Қазан айындағы сауда мәселелері. Қазақстан НЕГЕ Венгрия мен Қытай бағытын күшейте бастады?
Премьер-Министр Асқар Мамин Қазақстан – Венгрия стратегиялық кеңесінің V отырысына қатысуға келген Венгрия Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Михай Варганы қабылдады. Ал Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалдау мәселелерін Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесі Премьер-Министрінің орынбасары Хань Чжэнмен телефон арқылы сөйлесу кезінде талқылады.
Қазақстан мен Венгрия тараптары сауда-экономика, қаржы-банк, инвестиция, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, АӨК, ТМК, жаңартылатын энергетика, фармацевтика, білім беру және басқа да салалардағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Үкімет басшысы екі елдің ұлттық экономикаларын қалпына келтірудің жоғары қарқыны жағдайында Қазақстанның Венгриямен сауда-экономикалық қатынастары мен инвестициялық ынтымақтастығының даму әлеуетін атап өтті. Қазақстан-Венгрия бизнес-форумы аясында медициналық туризм, агроөнеркәсіптік кешен, жаңартылатын энергетика, көлік және логистика, қаржы салаларында бірлескен жобаларды іске асыру бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді. Келіссөз барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығы алаңындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қазіргі уақытта АХҚО-да Венгрияның «EXIM» банкінің өкілдігі жұмыс істейді, Венгрияның басқа да қаржы-банк құрылымдарымен өзара іс-қимылды кеңейту жоспарда бар. Венгрия экономикасы – Орталық және Шығыс Еуропа аймағындағы ең дамыған экономикалардың бірі. 2020 жылы елдің ЖІӨ $155 млрд құрады. Еуропалық комиссия болжамы бойынша, 2020 жылы 5%-ға құлағаннан кейін, 2021 жылы экономика өсімі 6,3% құрайды. Венгрия экономикасының жетекші салалары – машина жасау, АӨК, металлургия, құрылыс материалдарын өндіру, фармацевтика, азық-түлік өндірісі, көлік және логистика, жеңіл және химия өнеркәсібі. Биыл маусым айында Венгрия Қазақстанмен вакциналау паспорттарын өзара тану туралы келісім жасасқан алғашқы еуропалық ел болды.
Фото: primeminister.kz
Осы жылғы қыркүйек айында Нұр-Сұлтан және Будапешт қалалары арасында тұрақты тікелей әуе қатынасы жаңартылды. Алматы қаласы мен Венгрия астанасы арасында тікелей рейстер ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Кездесуге ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев және Қазақстанның Венгриядағы елшісі Жәнібек Әбдірашов қатысты.
-
Тақырыпқа орай: Биржалық сауда мен сыртқы сауда. Қазақстан қай бағытта келеді?
Венгриямен сауда ынтымақтастығын күшейту барысында, Қытай бағыты да ұмыт қалмады. Екі елдің вице-премьерлері Қазақстан-Қытай шекарасы арқылы жүк тасымалдау мәселелерін талқылады. Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалдау мәселелері Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов пен Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесі Премьер-Министрінің орынбасары Хань Чжэнмен телефон арқылы сөйлесу кезінде шешілді. Әңгіме барысында қазақстандық тарап автомобиль және теміржол көлігімен жүк тасымалдау көлемінің азаюына байланысты шекарада үлкен көлемде жүктердің жиналып қалғанына алаңдаушылық білдірді. «Достық – Алашанькоу» шекара бекетінде Қазақстаннан Қытайға өтетін пойыздардың саны тәулігіне 16-дан 5-6-ға дейін төмендеді. Шекарада 7 мыңға жуық автокөліктің кезекте тұрып қалғаны алаңдаушылық туғызады.
Фото: primeminister.kz
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ә.Смайылов барлық жүк тиелген вагондарды Қытай тарапы қабылдауға дайын екенін мақұлданғанын атап өтті. Ол сондай-ақ теміржол көлігі саласындағы халықаралық келісімдер аясында тасымалдау жоспарын мақұлдаған тарап жүкті өз аумағына қабылдауға міндетті екенін еске салды. Тараптар жақын арада санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, бірлескен күш-жігермен бұл мәселені шешу үшін барлық мүмкін шараларды қабылдауға уағдаласты. Сондай-ақ Қытай тарапы автокөлікпен, оның ішінде «Қалжат» өткізу бекетінде көлік қозғалысын қалпына келтіру арқылы жүк тасымалын ұлғайтуға дайын екендігін білдірді.
Телефонмен сөйлесу соңында тараптар екі ел арасындағы Ынтымақтастық комитетінің отырысын өткізу мүмкіндігін талқылады. Естеріңізге сала кетейік, Комитеттің 10-отырысы биыл Қазақстанда өтуі тиіс. Ол онлайн түрде өтеді деп жоспарланған.