15 Наурыз 15:02
...

Қазақтар АҚШ-ты «жарып» жатыр

Фото:

Қазақтар АҚШ-ты бағындыра бастады десек, көп қателеспейтіндейміз. Әрине, әскердің қуатымен емес, қазақ топырағында туған таланттардың күшімен. Соңғы бірнеше аптада АҚШ-та өтіп жатқан мәдени шараларда басты жүлде, басты орын қазаққа бұйрып тұр. 

Мәселен, күні кеше «ғарыштан келген бала» –  Димаш Құдайбергеннің Across Endless Dimensions бейнеклипі АҚШ-тың MTV апталық рейтингінде көш бастады.

Бұл – Димаштың АҚШ-ты бағындырудағы алғашқы қадамы екеніне кәміл сенеміз. Тіл-көзден сақтаса, қазірдің өзінде табиғатта өте сирек кездесетін дарынымен әлем жұртшылығының сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген қазақ баласына АҚШ-тың шоу-бизнесін аузына қарату сөз емес-ау.

Бүгін, міне, жиырма жастағы қазақ Иманбек Зейкенов америкалық рэпердің «Roses» композициясына жасаған ремиксі үшін Грэмми сыйлығын алды. Оның бұл туындысы YouTube-те 1 миллион рет қаралып, Billboard Hot 100 ретингісінің үздік бестігіне кірген. Ал өткен мамыр айында британдық хит-парадта көш бастады.

Бір қызығы, Иманбектің музыкалық білімі де жоқ. Пойыз жолда жұмыс істейтін қарапайым теміржолшы. Музыкалық білімі бар, осы салада талмай, пәленбай жыл тер төгіп жүрген әлемнің небір әншілері мен музыканттары қол жеткізе алмай жүрген жүлде қазақ теміржолшысының қанжығасына байланды. Ремикс ең танымал он композицияның ішіне кіріп отыр.

Әзірге бас алдырмай тұрған сала – кино. Десе де, Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильмі «Үздік шетелдік фильм» номинациясы бойынша «Оскар» сыйлығының  шорт-листіне іліккені есте. Бұл – «Оскарға» бір қадам ғана қалды деген сөз.

Соңғы жылдары қазақ киносының Еуразия аймағында зор сұранысқа ие болып, көрермендердің көзайымына айналып келе жатқанын ескерсек, бұл күн де алыс емес сияқты.

Дегенмен,  жақында кино саласында бір «жалған-қазақ» айды аспанға бір-ақ шығарған еді. Сайқымазақ Саша Барон Коэннің  «Борат-2» фильмі көш бастап, комедия немесе мюзикл жанрындағы үздік фильм ретінде «Алтын глобусты» жеңіп алды. Әйтеуір, Қазақстанға үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын Борат осы фильмнің жарнамасын қатырды. Әлемнің ірі шаһарларында қазақтың көк туын желбіретті.

Мұнысын ұнатпасақ та, «ұлттық, нәсілшілдік, кемсітушілік» ретінде қабылдасақ та, қайысқан қолдың байрақтарындай тұс-тұстан туымызды көтеруін жақсы ырымға бағалаған едік. Сондықтан ба, кім білсін, енді нағыз қазақтар АҚШ-тың, әлемнің мәдени кеңістігін бағындыра бастады. Ұзағынан сүйіндіргей!

Тегтер: