реңі өзгереді. Яғни, бұл екі талап та әлсіз, әрі тұрақсыз. Мұның сыртында тағы бір үлкен талап бар, ол – кісітанығыш камералар қалтқысыз жұмыс істеуі үшін барлық қылмыскерлер туралы толық мәлімет пен олардың суреттері арнайы базаға ендірілуі керек.

База демекші, қазір қаржылық дағдарысқа ұшыраған кез-келген бұйығы адамның кенеттен жүйкесі сыр беріп, адаместігісіз қылмысқа барып жатқанын көптеп кездестіреміз. Сол үшін де Қытай елі өз халқын барлық мүмкіндігі келгенше цифрлық құрылғыға тәуелді етіп жатыр. Кескіні анықталмаса, лифтіге, дүкенге, кейбір мекемелерге кіре алмайтындай етіп, тіпті, көпшілік орындардың әжетханаларында қағаз бен суды да шектеп тастаған...

Бүгінгі таңда Next Generation Identification (NGI) деп аталатын ең үлкен биометриялық бағдарлама базасымен жұмыс істеп отырған бірден бір қызмет – Американың «Федералды тергеу қызметі» (ФБР). Оның картотекалық қорында қылмыскерлерден өзге, қарапайым американдықтар мен шетелдік туристер, штат территориясына кірген әрбір қонақ тіркелген 60 миллионға жуық кісінің мәліметі бар.

Камерадан келер қауіп пен қатер

Әлеуметтік желіде көптеген кісінің қарсылық білдіру себебі – ешбір жан өз сыртынан біреудің ақпарат жинағанын, өзі жайлы мәліметті сақтағанын ұнатпасы анық. Қарапайым адамгершілік қағидасына да келмейтіні рас. Қанша жерден бұл мәлімет мемлекеттік тиісті органның қолында болады дегеннің өзінде, оның құпия сақталуы мен өзіне қарсы әрекетте пайдаланбасына кепіл жоқ. Әсіресе, барлығын сатып алуға болатын біздің елде, әуелі билік маңындағы тұлғалардың жемқорлық әрекеті толастамай тұрып, бүкіл елдің ауы мен бауын «сатаберсін» етіп даярлап қойғанға кім келіссін?!

Бұлай деуімізге бір себеп, осы жылдың шілдесінде 11 миллион қазақстандық туралы мәліметтің интернет айдынында ашықтан ашық жария болып тұрғаны туралы дау туды. Оны отандық «Кибершабуылды сараптау және зерттеу орталығы» мәлімдеді. Одан бөлек, қайбір жылы еліміздің кез-келген облысы мен қаласының тұрғынына тиесілі телефон нөмірлері жазылған компьютерлік дискілер базарларда ашық сатылып жатқандығы жайлы телеарналар да бір шулады. Дәп бұндай адамсенгісіз сорақылық бірде-бір елде болмаған шығар!..

Елдің қауіптенетіні де – қағаз жүзіндегі мағлұмат емес, әрбір азамат туралы туғаннан бастап, қазіргі күнге дейінгі бүкіл ақпараттың бақайшығына дейін шаға отырып жиналған үлгісі. Ондай ақпарат ойы бөтен біреудің қолына түссе, ол дегеніңіз жеке бастың ғана емес, мемлекеттің қауіпсіздігін шатқаяқтатып жіберетін «қатерлі қару!»

PS:

Әлемдік кейбір ғалымдар кісітанығыш камералар қарыштап дамыған сайын, оның кез-келген мемлекетке қауіп тудыратын құралға айналатынын айтып, күмәнмен қарап отыр. Арғы-бергіні сараптап сөйлейтін олар мұны көбіне маркетингтік амал ретінде үлкен жылдамдықпен жайылып бара жатқандығын және де кейбір диктатуралық мемлекеттерде азаматтардың құқығы шектелетінін алға тартып, дабыл қағуда.

Қанат Ескендір

Қазір оқып жатыр

Атыраулық «хакер» Түркияда ұсталды

.

Digital Qazaqstan Battle ұлттық стартап-батлының финалистері анықталды

.

Елордада жедел жәрдем фельдшеріне шабуыл жасаған ер адам ұсталды

Жедел жәрдем

Жол инфрақұрылымының жаңғыруы: жаңа көлік дәліздері және өңірлердің дамуы

.