«Қырымды келіп алғаны...»
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың немістің
Deutsche Welle халықаралық қоғамдық телеарнасына берген сұхбаты әлемдегі топ-жаңалықтардың қатарына шығып қана қоймай, халықаралық дау туғызып та үлгергенін көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Президент Тоқаевтың Қырымға қатысты пікірін ресми Киев «Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығын сыйламау» ретінде қабылдап, «дос, әріптес санаған елдің басшысынан мұндайды күтпегенін» айтты. Украинадағы елшіні де түсініктеме беруге шақырды.
Жалпы, халықаралық саясат тақырыбында Қазақстан президентінің аузынан батысқа жақпайтын пікірлер шыққанын айтуға тиіспіз. Есесіне, Ресей мен Қытайға ашық ілтипат білдірді. Мұны ең алдымен, жұрт шулаған «Қырым» тақырыбынан байқауға болады.
«Қырымда болған жағдайды біз аннексия деп атамаймыз. Болар іс болды. «Аннексия» — тым ауыр сөз. Екіншіден, сіз айтқандай ешқандай қорқыныш, үрей болған емес. Өйткені біз Ресей Федерациясымен тату-тәтті көршіміз. О бастан-ақ ресейлік басшылықтың даналығына, парасаттылығына сенгенбіз» деді Қ.Тоқаев.
Бір айта кетерлігі, президент Қ.Тоқаев ақыл-кеңесіне жиі жүгінетін Елбасы Н.Назарбаев бұған дейін екі ел арасындағы қарулы қақтығысқа қатысты «Қазақстан Украина аумағының тұтастығын қолдайтынын» мәлімдеген. Екінші жағынан, Қазақстан БҰҰ-да Ресейді «басқыншы ел» ретінде тану туралы қарар қабылдау бастамасы екі мәрте көтерілгенде әркез қарсы дауыс бергені де бар.
Тоқаевтың мәлімдемесіне қатысты президенттің көмекшісі Ерлан Қарин де пікір білдірді. Ол мұны «тырнақ астынан кір іздеуге» ұқсатады.
«Президент сөзбе-сөз «біз болған оқиғаны аннексия деп атамаймыз» деді. Яғни ол «бұлай санамаймын» немесе «мойындамаймын», болмаса «жоққа шығарамын» деген жоқ. Бұл жағдайды дәл осылай «атамайтынын» жеткізді. «Атамаймын» мен «санамаймын» сөздерінің аражігін ажырату үшін кәсіби тіл маманы болудың қажеті жоқ. Қара аспанды төндіретіндей ештеңе болған жоқ», – деді Е.Қарин.
Ақпарат және қоғамдық келісім миинистрі Дәурен Абаев та әдеттегісінше бұл мәселеден шет қала алмады. Министр «сөздің қадірі мен қуатын жақсы түсінетін адам ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай үзілді-кесілді пайымдарды қолданудан саналы түрде бас тартты» деп санайды.
«Ең алдымен Қазақстан Ресей мен Украинаның арасындағы қақтығыстың өрбуін қаламайтын, ондай текетірес өзі үшін тиімсіз елдердің қатарына жатады. Екі ел де тең дәрежеде бізге бауырлас. Орыстар мен украиндар да бір біріне бауыр, оны Ресей мен Украина да мойындайды. Сондықтан біз бұл мәселенің тезірек және бейбіт түрде аяқталғанын қалаймыз», – деді Д.Абаев.
Жалпы, сұхбатты мұқият көрген адам бұл сұрақтың президент Тоқаев үшін тым жайсыз болғанын байқайды. Қазақстан президенті әлгі сұхбатынан соң іле-шала Германияға сапарлады. Көпшілік «даулы сұхбат президенттің ресми сапарына көлеңке түсіруі мүмкін» деп күткен. Алайда, Тоқаевты Меркель сән-салтанатпен қарсы алды. Қалай десек те, айтылған сөз – атылған оқ. Германия сапарында Қазақстан президентіне «Қырым мәселесіне» қатысты кезекті рет мәлімдеме жасап, «кейбір мәселелерді» нақтылауына тура келді.
Әділ Ұзақбай