13 Тамыз 15:43
...

Қазақстандықтардың несиесі кешірілсе не болады? Қаржыгердің жауабы

Фото:

Несиесі жоқ адамды елестету өте қиын. Әрбір қазақты толғандырып отырған мәселенің бір ұшы осы несиеге келіп тіреледі. Біз бай болғымыз келеді. Ақшаны шытырлатып санап отыруды армандаймыз, қатарымыздан қалғымыз келмейді. Сол себепті бүгінде несиеге тәуелділік есірткіге тәуелділік сияқты өршіп барады. Әрбір 10 адамның 8-нің басында несие бар.

Қарыз күліп келіп, жылап қайтады

Бүгінгі күні жеке қаржыны дұрыс басқармаудың салдарынан қаржылай тапшылық көріп жүрген адамдар өте көп. Осындай бай-қуатты мемлекетте кедей адамдар неге көп деген сауал туындайды.

Несие кешіріледі дегенде, құлағымыз елең ете қалары анық. 4 тамызда қоғам белсендісі Жанболат Мамай Ақордаға несие амнистиясын қолдаған 100 мыңға жуық адамның қолы қойылған петиция өткізген. Әлеуметтік желіде қоғам белсендісін жақтаушылар көп болғанымен, қаржы саласынан сауаты барлар мұны популизмге балады.

2019 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 26 маусымдағы жарлығымен 500 мыңнан астам адамның қарызы кешірілді. Бюджеттен көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың төлей алмай отырған несиесін, сондай-ақ кепілсіз несиелерді кешіру үшін шамамен 105 млрд теңге бөлінген.

Егер билік қазақстандықтардың несиесіне түгел амнистия жарияласа не болады? Nege.kz тілшісі қаржыгердің жауабын тыңдап көрген еді.

Қаржыгер Жасұлан Көшебаевтың айтуынша, халықтың несиесін түгел кешіру – құрдым. Өйткені, оның салдары халықты масылдыққа алып келеді.

«Кешірілген қателік қайталанады»

Бұл, әрине, халықтың несиесін бір рет кешіруге болатын амнистия. Бірақ, бір рет кешірілгеннен кейін екінші рет те кешірілуі мүмкін деп күтіп жүретіндер пайда болады. Сәйкесінше, халық қайтадан несиеге бұрынғыдан да батуы мүмкін. Адамның ойында «менің несием бір рет кешірілді, болашақта да бұл жағдай қайталанып, несием кешірілуі мүмкін» деген ой туындайды. Сондықтан мұның арты масылдыққа алып келеді. Экономикамызға да кері әсерін тигізеді. Бұл жерде нақты қандай несие және кімдердің несиесі кешірілетіні түсініксіз болып отыр. Жалпы әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың несиесі кешірілу туралы сөз қозғалатын болса, Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 105 млрд теңге тұтынушылық несиелері кешірілді деген ақпарат шықты. Негізі несиені бұлай кешіре салғаннан гөрі, азаматтарды жұмыспен қамтып, ақша табудың жолын үйрету тиімді. Яғни, балықтың орнына қармақ ұстатып, оларды балық аулауға үйреткені жөн. Жұмыс тауып беру, жағдайын жасау немесе несие алудың оңай, жаңа механизімін ойлап табу тиімдірек. Әлеуметтік жағдайы төмен топтарға несие берілсе де, жеңілдетілген аз пайызбен ұзақ уақытқа бағытталған несиелер жаңа механизммен берілсе, бұл жақсы үрдіс болатын еді. Несие бермесе де, жұмыс тауып беріп табысын арттыруға жәрдемдесу де жақсы ой.

Несиенің кешірілуі банктерге тиімді

Ел экономикасына келер болсақ, несиенің кешірілуі банктерге өте пайдалы. Себебі, банктердің көпшілігі халықтың табысының азаюы салдарынан өздеріне тиесілі ақшаны өндіре алмай отыр. Елімізде халықтың несиеге бату көрсеткіші өте жоғары.

Қазір елімізде 7,4 млн адамның несиесі бар. Бұл жерде экономикалық белсенді адамдардың саны 9 млн-нан астам болса, сәйкесінше 81%-ның басында несие бар деген сөз. Тек 19%-ы ғана несиеден ада. Яғни, несие ақша алудың негізгі драйвері болып отыр.

Азаматтар несие арқылы өз қажеттіліктерін қанағаттандырып жатыр. Банктер де осы несие арқылы күн көріп отырғандықтан, несиелердің жабылуы оларға пайдалы. Қазір банктердің жағдайы өте қиын. Елімзде 5 банк мемлекеттен ақша сұрап отыр. Коронавирустық дағдарыс кезінде үлкен шығынға ұшырағандары тағы бар. Осы мәселелерді қысқа мерзімде шешу банктерге тиімді. Сол себепті, банктерді құтқарамын, халыққа көмектесемін деген ой жақсы болуы мүмкін. Бірақ бұл елімізге, экономикамызға үлкен шығындар алып келуі мүмкін.

Моральді жағынан алып қарайтын болсақ...

Соңғы статистика бойынша, елімізде 25 трлн теңге несие портфелі бар. Соның ішінде тұтынушылық несиенің саны 4 трлн теңге. Бұл жерде 4 трлн теңге төлеуге мемелкеттің қауқары жетеді. Бірақ, сол қаражатқа бірнеше жұмыс орнын ашып, әлеуметтік маңызы бар бірнеше нысан салғаны дұрыс.

Адал еңбегімен несиесін қайтарып, салықты да төлеп жатқан азаматтар бар. Сол азаматтардың да игілігін қарастырғанымыз жөн. Мысалы, 4 трлн теңгені мен төлеген салықтан алып, басқа бір адамның несиесін жауып беру – мен үшін әділетсіз. Мен сияқты ойлайтын азаматтар жетерлік. Несиені кешіргенде де осы мәселені ескеру керек. Ол халық арасында дау тудырмағаны абзал. Халықтың адал еңбегімен тапқан ақшасы халықтың игілігіне жұмсалғаны жақсы. Тұтынушылық несиелер жеке адамның телефонына, теледидарына, тоңазытқышына, киімдеріне және керек емес тұрмыстық зат алуына жұмсалуы мүмкін. Моральді жағынан алып қарайтын болсақ, бұл, әрине дұрыс емес.

Әлемдік тәжірибеде халықтың несиесі кешірілген елдер бар 

Мұндай жағдай Грузияда, Арменияда болды. Несиені кешіру – популистік бағытта, яғни халыққа ұнау бағытында жасалады. Көп жағдайда халықты алдап, сеніміне кіру және өзінің саяси мақсаттарына қол жеткізу үшін пайдаланылады. Шынайы экономикалық көзқараспен қарайтын болсақ, мұның елге берер пайдасы аз. Грузия, Армения тәжірибесіне көз жүгіртіп қарайтын болсақ, бұл елдердің экономикасына серпіліс әкелген жоқ. Халық арасында да үлкен дау-дамай тудырды. Әлі де Грузияда қарызға батқан үмітсіз несиелердің деңгейі өсіп келе жатыр. Бұдан Грузияның халқы ешқандай да сабақ алған жоқ. Сәйкесінше, халықтың несиесін кешіре салу дұрыс емес екенін көрсетті.

Егер де халыққа пайдалы іс жасағысы келсе, несиелендіру механизімін жетілдіру керек. Несиенің үлкен мәселеге айналуы – банктердің дұрыс жұмыс естемеуінен. Банктердің дұрыс іс жүргізбеуін не себепті біз көтеруіміз керек? Банк өзі берген несиесін қайтара алмады ма, шығынға батты ма? Онда ол банк нарықтан кетсін. Ол өзгелерге сабақ болады. Несие беру механизімін дұрыс жетілдірмесек, несие беретін адамдарды дұрыс таңдамасақ, бәріне бірдей несие үлестіре беретін болсақ, біз ертең банкротқа ұшыраймыз дейтін ой болу керек. Егер мемлекет әр қиындық сайын құтқара беретін болса, банктер өз жұмысын тоқтатуы керек.

Банкроттық заңды енгізген дұрыс

Несиені кешірудің орнына мемлекет «жеке тұлғалардың банкроттығы» туралы заңды ойластырғаны жөн. Себебі сол заң арқылы мемлекет халықтың осындай мәселелерін шешіп бере алады. Егер азамат банк алдындағы несиесін төлей алмайтын болса, өзінің банкроттығын жарияласын. Сол кезде ешқандай да несие төлемейді, сәйкесінше кейін несие де ала алмайды. Бірақ бұл оған үлкен сабақ болары анық. Бұл жерде мемлекеттің де басы ауырмайды, азамат та өзінің банкроттығын жариялау арқылы қарыздық жүктемеден құтыла алады. Бұндай заңдар әлемдік тәжірибеде қолданылады. Қазақстанда да осы заңды біртіндеп халыққа түсіндіріп, сол заңның аясын қарастыратын уақыт келді деп ойлаймын. Себебі, елімізде несие алатындар саны өте көп. Бұл мәселе ары қарай да бола бермек. Менің ойымша, бұл мәселені халық пен банктің арасында қалдыру керек. Банкроттық заң өте тиімді. Сол себепті банк те өзінің несиесін оңды-солды шаша бермейтін болады.

Оңды-солды несие алу – сізді қу тақыр кедейлікке алып баратын тура жол. Несие – бизнесмендерге арналған құрал. Олардың айналым капиталын кеңейту үшін, толықтыру үшін несие алу дұрыс. Қарыз алмай, несиеге батпай қаржылық сауаттылығымызды арттырып өз қаражатымызды тиімді басқаруды үйренетін уақыт жетті. 

Тегтер: