Қазбек Бейсебаев: Назарбаев Путиннен өзіне, ақшасына және балаларына кепілдік сұрауы мүмкін

Өткен аптаның соңында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Іле-шала Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Кремль қожайынына қонаққа бармақ.
- Тақырыпқа орай: Назарбаев Путинге НЕГЕ «тығылып» барды?
Әдетте мұндай кездесулерден кейін ақпарат айдынында қаптайтын президенттердің қол алысып түскен жылы суреттері, «екі жақты қарым-қатыс жайлы келелі талқылау» туралы сірескен ресми ақпараттар қаптайды. Ал сөз болған маңызды мәселелер мен келісімдер ел назарынан мүлде тыс қалып жатады. Бұл жолғы кездесудің жөні мүлде бөлек. Украина майданында Ресей мен Батыс қару-жарағымен де, санкцияларымен де текетіресіп жатыр. Қазақстан екі оттың ортасында қалғандай. Саясаттанушы Қазбек Бейсебаев Nege-ге берген сұхбатында осы кездесудің астарына үңіліп көрді.
– Назарбаев алдымен Түркияға сапарлады, артынша Тоқаев нөкерлерімен Анкараға жетті. Бұрынғы және қазіргі мемлекет басшыларының Ресейге сапарында да бұл жағдай қайталанып отыр. Мұның не сыры бар? Тоқаев пен Назарбаев Путинмен не жайында әңгімелеспек? Болжамыңыз қандай?
– Әрине, Назарбаев Мәскеуге бекер барған жоқ. Путин зейнетке шыққан адамды әсте тегін қабылдамайды. Ресми түрде «екіжақты қатынасты талқылады» деп ақпар тарап жатыр. Екі ел арасында қандай да бір мәселе болса, ол жайында Кремль зейнеткермен емес, ел басшысы – Президентпен сөйлеседі. Сондықтан бұл жерде үлген гәп бар.
Путин бүгін Назарбаевпен кездессе, ертең Тоқаевпен кездеспек. Демек, талқыланған, талқыланатын мәселе Қазақстанның төңірегінде болуы тиіс. Менің пікірімше, екі нәрсе қамтылады. Біріншісі, әрине, Ресей мен Батыс арасында жүріп жатқан санкциялық шайқас. Екіншісі, Қазақстанның ішкі мәселесі. Тұңғыш президентпен де, қазіргі мемлекет басшысымен де кездесуінің сыры осында.
– Соңғы кезде Ресей мен Қазақстанның атқамінерлері арасында барыс-келіс жиіледі. Президенттер де жиі бас қосатын болды. Бұған не түрткі?
– Беларусь басшысы Лукашенконы есепке алмағанда, Путин біздің елдің басшыларымен ғана жиі кездеседі. Өзбекстан және Қырғызстанның президенттерімен жолығуы сирек. Күн тәртібінде Қазақстанның мәселесі тұр деп білемін.
Естеріңізде болса, 28 желтоқсанда екі елдің мемлекет басшылары соңғы рет Санкт-Петерборда бас қосты. Артынша Қаңтар бүлігі бұрқ етті. Көп сарапшының ойынша, қаңтар оқиғасының іргетасы сол Санкт-Петербордағы кездесуде қаланған.
Дүрбелеңді ұйымдастырғандардың кім екені қазір белгілі. Олар – Назарбаевтың туыстары және Кәрім Мәсімов. Олар өздігінен мұндай әрекетке бармайды. Қалай десек те, оған тұңғыш президенттің қатысы бар.
Сондықтан бүгінгі Мәскеудегі, ертеңгі Санк Петербордағы кездесу – өте күрделі әрі өте маңызды. Тіпті, біздің болашағымызды анықтауы мүмкін деп ойлаймын.
– Мәселен? Сонда, не болмақ?
– Меніңше, тұңғыш президент туралы сөз болуы мүмкін. Ол биліктен кеткенімен, адамдары қалды. Қазіргі билікте отырған адамдардың түгелге жуығы – Назарбаевтың кадрлары. Бұдан бөлек, тұңғыш президенттің қыруар ақшасы бар екені ешкімге құпия болмаса керек. Мол табыс түсіретін зауыттар да, кеніштер де тұңғыш президентке тиесілі.
Бізде америкалықтар Қашағанда мұнай өндіреді. Қара алтын жерімізде шыққанымен, пайданың кілті біздің қолымызда емес. Олар бізге тек қана салық төлейді. Қызығын өздері көріп жатыр. Осыған байланысты да сөз қозғалуы мүмкін.
Қашаған кен орны. Фото: ғаламтордан
Сонымен қатар, елімізге Ресей азаматтары ағылып келіп, есепшот ашып жатыр. «Бұлай болмайды» деп Ақордаға америкалықтар қысым көрсетіп жатқан да шығар. Ресейдің «оларды тыңдамаңдар» деуі мүмкін. Біз қаншалықты белсенді болсақ та, біздің көсемдер ішкі ахуалға байланысты мәселелермен Мәскеуге баруға мәжбүр.
– Қаңтар оқиғасынан кейін бізде бар билік Тоқаевтың қолына шоғырланды деп жүрміз. Назарбаев – өзі айтқандай, қарапайым көп зейнеткердің бірі. Ешқандай лауазымы жоқ. Ендеше, Путин неге оны қабылдады? Астарында не бар?
– Қазақстан мен АҚШ арасындағы келісім-шарттарға Назарбаев қол қойды. АҚШ Қазақстанға қандай уәде берді? Қандай құпия келісімдер бар? АҚШ бірлескен зертханалары не істеп жатыр? Соны білгісі келеді деп ойлаймын.
Сосын, қазір тұңғыш президенттің інілері сотталып жатыр. Балаларына және өзіне кепілдік сұраған шығар. Назарбаевтың жеке мәселесі де бар. «Ақшамды тартып алмай, өзіме қалдырсын» дегендей.
Ішкі проблемаларға қатысты Путин Назарбаевқа «кіріспе, араласпа» деуі мүмкін. Путин бұрынғы және қазіргі президентпен бекер кездесіп отырған жоқ. Өте күрделі мәселе бар. Ресейдің талаптары бізге ұнасын-ұнамасын, бәрібір тәуелдіміз.
– Тоқаев пен Назарбаев неге Кремль қожайынымен екі бөлек кездесіп жатыр? Путинге бұл неге керек?
– Біз – Ресейдің құдай қосқан көршісіміз. Еліміз Ресей үшін аса маңызды. Ресейге бізден не керек?
Біріншісі – Қазақстанның екінші Украинаға айналмауы. Ресейге қарсы саясат жүргізбеуі. Екіншісі – елдегі орыстарға қысым жасамау.
Үшінші мәселе, бізде проблема болмау. Мәселен, сіздің көршіңізде проблема болып жатса, ол жағдай еріксіз сізге де әсер етеді. Әсіресе, Украинадағы жағдайдан кейін Ресей бізге ерекше назар аударып отыр.
Коллаж: ғаламтордан.
Ресей Беларусьті жақындатып алды. Путин мен Лукашенко жиі кездеседі. Беларусь соғыс кезінде орыс әскеріне шекарасын ашып берді. Ресей Беларусь мәселесін толық шешті. Енді Украинаның мәселесін қару-жарақпен шешпек. Енді Ресей Қазақстанды өзіне тартуға күш салып жатыр. Керек болса, қысым көрсетуге де әзір. Ешқайда жібергісі келмейді.
– Қазақстанға қандай талаптар қоюы мүмкін? Беларусь секілді одақтас ел болуға немесе америкалықтарды мұнай саласынан кетіруге шақыруы мүмкін бе?
– Мүмкін. Бірақ біз Беларусь секілді одақтас ел бола алмайтын шығармыз. Өйткені, біз – түркі халқымыз. Ал олар шын мәнінде де жақын халықтар. Бірақ Қазақстанға ынтымақтастықты, одақтастықты алға тартып, жақындатуға ұмтылады.
– Бұл бас қосудан соң елде дүрбелең қайталануы мүмкін бе?
– Өткен кездесуде тұңғыш президенттің биліктен кету мәселесі шешілген. Қазіргі кездесуде санкция, Батыспен қатынас, ішкі саяси мәселелер талқылануы мүмкін. Мынаны істейсіңдер, мынаны істемейсіңдер дегендей. Мәселен, кездесуден кейін кадрлық шешімдер қабылдануы мүмкін. Оны күту керек. Ресейдің бізге ықпалы зор.
– Тоқаев дипломат ретінде Путинмен кездесуде ұлттық мүдделерімізге қайшы келмейтіндей шешім қабылдай ала ма?
– Ресейге бізден керек үш нәрсені айтып өттім. Біз де бұған қарсы емеспіз. Ресейге қарсы шығып жатқанымыз жоқ. Елімізде тұратын орыстар қысым көріп жатқан жоқ. Тұрмысы жақсы. Ресей біздің ішкі саясатымызға терең араласпайды. Оларға да жібі түзу көрші керек.
– Әңгімеңізге рахмет!