КИБЕРСПОРТ болашақтың спорты ма?
Киберспорт – бұл ойын-сауық па, әлде болашақтың спорты ма? Қоғам арасында көптен бері талқыға түсіп келе жатқан бұл сауалдың жауабы табылғандай.
Күні кеше Atameken Business Practicum мен Parimatch Kazakhstan компаниясының бірлесе қолға алған үшінші медиа-практикумы болып өтті. Көпшіліктің басын тоғыстырған «Sports& Media deTalks» жобасының бұл жолғы тақырыбы «Киберспорттың Қазақстандағы дамуы» деп аталады.
Алдымен терминге тоқталып өтер болсақ, киберспорт сөзі ағылшын тілінен аударғанда – «компьютерлік спорт» немесе «электронды спорт» деген мағынаны білдіреді. Яғни, видео ойындарға негізделген командалық немесе жеке жарыс. Әлбетте, электронды техника дами бастағалы виртуалды спорт түрінің де елімізде жандана бастағаны белгілі. Осы ретте ашық алаңға жиналған спикерлер «Қазақстандағы киберспорт экожүйесі», «Киберспорттағы трансляция: табыс, келешегі, кәсіптің маңыздылығы», «Қазақстандағы PUBG: алғашқы тәжірибе», «Ұтыс тігу киберспорт үшін нені білдіреді?» деген тақырыптар аясында өз ойларын ортаға салды.
Атап айтар болсақ БАҚ өкілдерінің алдында Pinger.Pro Қазақстандық платформасының тең құрылтайшысы, Qazaq Cybersport федерациясының вице-президенті Евгений Богатырев, киберспортшы, стример, автоблогер Арман Пірманов, Titan Gaming киберспорт командасының капитаны Дамир Омаров, Parimatch компаниясының киберспорт жөніндегі менеджері Сергей Минич баяндама жасап, тәжірибелерімен бөлісті.
Киберспорттың ТМД бойынша, оның ішінде Қазақстанда даму сатысына тәжірибелі талдау жасап жүрген Сергей Минич соңғы төрт жылда жастардың киберспортқа ерекше ден қоя бастағанын алға тарта отырып, оның дамуы жолында кедергі болып отырған мәселелерге де жеке-жеке тоқталып өтті.
Мәселен, білікті маман киберспорттың әлемдік мәселелелеріне B2C, B2B моделдерінің бизнес үлгісі болмауы, оның қыр-сырын жазатын баспагерлердің жоқтығы, ойыншылардың өздерінің қайда және не істеп жатқанын толық түсінбеуі, арнайы кадрлардың болмауы және алаяқтар мен гиперболистерді жатқызды.
Ал Қазақстандағы киберспорттың толыққанды өркендей алмай отыруына ел өңірлеріндегі ғаламтордың нашарлығы, аймақтардың экономикалық мүмкіндіктері, энтузиастардың және олардың қаражатының жетіспеушілігі, киберспорт тақырыбында жазатын ақпарат құралдарының болмауы немесе олардың қызығушылығының жоқтығын алға тартты.
Арман Пірмановтің PlayStation-де – FIFA, яғни футболдың көркін қыздырып жүргеніне біраз уақыттың жүзі болған. Кезінде отандық команданың капитаны болып үлгерген киберспортшы Данияда өткен Әлемдік чемпианатқа қатысып, бақ сынап та қайтқан. Үйін кішігірім ойын алаңына айналдырған ол аталмыш ойын түріне қажетті құрылғыларды сатып алу үшін 700-800 мың теңге көлемінде қаражат кеткенін де жасырмады.
«Киберспорттың бір тиімді тұсы – виртуалды ойыншыны дәстүрлі спортқа келуге жетелеуі мүмкін. Мысалы, FIFA-ға қызығушылығы арқылы кәдуілгі ойын алаңына келген көптеген замандастарымды білемін» – дейді Пірманов.
Осы ретте электронды спорттың пайдасы мен зиянын алға тартқан ол «Киберспортқа әуес жеткіншектің санасы уланады деп айта алмаймын. Бірақ, оның өзіндік әлемі қалыптасып, тұйықталып кетуі мүмкін. Сондықтан оның назарын аудару мақсатында түрлі секцияларға беріп, өзге де қызығушылығын ояту қажет» деп кеңес те беріп өтті.
Ал PUBG-дің қыр-сырын меңгерген Дамир Омаров жеңіске қол жеткізу көбіне ойыншылардың көңіл-күйіне байланысты болатынын айтты. Сондықтан виртуалды «арпалыс» алдында командасындағы қатысушыларды ренжітпеуге және эмоционалды тұрғыда сабырға шақыруға тырысатынын жеткізді.
Айта кетейік, PUBG ойынында миға салмақ түсетіндей тапсырма жүктелмейді. Бірнеше ойыншы онлайн түрде өмір үшін тайталасқа түседі. Осы ретте қару-жарақтың сан түрі мен түрлі көліктер ұсынылады. Жалғыз өзің немесе командамен атыс алаңына шығып кетуге мүмкіндік бар ойынға қатысушылар бір-бірімен еркін сөйлесе алады. Компьютерге арналған PUBG ойынына сұраныстың артқаны соншалық, қазіргі таңда телефонға арналған PUBG Mobile нұсқасы жасап шығарылған. Сондықтан PUBG мен оның Mobile нұсқасы қазақстандықтар арасында ең сұранысқа ие ойындар қатарынан табылып отырса керек.
«Ол үшін әуелі қолдағы мобильді құрылғының процессорының қуатты болуы және жедел сақтау жадысының көлемі жоғары болуы тиіс», – дейді жанкүйерлеріне AXZCER атымен танылған Омаров. Сарапшылар сондай-ақ киберспорттың түрлі сатыларын, оның ішінде стримингті, халықаралық байрақты бәсекелерге қатысуды және бағыттың басты демеушісі ретінде беттингті қарастыруды кеңінен талқылады.
Parimatch – Халықаралық беттинг-компаниясының отандық нарыққа енгеніне он жылдан аса уақыт болды. Елімізде түрлі спорт түрінің жандануына ат салысып келе жатқан орталықтың әлемдік белді компаниялармен серіктестік орнатқаны белгілі. Осы орайда спорттық журналистиканы дамыту мақсатында қолға алған «Sports& Media deTalks» жобасының түрлі тақырыпты талқылап отыратынын ескерсек, ендігі әңгіме ненің айналасында өрбиді деген сауалдың өзі қызық.