Қазақстанның авторлар қоғамын НЕГЕ «Путиннің адамдары» билеп-төстеуі керек?
Осы аптада Қазақстандағы авторлар қоғамы бас көтерді. Олар «Авторлық және сабақтас құқықтар» туралы заңға Әділет министрлігінің өзгеріс енгізуіне қарсылық танытты. Қоғам өкілдерінің айтуынша, енгізілмек түзетулер монополияға қарсы заңнаманы бұзып қана қоймай, ресейлік ұйымдардың мүддесін көздейді.
NEGE тілшісі «Қазақстан авторлар қоғамы» (КазАК) төрағасы Байғали Есенәлиевтен пікір сұрады.
– Әділет министрлігі авторлар қоғамын Ресейлік компанияның иелігіне өткізуге ниетті екенін айтып дабыл қақтыңыздар. Осының жай-жапсарын өз аузыңыздан естісек.
– Біз 2018 жылға дейін Швейцарияның авторлар қоғамы берген КОСИС деген бағдарлама бойынша жұмыс істеп келдік. Ол авторлық сыйақыны жинау, бөлу және төлеу процестерін автоматтандыру және соның нәтижесінде авторлар мен авторлық құқық иелеріне қолайлы жағдай жасайды. Бұл бір жағынан авторлық сыйақының ашықтығын да қамтамасыз етеді. Сөйтіп олар бағаны көтеріп жіберді де, жылына 12 мың еуро төлесің деді. Біздің ол соманы төлеуге жағдайымыз келмеді. Сөйтіп сан соғып отырғанымызда ресейліктер көмек қолын созатынын айтты.
Осылайша, 2021 жылы біздің Қазақстан авторлар қоғамына Ресейден Андрей Кричевский бастаған делегация келді. Ол – Ресей Федерациясындағы барлық зияткерлік меншіктің иесі. Ресейлік «Фонмикс» компаниясына Никита Михалковтың (Батыс санкциялар тізіміне енген) қатысы бар. Сайып келгенде бәрі Путиннің адамдары. Олар авторлардың шығармалары мен қаламақысын бір жүйе бойынша есептеп беріп отыратын «Гиперграф» атты бағдарламаны тегін тарту ететінін айтып, төбемізді көкке жеткізді.
Арада біраз әңгіме өрбіген соң олар бізді асықтырып, аккредитация беруімізді талап етті. Біз одан бұрын бірлестіктің директоры Балнұр Қыдырбек пен қаржы директоры Айнұр Есенбекова бәріміз «бұл қайдағы батпан құйрық» десіп, олардың әрекетіне күмәнмен қарап жүрдік. Сөйтіп, «алдымен мазмұнымен танысып алайық» деп келісімшартқа қол қоюдан бас тарттық. Олар ойламаған жерден бағдарламаны бермейтінін айтып, мінез көрсетті. Сонда біз өзімізге қарасты отандық және шетелдік 4 млн-дай автордың құқығын соларға ұстатып жіберуге тиіс екенбіз. Нәтижесінде қазақстандық авторлық қоғам тек қағаз жүзінде ғана өмір сүретін болады.
– Яғни, түсімді өздері қалтасына басып отырады деген сөз ғой?
– Әрине, егер қол қойып жіберсек, авторлардың өнімін пайдаланып отырған еліміздегі мейрамхана, кафе, телеарна, ойын-сауық орталықтарының базасымен қатар реквизиттерін соларға беруге тиіспіз. Бас тартқанымыз сол еді, бізді қорқыта бастады.
Бізден ештеңе шықпаған соң олар «Аманатқа» барып, айласын асырған. Оның директоры Любовь Балмағамбетова біз бас тарқан келісімшартқа қол қойып жіберген. Содан бастап «Аманат» авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау коммерциялық емес ұйымының жағдайы қиындай бастады. Бірақ олардың авторлары мен базалары біздікіндей көп емес, жүз шақты ғана. Және олар ешқандай шетелдік авторлар ұйымымен байланыс орнатпағандықтан, ресейліктер олардан еш пайда көре алмады. Содан Кричевский бастаған топ қайта біздің соңымызға түсе бастады. Артымыздан түрлі арыз жазып, үстімізден қылмыстық іс қозғатқан.
Содан Алматы қалалық полиция департаментінің бұрынғы бастығы Қанат Таймерденовтің бұйрығымен Алмалы аудандық соты біздің сыртымыздан шешім шығарып, Қаңтар оқиғасынан бес күн бұрын офисімізге бет-ауыздары тұмшаланған қарулы топ басып кірді. Олар ай күннің жарығында қолымыздағы есеп құжаттарымыздың барлығын тартып алып кетті. Банктегі есепшоттарымызды дерлік бұғаттап тастады. Балнұр Қыдырбек екеуімізге кісен салып алып кетпекке ұмтылған еді, заңгерлеріміз «прокуратураның санкциясынсыз қақыларыңыз жоқ» деген соң бізді босатты. Егер сол сәтте түрмеге түссек, біз де түрлі желеумен қаңтар оқиғасының құрбаны болар ма едік.
Сөйтіп бұлар соңында бізге Сенат пен Парламент арқылы тізе батыруға көшті. Өздеріңіз білетіндей, жуырда Сенат депутаты Жанна Асанова мен Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков «Авторлық және сабақтас құқықтар» туралы заңға өзгеріс енгізу мәселесін көтерді. Ұсынылған өзгерістерге сәйкес Қазақстанда авторлық құқықты басқарушы компанияларды жояды. Ал олардың функциялары ведомствоға бағынатын кәсіпорынға беріледі. Осы ретте депутат Стамбеков ҚР эфирлік дыбыс және Музыка мониторингі жөніндегі уәкілетті органның цифрлық операторы ретінде «Фонмикс» ЖШС-ны енгізуді ұсынды. Олардың сапындағы Темірлан Төлеген болса, Кричевскиймен тікелей жұмыс істеп отыр. Егер олардың дегендері іске ассаа, біз «басқыншы елге демеу көрсетуші мемлекет» болып шыға келеміз.
– Білуімізше, ҚазАҚ – 118 елдің басын қосқан CISAC халықаралық конфедерациясымен тікелей байланыс орнатқан жалғыз қазақстандық ұйым. Ресейлік «Фонмикстің» сіздерге күш көрсетуіне негізгі себеп осы болса керек. Осы ретте конфедерация өкілдері көмек қолын созатын сыңай танытып отыр ма?
– Былтыр «КазАК» тағы бір халықаралық ұйым IFRRO-мен (International Federation of Reproduction Rights Organisations) келісімге қол қойған. Оған әлемнің 85 елі мүше. Бұл ұйымдар Қазақстандағы жаңсақтыққа алаңдаушылық білдіріп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап, Сенет төрағасына, Әділет министріліге және Мәдениет министрлігі мен Қазақстан авторлар қоғамының бас директоры Айнұр Есенбекованың атына хат жолдады.
– Қазақстанда не көп авторлар қоғамы көп. Неге?
– Бұл – Назарбаевтың тұсында жіберілген қателік. Оның «қоғамның әр саласында бәсекелестік болу керек» деген сөзін желеу етіп, Әділет министрлігі түрлі қоғамдарды қаптатып жіберді. Сегіз коммерциялық мекеме ашылған екен.
Енді 2022 жылы президент Тоқаевтың «креативті индустрия бойынша дамуды қолға алуымыз керек» дегенін әркім өз мүддесіне пайдаланып, қалауынша заңға өзгеріс енгізбек.
– Дегенмен, дамыған елдердегідей бір ғана авторлар қоғамын қалыптастырып, оны мемлекетке қарасты етсе, мәселе шешілер еді дегендер де бар. Бұған қалай қарайсыз?
– Авторлар қоғамы мемлекетке ауыз ашпай, керісінше, салық төлеп отырған мекеме. Авторлардың қаламақысын жинап берумен қатар арасында қолдан келгенше әлеуметтік көмек көрсетіп жатады. Ал қолдауға мұқтаж болып отырған Жазушылар одағы, қараусыз қалған Суретшілер одағы, қайыршының күйін кешіп отырған Композиторлар одағы бар.
– Қай елге қарасақ та, авторлар қоғамы мәдениет минитрлігіне қарайды екен. Ал сіздерді Әділет министрлігіне телміртіп қоюдың астарында не жатыр?
– Мен бұл мәселені Арыстанбек Мұхамедиұлы министр кезінде көтердім. «Хат жаз» деді, жаздым. Соңында жауабын естімекке арнайы барғанымда бас заңгері: «Сіздердің авторлардың ішінде ғылым мен білім өкілдері де бар екен. Сондықтан Мәдениет министрілігің қарамағына өтеміз дегендеріңіз орынсыз», – дегенді айтты.
Бізге тіркелген авторлардың 99 пайызы өнер мен мәдениет және әдебиет өкілдерінен тұрады. Мүліктік құқығы қорғалмайтын ат төбеліндей ғана білім мен ғылым мамандарының не үшін кедергі бола қалғанын түсінбедім. Одан кейінгі министр болған Ақтоты Райымқұлова да бұл ұсынысымызды қоштамады. Барлығының дерлік ат тонын ала қашқандарына қарағанда, Әділет министрлігінен ескерту жасалған сыңайлы.
Ендігі үміт – креативті индустрияны бір жолға қоюға ұмтылып жүрген Аида Балаевада.