Қазақты мұнайға тәуелділіктен не құтқарады?
Қара мұнайдың бағасы бұлт ете түссе, Қазақстанның экономикасы ыңқ ете қалады. Бұрын да солай болған, қазір де сол қалпынан өзгерген жоқ. Себебі ел билігі әдеттегідей келер жылдың бюджетін нарықтағы мұнай бағасына қарап бекітеді. Экономиканың даму ықтималдығы да мұнай құны бойынша болжанады. Ал ел экономикасын алға сүйреуі тиіс аграрлық сала әлі батпаққа батып жатыр.
Астықтан неге қаштық?
Қазақстанның кезінде миллиард пұт астық өндіргенін, қазақтың қойы бүкіл Кеңес әскерін асырағанын айтып, әңгімені көбейтпей-ақ қояйық. Қазіргі жағдайымыз қандай? 2019 жылдың қаңтары мен 2020 жылдың қаңтар айы аралығында елімізде азық-түлік бағасы 10 пайызға жуық қымбаттады. 188 миллион гектар жайылымдық жері бар, әлемде теңдессіз сапалы бидай өсетін егістік алқаптары бар Қазақстан әлі күнге дейін өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ете алмай отыр. Неге?
Stan Petersen from Pixabay
Мұның себебі көп. Естеріңізде болса, осыдан 4-5 жыл бұрын еліміз ұн экспорты бойынша әлемде алдыңғы орынға шыққан. Өйткені қазақ бидайы сапалы. Көптеген елдер оны нан өндірісінде жақсартқыш қоспа ретінде пайдаланады. Қазақстан қазір бұл орнынан айрылып қалды. Соңғы жылдары астық экспорты да төмендеп барады. Тіпті үкіметтің өзі астық өндірісін дамытуға құлықсыз секілді көрінеді. Өйткені дәнді-дақылдарды біртіндеп майлы дақылдар алмастыра бастады. Мұның себебін астық экспортындағы қиындықтармен түсіндіргісі келетіндер көп. Егер мемлекет шынымен құлшыныс танытса, астықтан орасан табыс табуға болар еді. Себебі көрші Қытай астықты Австралия мен АҚШ-тан тасып отыр. Қазақтың бидайы олардан артық болмаса, кем емес. Бірақ Қытай бізден бидай алуға құлықсыз. Ал Украина соңғы бес жыл ішінде Қытайға астық экспортын 20 есе арттыруға қол жеткізді. Ендеше, қазақтың мұнайы мен газына мелдектеп отырған Қытайға астық экспорттауды мемлекет осы уақытқа дейін неге шеше алмады?
Екінші мәселе, қазақ диқандарында астық сақтайтын орын жоқ. Кеңес кезінен қалған элеваторлар жекенің қолына өтіп кеткен. Астық аз шықса да, көп шықса да – шаруаға зиян. Өйткені сақтайтын орыны жоқ. Кей жылдары тіпті орылмаған қып-қызыл бидай әппақ қардың астында қалады. Бұл мәселені де үкімет осы уақытқа дейін шеше алмады.
Қазақ қызылсырап отыр
Жеті атасынан бері мал өсіріп келе жатқан қазақ қазір етке жарымай отыр. 188 миллион жайылымдық жері бар Қазақстанда мал саны аз. Сырттан келетін ет мөлшері азаймақ түгілі артып барады. Мұны өткен жылы Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің өзі айтқан. Оның келтірген деректеріне қарағанда, үш жыл бұрын шетелден 160 мың тонна құс еті импортталса, қазір бұл көрсеткіш 191 мың тоннаға жеткен. Яғни, импорт жыл сайын 10 мың тоннадан өсіп келеді. Ал 191 мың тонна дегеніңіз, Қазақстан халқы тұтынатын құс етінің 51 пайызы.
Мұны аз десеңіз, қазақ елі қазір жылқының етін де шетелден тасуға мәжбүр. Оның көлемі де көтерілді. Мәселен 2016 жылы 900 тонна жылқы еті сырттан жеткісілсе, 2018 жылы 2,5 есеге көтеріліп, 2 мың тоннадан асқан.
24.kz
Біз мұндай күйге қалай түстік? Әркім әртүрлі пікір айтуы мүмкін. Ал біздің пайымдауымызша, ет мәселесіне келгенде қазақ үкіметі жаңылды. Бар күшін шетелден 72 мың асыл тұқымды іріқара сатып алуға жұмсады. Сол кездегі жоспар бойынша, еліміз 2020 жылы Ресейге 180 мың тонна сиыр етін шығарып, байлықтың астында қалуы тиіс-тін. Бұл жоба құрдымға кетті. Кейбір деректерге қарағанда, қазір импорт экспорттан 8 есеге асып кеткен. Осылайша, бос жатқан жайылымды пайдаланбай, «ипортный» сиырларды қорада көбейтіп, пайда таппақ болған үкіметтің жобасы миллиартарды жұтып тынды әрі қазақты етсіз қалдырды.
Өзгелер не істеп жатыр?
Енді бір сәт өзге елдердің аграрлық салаға қалай көңіл бөліп жатқанына назар аударайық.
Канада
Канадада фермерлерді мемлекеттік қолдаудың бес жылдық стратегиясы бекітіледі.
Мәселен 2018-2023 жылдарға арналған құжатта шаруаларды алты басым бағыт бойынша қолдау қарастырылған. Соның бірі – AgriStable. Яғни, фермердің табысын сақтандыру. Бағдарлама жер иесінің соңғы 5 жылдағы орташа табысының кем дегенде 70% мөлшерінде пайда алатынына кепілдік береді. Егер пайда аз болса, фермерге өтемақы төленеді. Мысалы фермер 40 мың доллар кіріс алса және оның орташа жылдық пайдасы 100 мың доллар болса, ол кем дегенде 30 мың доллар көлемінде қосымша үстемеақы алады. Мұндай мемлекеттік қолдаудың шегі 3 миллион долларға дейін.
Польша
Бұл елде диқандарды субсидиялаудың үш түрі бар. Негізгі субсидия гектарына 115 доллар, «жасылдандыруға» 77 доллар, жас аграрийлерге 1 доллар. Жер емген диқандардың барлығы да, алдыңғы екі субсидияны ала алады. Бірақ бұл қолдаудың шегі емес. Ішкі нарықта белгілі бір дақылдарға сұраныс артса, субсидия да көбейеді. Мысалы 2018 жылы қызанақ еккен шаруаларға әр гектар үшін 825 доллардан қаржы берілген.
Сондай-ақ, поляк фермерлеріне әр бас мал үшін субсидия төленеді. Бір сиырға 93 доллар, бір қойға 25 доллар, ал ешкіге 13 доллар.
Молдова
Бұл елде мемлекеттік субсидиялау бағдарламалары Ауылшаруашылық министрлігі және ауылдық аумақтарды дамыту ұлттық қоры арқылы қаржыландырылады. Диқандарға әр гектарына субсидия төленеді. Одан бөлек, мемлекет жаңа ауылшаруашылық техникаларын сатып алу шығынын өтейді. Кез-келген жабдық үшін өтемақы төленеді. Төлем ставкалары әртараптандырылған: шетелдік техниканы сатып алса – 25 пайыз, ал молдова техникасын сатып алса – 35 пайыз. Өздігінен жүріп жүзім жинайтын комбайн сатып алса, 42 мың доллар беріледі.
Қытай
Кез-келген ауылшаруашылығы техникасын сатып алған фермердің жарты ақшасын үкімет қайтарып береді. Яғни, шаруа техниканы жарты бағасына сатып алады. Диқандар өнімді қайда өткізем деп басын қатырмайды. Шаруаның міндеті – өсіру. Мемлекет қымбат бағаға сатып алады да, бағасын төмендетіп, нарыққа түсіреді. Осылайша, Қытай үкіметі шаруаны да қолдап, халықты да асырап отыр.
Бақытгүл Елшібаева, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы бойынша Жергілікті қауымдастықтар қорының атқарушы директоры:
Б.Елшібаева
– Бұл жерде үш мәселе бар. Ең біріншісі, жоғарыдан бөлінген ақша шаруаға жетпей, талан-таражға түсіп кетеді. Мұның себебі министрліктегілер болсын, үкіметтегілер болсын, атамзаманнан аграрлық саламен айналысып келе жатқан адамдарға не керектігін зерттемейді. Әр шенеунік өзі білгенімен жүреді, фантастикалық идеяларын іске асыру үшін ұсыныстар жасайды. Ол ұсыныстар қабылданып жатады. Оның қайыры болмайды, жобалар жұртта қалады.
Екінші мәселе, қазір мемлекет халыққа былай деп айтады: «Біз барлық бағдарламаларды жасап қойғанбыз, лизинг те бар, несие де бар. Алам десең, әнеки!». Бірақ соның бәрі жоғарыдағыларға жақын жүретін адамдардың қолында кетеді. Техникалар үлкен компанияларға, корпорацияларға берілсе, беріліп жатқан шығар. Бірақ қарапайым шаруаларға жетпейді. Негізі, мемлекет шаруаларға несие немесе техника беріп қана қоймауы керек. Алдымен олардың қаржылық сауаттын артыру қажет. Несие беріп, мойнына мініп алмай, ары қарай жетектеп отыратын бағдарламалар болуы тиіс деп ойлаймын.
Үшінші мәселе, қазір шаруаның тәуекелі көп. Өйткені олар не өсіру қажеттігіне жылдап бас қатырады. Ертең өсіргенмен, өтпей қала ма деп қорқады. Сондықтан аймақ-аймақ, өңір-өңірде тауар тарату орталықтары болуы қажет-ақ. Делдалсыз сатылатын болса, ол фермерге де, тұтынушыға да тиімді. Бізде осы мәселеде бір жолға қойылмаған.