Қазақстан және кедейлер. БҰҰ-ның кедейлерді қолдау жөніндегі ұсынысы бізде іске аса ма?
Кедейлерді қолдау коронавируспен күресте таптырмайтын құрал, дейді БҰҰ. Табысы аз жандар мемлекеттен көмек алып, уақытша үйінде отыра тұруы керек. Бірақ ол Қазақстан жағдайында қаншалықты тиімді?
Кедейлерге көмектесу коронавирустің таралуын бәсеңдете алады. Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының соңғы есебінде кедейлік шегінде өмір сүретін жандар үшін уақытша базалық табыстың қажеттілігі баяндалған. Бұл әсіресе дамушы елдерге қатысты. Әрине, оның ішінде Қазақстан да бар.
Халықаралық ұйым сарапшылары біз үшін дайындаған сценарий бойынша, екі нұсқа аталып отыр. Бірінші нұсқаға сәйкес ай сайын адамды кедейшілік шегінен шығаруға қауқарсыз азғантай сома төленіп отырады. Ал екінші нұсқада, кедейлер ай сайын орташа өмір сүру деңгейіне сәйкес келетін ақша алып отырады.
Демек, БҰҰ елімізде кедейлерге ай сайын 56 600 теңге немесе 62 200 теңге төлей бастауды ұсынып отыр.
«Әлеуметтік сақтандыру бағдарламаларынан тыс қалғандардың көпшілігі бейресми, жалақысы аз жұмысшылар, әйелдер мен жастар, босқындар, мигранттар және мүгедектер. Оларға бұл дағдарыс өте ауыр тиді», - деп көрсетіледі, БҰҰ таратқан хабарламада.
«Біз әлі мұндай базалық төлемге дайын емеспіз» - дейді, GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық. «Бәріне бірдей базалық төлем енгізген елдердің тәжірибесі бар. Әсіресе соның ішінен Норвегияны айтуға болады».
«Бірақ тиісінше олардың жинап отырған қорлары үлкен. Норвегияның суверенді қоры әлемде бірінші орында. Ал біз жаппай халыққа ақша үлестіретін болсақ, бір-екі төлемнен кейін ұлттық қорымыздағы қаржы таусылып қалады».
БҰҰ кедейлерге төлем ретінде Қазақстан өзінің ішкі жалпы өнімінің 0,38 пайызын құрта алады деп санайды. Есеп авторларының пікірінше, бізде мұндай базалық кірісті енгізу мүмкіндігі бар. «Бірақ еліміз кедейлерді атаулы әлеуметтік көмек арқылы онсыз да қолдап келеді», - дейді, Мақсат Халық.
Тақырыпқа орай: Дала мен қала. Ауыл тұрғындарының табысы НЕГЕ төмен?
«Сондықтан жаңа төлем енгізгеннен көрі, атаулы әлеуметтік көмектің механизмін қайта қарап жақсартқан жөн. Бізде ең төменгі күнкөріс деңгейі ретінде қазір есептеліп жүрген 32 мың теңге ештеңеге жетпейді. Адам бір күнде мың теңгеге өмір сүре алмайды».
«БҰҰ стандарты бойынша күнкөріс деңгейі күніне кем дегенде 5 жарым доллар болуы тиіс. Егер онымен есептейтін болсақ, біздегі күнкөріс деңгейі шамамен 68 мың теңгеге барады. Біздегі ай сайын төленетін көмек те сол шамада болуы керек».
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, әлемде 132 дамушы ел бар. Ондағы 2,7 млрд халық кедейшілікте күн кешеді. Отбасын асырау үшін далада сенделіп, вирус жұқтыратын кедейлерді қорғау үшін БҰҰ дамушы елдерге осындай ұсыныс жасап отыр. Бірақ ол ұсыныс дәл осы күйінде Қазақстанда іске асуы екіталай дейді, сарапшылар. Себебі қазірдің өзінде бюджеттің ең қомақты бөлігі әлеуметтік қолдауға кетуде. Одан артық шығынды жыртығы жамалмай жатқан бюджет көтере алмайды.