30 Маусым 17:28
...

Қазақстанда энергетикалық дағдарыс қайталануы мүмкін

Фото:

Шілде айында Қазақстанда электр қуаты үшін төлем қымбаттауы мүмкін. Министрлік тарифті өсіруді қуат өндіретін компаниялардың сұрап отырғанын мәлімдейді. Құзырлы министрлік өкілдері электр қуаты үшін қазіргі ай сайынғы ақыға шамамен 200 теңге қосылуы мүмкін екенін айтады. Біз осы ретте НЕГЕ электр қуатын қымбаттатуға мәжбүр деген сауалға жауап іздеп көрген едік.

Қазір қай салада болмасын проблеманың шетін түртіп қалсаңыз, «Авгийдің атқорасындай» қордаланып қалған батпандай түйткілді байқайсыз. Жасырып жабуға тағы болмайды. Шегіне жеткенде лақ етіп қоясың, ақтара салады.  Қазақстанның электр энергетикасы жылдар бойы жиналған проблемасын дәл қазір қарастыруды талап етіп отырған саланың бірі.  Бұл саланың түйткілдерінің шешімін соңғы жиырма жылда кейінге шегеріп келудің соңы елді үлкен энергетикалық дағдарыстың шетіне тіреп отыр. 

Қазіргі жағдай қандай?

Елдегі жылу және электр желілерінің тозуы шырқау шегіне жеткен. Соның кесірінен елдегі электр желілерінің 70 пайызы, құрал-жабдықтың 60 пайызы әбден тозығы жеткен күйде. Өндірушіден тұтынушыға жеткенге дейін  өндірілген электр қуатының кемінде 14-20 пайызы «далаға» кетеді. Ал әлемдегі талап бойынша мұндай шығын 4-5 пайыздан аспауы керек. Әрине энергетика компаниялары мұндай шығындарды азайтуға ұмтылуы керек. Ол үшін бүкіл саланы жаңалау, цифрландыру қажет. Электр желілерін басқаратын өңірлік компания жыл сайын жөндеуге, жаңалауға 2-3 миллиард теңге жұмсайды екен. Бұл ақшаға қуаты 110 кВ бір қосалқы станса салуға болады. Бірақ энергетика саласындағы қазіргі жөндеу-жаңалау жұмыстары құлағалы тұрған үйдің қабырғасының о шеті мен бұ шетін жамағанмен бірдей. Себебі біз осы күнге дейін Кеңес кезінен қалған, әбден ескірген  энергетика өндірісін пайдаланып келеміз. Нәтижесінде өндірген қуаттың бір бөлігі тұтынушыға дейін жеткенше уысыңнан сусып кеткен құмша жоғалуда. Ал ол шығын энергетика компанияларымен бірге тұтынушы ретінде сіз бен біздің мойнымызға артылады.

Бұл НЕГЕ апарып соғады?

Энергетика мен жылу саласындағы дағдарыс жақын уақытта бүкіл елді шарпуы мүмкін. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауындағыдай тұтас қалалар, мектеп, аурухана жарық пен жылусыз қалуы ғажап емес. Коронавирус қағынып тұрғанда, оқушылар мен сутденттер онлайн немесе қашықтан оқуға көшкенде жарық пен жылусыз өмірді елестетіп көріңізші? Энергетика министрлігінің мәліметінше, қуат көздерінің ескіруінен, электр желілері мен стансалардағы апаттардың жиілеуінің кесірінен Қазақстан 2019 жылы көрші елдерден 8 млрд теңгеге электр қуатын сатып алуға мәжбүр болған. Бұл әрине тұтынушы төлейтін тарифке әсер етпей қоймады. 

Кеңес кезінен мұраға қалған қуат көздерінің арқасында біз осы күнге дейін электр қуаты үшін әлемде ең төмен баға төлеп келеміз. Қазақстандағы электр қуатының тарифі Дания, Германия секілді елдерден 10 есеге төмен. Содан да болар, күндіз жанып тұрған шамға ілеуде біреуіміз ғана мән береміз. Өзгемізге бұл түкке тұрмайтын тиын-тебеннің әңгімесі екені рас қой?  Бірақ бұл баға күрт өсуі, демек жағдай кенеттен өзгеруі ғажап емес. Себебі кеңес кезінен тегін қалған электр стансаларының тозығы жеткен сайын оның  пайдасынан шығыны басым болады. 

Заңға сәйкес, электр энергиясының тарифі 7 жылға бекітіледі. Ал электр стансалары электр қуатын өндіруге жұмсалатын шығындарының жыл сайын өсіп бара жатқанын айтуда. Тағы да сол қолданыстағы заң бойынша, қуат өндіруші компаниялар электр қуатын өндірумен байланысты шығыны өскен жағдайда құзырлы министрлікке қарасты комитетке тарифті өзгерту туралы арыздануға құқылы.  Ал биыл электр өндірушілер жанар-жағармайға жұмсайтын шығынның 9,9 пайызға, қалпына келетін қуат көздерінен алуға міндетті қуат көлемінің 2 есеге, жүйе операторының шығыны 12 пайызға өскенін, оның сыртында бюджетке берешегінің ұлғайғанын айтып отыр.

Мәселенің шешімі неде?

Елдегі электр қуаты өндірісін жаңалау мен жаңғыртуға орасан зор инвестиция және елдің қуат өндіру саласын дамытуға арналған стратегиялық даму жоспары керек. Бүгінде мұның екеуі де жоқ деп айтуға болады.  Ол үшін салаға жаңаша көзқарас қажет. Дамыған елдер энергетика саласына әлдеқашан RAB (Regulatory Asset Base — инвестицияланған капиталдың реттелетін базасы) әдісін енгізген. Бұл жүйе инфрақұрылымды дамыту мен жаңалауға инвестиция тартуды, ұзақмерзімді тариф саясатын қалыптастыруды көздейді. Біздің елімізде бұл жүйе тек соңғы кездері ғана, оның өзінде үстіртін енгізілген.  Бұл электр энергетикасы саласына деген кәсіби көзқарастың өзі қарапайым тұтынушы деңгейінен әлі аса алмағанын көрсетпей ме?

Үкіметке жылу және жарықпен қамтамасыз ету саясатын реттейтін жаңа заң қабылдау қажет. Онда электр қуатын өндіруден бастап, оны тарату, жеткізу, сату мен тұтынудағы барлық жайттар егжей-тегжей ескерілуі тиіс. Кім не үшін жауап беретіні және қандай орган бұл мәселенің қай бөлігін қадағалайтыны осы заңда айқын көрсетілуі керек.

Электр қуаты үшін сіз бен біз төлеп отырған қазіргі баға сөзсіз өзгереді, яғни қымбаттайды. Бірақ тариф НЕГЕ өседі, оның өсуі энергетика саласының дамуына қаншалықты оң әсер етеді деген сұрақтарға анық әрі ұғынықты жауап та болуы керек. Өйткені кез келген адам бірінші кезекте өнім немесе қызметі үшін неге қымбат баға төлеуге міндетті екенін білгісі келеді. Соның негізінде тұтынушының сол өнім немесе қызмет түріне деген көзқарасы, пайымы өзгереді.

Тегтер: