10 Тамыз 16:15
...

«Кешірем, кешірмеймін!» Несие амнистиясы НЕГЕ экономика тамырына балта шабады?

Фото:

Қазақстан бір рет несиелерді кешірді және оны азаматтарға қолдау ретінде түсіндірді. Енді қоғамның кей бөлігі тағы бір рет несие амнистиясын сұрап отыр. Nege.kz не үшін олай істеуге болмайтынын талдап көрді.

Кез-келген экономиканың базалық тірегі – шарттың бұлжытпай орындалуы. Қарыз алдың ба, қайтаруың керек. Себебі, сен мойныңа міндет алып, келісімге қол қойдың. Ақшалай міндеттемелерді жаппай орындамау экономиканы бір сәтте тоқтатады. Демек, азаматтар кредитін қайтармайды, банктер есесіне азаматтардың депозиттерін бермей қояды. Жұмыс орны айлық төлемейді, банкоматтар істен шығады. Елде дүрбелең басталады.

Қаржы нарығы тұрақты елдің бірінші сипаты – қарыздың қайтарылуы мен салықтың төленуі. Ал қарызын қайтара алмайтын азамат өзін банкрот деп жариялап, заң бойынша қорғалады. «Несиені кешіру, салық амнистиясы сынды бағыттар бойынша түбегейлі экономикалық есеп-қисап жасалмай, оның болашақта экономикаға алып келер әсері бағаланбай, ешқандай шешім шықпауы тиіс», –  дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының (ЭБҚҚ) сарапшылары.

«Себебі, бұл – еш соғыс, пандемиясыз-ақ мемлекетті құлата алатын құрал. Мәселе тіпті экономикалық қатынастарда емес, бұқараның психологиясында. Қаржы пирамидалары адамдарды қалай тез жинай алатынын білесіздер. Бүгін жаппай несиесі кешірілген азаматтар ертең одан он есе көп несие алады да, оны да кешір деп талап қоя бастайды. Егер бұл үрдіс басталып кетсе, оны тоқтату мүмкін емес».

Егер таза экономикалық статистиканы қарасақ, «халық қарызға белшеден батып отыр» деген ұғымның қате екенін аңғаруға болады. Бірінші кредиттік бюро мәліметінше, жеке тұлғалар банктерге 7,4 триллион теңге қарыз. Бұл бизнес өкілдері мен кәсіпорындар алған кредиттерден үш есе аз. Жалпы қазір елде берілген барлық кредиттердің ақшалай көлемі 26 триллион теңгеге жуық.  

Кредит алған жеке тұлғалардың 80 пайызының қарызы 300 мың теңгеден аспайды. Бұл – кедейлік қамытын кигізеді, азамат ешқашан қарызынан құтыла алмайды деп айтуға келмейтін сома. Егер азамат жұмыс тауып, табысынан төлей бастаса, еш қиналмай қарызын жаба алады.

«Мұндай жағдай «Балық пен қармақ» әңгімесіне келеді», – деп жалғастырады ЭБҚҚ өкілдері.

«Аш отырған адамға балық беріп, оның өмірін көп болса бір аптаға ұзартуға болады. Егер оған қармақ беріп, балық аулауды үйретсе, онда ол аяғынан тік тұрып кетер еді».

Несие амнистициясы да балық сияқты. Ол мәселені шешпейді. Себебі, амнистиядан кейін несие саны одан да көбейетіні анық. Оның орнына адамдарды жұмыспен қамтамасыз ету, олар өз несиесін табыс тауып өтей алатын жағдай туғызу қажет.

 

Қазір 7 жарым миллион қазақстандықтың кем дегенде бір несиесі бар. Сонда, экономикалық белсенді халықтың тек 19 пайызы ғана кредит алмаған болып тұр.

«Дағдарыс неғұрлым терең болса, соғұрлым популисттер де пайда болады. Әлеуметтік желілерде мұндай мәлімдемелер жасау тез ұпай әкеледі, жақтастар көбейеді. Бірақ елді дағдарыстан популистер емес, бүге-шігесіне дейін есептелген шешімдер мен ұзақ уақытты қажет ететін саналы іс-қимылдар ғана құтқара алады», – дейді EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев.

Популисттер жарға жыққан елдер дегенде, Венесуэла, Аргентина мен Украинаны айтуға болады. Экономикалық негізі жоқ шешімдер арқылы халықты өтірік жарылқау, құрғақ уәде, инвесторлардың кәсіпорындарын жаппай тартып алуы, парламент қабырғасындағы ұрыс-төбелес кесірінен қабылданбай қалған қадамдардың ақыры бұл елдердегі кедейшілік деңгейін арттырып, ішкі жалпы өнімнің құлдырауына әкеліп соқтырды. Қазақстанды бұл жолға түсіру оп-оңай. Тек ол бізге керек пе?  

Тегтер: