13 Ақпан 12:23

Қазақстандық «қара тізім»: Еуроодақ кімдерге санкция салмақ?

Фото:

Еуропа біздің еліміздегі адам құқығына қатты алаңдап отырған жайы бар. Тіпті, Еуропарламент бұған орай арнайы қарар қабылдап та тастады. Осы құжатқа сенсек, «соңғы кезде Қазақстанда адам құқықтарына қатысты жалпы ахуал нашарлап кеткен» көрінеді.

Еуроодақ депутаттарының пікірінше, «пандемия кезінде шектеулерді пайдаланып, саяси қуғын-сүргінді күшейткен». Сондықтан олар Еуропалық Одақ Комиссиясының вице-президентіне, халықаралық істер және қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкіл мен ЕО мүше мемлекеттеріне сауал тастап, «адам құқығын бұзып отырған тұлғаларға жеке санкциялар қолдану мүмкіндігін қарастыруға» шақырды.

Жалпы, Еуроодақ қазақ билігін алғаш рет сынға алып отырған жоқ. Мәселен, ЕҚЫҰ Қазақстанда өткен сайлауларды ешқашан халықаралық талапқа сай болды деп мойындаған емес. Ал биліктегі тұлғаларға санкция салу мәселесі – төтен жағдай.

Қарарда не айтылған?

Депутаттардың айтуынша, біздің елдегі құқық қорғаушы, белсенді, оппозиция жақтаушысы және журналист  қысымға, қауіп-қатерге және қудалауға тап болған көрінеді.

Нақты тоқталсақ, қарар 27 тармақтан тұрады. Атап айтқанда, Еуропалық депутаттар Қазақстан билігін:

  • халықаралық міндеттемелерді сақтауға және адам құқықтарын сақтауға;
  • саяси астары бар айыптарды алып тастауға және құқық қорғаушыларды, діни ұйымдарды, оппозиционерлерді, журналистерді тұтқындамауға, репрессия мен қудалауды тоқтатуға және адамдарға өздерінің саяси, діни және басқа көзқарастарын еркін білдіруге мүмкіндік беруге;
  • осы еркіндікке кепілдік беру үшін бейбіт жиындар туралы жаңа заңға өзгертулер енгізуге;
  • барлық саяси тұтқынды дереу босатуға және толық ақтауға және оларға өтемақы төлеуге;
  • елді одан әрі жаңғыртуға бағытталған реформалар жүргізуге, парламентаризм мен көппартиялық жүйені дамытуға, сондай-ақ, азаматтық қатысуды кеңейту үшін Қазақстанның саяси жүйесін реформалау жөніндегі шараларды күшейтуге шақырған. 

Әрине, азаматтық қоғам белсенділері Еуропарламенттің бұл қарарын қуана қолдайды. Десе де, алыстағы Еуропа сынады екен деп Ақорда жүргізіп отырған саясатын әп-сәтте өзгерте қоймасы да мәлім. Сонымен билікте отырған жоғары лауазымды тұлғаларға Батыс тарапынан санкция салынуы қаншалықты мүмкін нәрсе?

Бұл сауалға сарапшыларымызды пікірі сан-саққа жүгіріп отыр:

Тоғжан Қожалиева, тіркелмеген «ХАҚ» партиясының лидері:

АҚШ та санкция салуы мүмкін

– ЕҚЫҰ өкілдері парламент сайлауы алдында бір топ қоғам белсенділерімен сөйлесті. Оның ішінде мен де болдым. Сайлау кезінде заң бұзушылықтарды тіркеп, деректерді, есептерімізді соларға әдейі жіберіп отырдық. Шымкентте бюллетеньдерімізді алып қойған жағдай болды. ЕҚЫҰ-ға шағымданғаннан кейін ғана қайтырып берді. Сайлау кезінде ЕҚЫҰ-ның көмегі көп болды. Соның нәтижесінде ЕҚЫҰ қарары шықты.

 «Эха», «Еркін Қазақстан» және басқа да бірқатар халықаралық ұйымдардың басындағы жағдай өздеріңізге мәлім. Тек бұларға ғана емес, бақылаушыларға да көп қысым жасалды. Еуропарламент қарары осы жағдайдың нәтижесі.

Мәселен, 1 400 куәлік дайындағанбыз. Соның 200-і ғана сайлау учаскелеріне жетті. Бір ғана Шымкентте 600 куәлігімізді алып қойды.

Ресми тұлғаларға санкция салынуы әбден мүмкін. Еуропадағы қазақстандық оппозиция «қарабеттер» тізімін жасап жатыр. Үш ай бұрын бұл тізімді АҚШ конгресіне тапсырды. Бірақ тізімде кімдердің бар екенін айтқан жоқ. Ол тізімді Конгресс қабылдап алды. Келесі айда Конгресс қабылдаған қарар шығуы мүмкін. Негізі мұндай тізім Беларусьте де бар.

ЕҚЫҰ-мен қатынас жасағандағы біздің мақсатымыз – шынайы реформаларға қол жеткізу. Партияны тіркеу, митингке шығу қиындап кетті. Саяси реформалар қағаз жүзінде жарияланғанымен, іс жүзіне келгенде, бұрынғы заңдар қазіргімен салыстырғанда әлдеқайда либералды.

Максим Казначеев, саясаттанушы:

Қарар декларация күйінде қалады

Санкция салуға дейін бармайды. Себебі, санкция салу – Еуроодақтың біздің елмен ынтымақтастығы үзіледі деген сөз. Еуроодақ үшін Ресей мен Қытайға қарсы алаңқай ретінде Қазақстанның маңызын ескерсек, Еуроодақ жалаң декларациядан басқа нақты қадамдарға барады дегенге сенбеймін. Өйткені, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан Еуроодақ компаниялары үлкен шығынға ұшырайды. Билік шетелдік меншікті тартып алуға немесе қызметін шектеуге көшуі ықтимал. Сондықтан Еуроодақ қабылдаған қарар декларация күйінде қалады. Кикілжіңнен келетін Еуроодақтың шығындары мұндай санкциялар беретін имидждік әсерден әлдеқайда басым түседі.

Парламенттік сайлау науқаны кезінде шетелден қаржыландырылатын құрылымдарға біршама қысым жасалды. Соның кесірінен сайлау кезінде олардың қызметі тоқырап қалды. Сайлау барысына араласа алмай қалды. Сондықтан толқу тудыратын іс-шаралар жасай алмады. Еуропарламенттің қарары «біз бәрін біліп отырмыз» деп, қыр көрсету ғана. Егер олар қарармен ғана шектеліп қалмай, әріге барса, Қазақстан билігі тарапынан Еуропа бизнесі қатты соққы алады. Ірі экономикалық шығынға ұшырайды.

Қазыбек Бейсебаев, саясаттанушы:

Бұл – Еуропаның біздің билікке берген саяси бағасы

– Бірден айту керек, бұл біздің биліктің имиджіне қатты әсер етеді. Еуропа мемлекеттері біздің елді «авторитарлық, тоталитарлық режим» деп көрсетіп жатыр. Бұрын «дамыған демократиялық мемлекетпіз» деп өзімізді-өзіміз мақтап келген едік. Жұрт енді Солтүстік Кореямен қатар қойып жатыр. Бұдан былай шетелге барып, мақтанып, біреуге ақыл айту құқығымыз азайды.

Дейтұрғанмен, Еуропарламенттің қарары жай ғана ұсыныс екенін түсінуіміз керек. Ресми тұлғаларға санкция салу мәселесі де ұсыныстан әрі аспайды. Қабылданбаса да, мұның өзі биліктің беделіне нұқсан келтіреді. Мұның астарында «сендермен қарым-қатынас жасамаймыз» деген зіл жатыр. Бұл – Еуропаның біздің билікке берген саяси бағасы.

Еуропарламенттің қабылдаған қарары – қысым көрсету. Бірақ оның елеулі әсері болмайды. Ал АҚШ қабылдаса, онда басқа әңгіме. Шынтуайтында, біздің Еуропамен ауыз толтырып айтарлықтай тығыз қарым-қатынасымыз жоқ. Рас, мұнай сатамыз. Бірақ олар мұнайды басқа жерден де сатып алады. Қазақстан Еуропаның мүддесі бар аймаққа кірмейді.

Тегтер: