27 Шілде 15:00
...

Қазақстан және инвестор. Еліміз инвестицияларды қалай тартуда?

Фото:

Қазақстан өзінің тәуелсіз тарихында 365 миллиард доллар инвестиция тартқан. Адам басына шаққандағы инвестиция көрсеткіші бойынша еліміз әлем рейтингтерінің алдынғы қатарына кіреді. Қазір мемлекеттің басты бағыты – инвестициялық қолайлы ортаны сақтап, әрі дамыту және инвесторлардың шикізат секторынан басқа қайта өңдеу, машина жасау сынды қосымша құны жоғары салаларға қызығушылығын ояту.  

Қазақстанға шетелдік инвестицияларды тарту тәуелсіздік кезеңінде ұлттық экономиканың ең сәтті даму бағыттарының біріне айналды. Қазақстан жоғары инвестициялық тартымдылығымен ерекшеленеді. Оның бір айғағы - елдің халықаралық рейтингтердегі жоғары позициясы. Ол қандай рейтингтер? Атап айтсақ, бұл жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі, Doing Business индексі, экономикалық еркіндік индексі және басқа да санаттар. Қазіргі таңда қазақстандық нарықта көптеген жетекші халықаралық компаниялар жұмыс істейді.

«Соңғы 30 жылда Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі жыл сайын 13 еседен астам өсіп отырды», - дейді, Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Вячеслав Додонов. Оның айтуынша, 2020 жылдың аяғында бір жылда тартылған инвестиция көлемі 17 миллиард АҚШ долларынан асқан. Мысалы, 1993 жылы инвестиция сомасы бар-жоғы 1,3 миллиард долларды құраған еді.

«Шетелдік инвестицияларды тарту бойынша нақты серпіліс 2000 жылдан кейін басталды. 2001 жылдан бастап жыл сайынғы тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі күрт өсіп, 2012 жылы 29 миллиард долларға жетті. 2001-2020 жылдар кезеңінде тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың орташа жылдық көлемі 17,6 миллиард долларды құрады»

Сондай-ақ, соңғы 20 жылда Қазақстандағы барлық типтегі жинақталған шетелдік инвестициялардың көлемі тіпті қарқынды өсе бастаған. Олар 2001 жылдың басында 15,8 миллиард доллар болса, 2021 жылдың басында 232,6 миллиард долларға дейін бірақ өсті.

«Қазақстанның шетелдік инвестицияларды тарту саласындағы ілгерілеуі елдің әлемдегі басқа экономикалармен салыстырғандағы позициясының жоғары екендігін білдіреді», - деп жалғастырады, Вячеслав Додонов.

«Тартылған шетелдік инвестициялардың салыстырмалы параметрлері бойынша Қазақстан посткеңестік кеңістіктің ғана емес, бүкіл әлемдегі көшбасшыларының қатарында»

Осылайша, әлемдік инвестициялық үдерістегі Қазақстанның позициясы айтарлықтай сенімді болып көрінеді және шетелдік инвестицияларды тартуда ел ауқымды іс атқарған. Бірақ, қолда бар жетістіктерге қарамастан, шетелдік инвестицияларды тарту процесі күшейе түсуде. Себебі инвестиция тартуда бәсекелестік артып келеді. Соңғы бірнеше жылда елге шетелдік инвестициялар ағынын арттыру үшін жүйелі және кешенді жұмыстар жүргізілді.

Оларды атап көрсету қажет. Қазақстан 2017 жылы ЭЫДҰ (ОЭСР) Халықаралық инвестициялар және көпұлтты кәсіпорындар туралы декларациясына қосылып, ЭЫДҰ Инвестициялық комитетінің ассоциацияланған мүшесі мәртебесін алды. Дәл сол жылы Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, тікелей шетелдік инвестициялар ағынының едәуір ұлғаюын көздейтін 2018-2022 жылдарға арналған ұлттық инвестициялар стратегиясын қабылдады. Қазір біз осы стратегия аясында инвестиция тартудамыз. Сонымен бірге, инвестициялық саланы дамыту және инвесторлардың құқықтарын қорғау бойынша бірқатар жаңа органдар құрылды. Атап айтсақ, инвестицияларды тарту жөніндегі үйлестіру кеңесі, инвестициялық омбудсмен, Қазақстанның бірқатар елшіліктерінде инвесторларды тарту бойынша фронт-офистер өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда әкімшілік кедергілерді азайту, инвесторлардың құқықтық қорғалуын жақсарту және шетелдік инвесторлар үшін «бір терезе» жүйесін енгізу бойынша жұмыстарды жоспарлы түрде атқарып келеді.

Осы атқарылған шаруалардың нәтижесінде Қазақстанның шетелдік инвестицияларды тарту саласындағы жетістіктерін беделді халықаралық ұйымдар мен сарапшылар мойындады. Мысалы, ЭЫДҰ «Шетелдік инвестицияларды тарту бойынша Қазақстан жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Онда көптеген көрші елдерге қарағанда жалпы ішкі өнімге шаққандағы инвестиция үлесі жоғары» деген баға берсе, АҚШ Мемлекеттік департаменті әлем елдерінің инвестициялық климатын шолуда «Қазақстан нарықтық экономиканы құруда айтарлықтай жетістіктерге жетті және шетелдік инвестицияларды тарту бойынша күш-жігерінің арқасында нәтиже көрсетті» деп мәлімдеді.

Халықаралық сарапшылар Қазақстанның қолайлы инвестициялық климат құра алғанын растайды. Соның арқасында 2019 жылы Doing Business - бизнесті жүргізу жеңілдігі рейтингінде еліміз 190 елдің арасында 25-ші орынға көтерілді. Рейтингтің артуына себеп ретінде Қазақстан Республикасында инвесторлар үшін заңнаманың айтарлықтай жеңілдеп, оңайлатылған салық режимі қолданыла бастағаны көрсетілді.

Инвесторлардың өмірін жеңілдететін нақты қандай құралдар бар?

Билікпен тікелей диалог

Елде 23 жыл бойы Шетелдік инвесторлар кеңесі жұмыс істейді. Осы кеңес инвесторлардың барлық Қазақстандағы жұмыс стратегиясын ортаға салып, талқылап отырады. Кеңестің көмегімен бізде көптеген инвестициялық жобалар іске асырылды. Кеңес консультативтік-кеңесші орган деп танылып, 23 жыл бойы Қазақстан үкіметі мен елде жұмыс істейтін инвесторлар арасындағы тікелей диалогты қамтамасыз етіп келеді. Кеңесті Мемлекет басшысының басқаруы оған үлкен бедел беріп отыр. Инвесторлар кеңесінің негізгі міндеттері: инвестициялық саясат пен елдің экономикалық дамуының негізгі аспектілері бойынша ұсыныстарды әзірлеу және оларды Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметіне ұсыну, сондай-ақ оның құзыретіне сәйкес басқа да маңызды мәселелерді қарау мен талқылау, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша инвестициялық саясат жүргізу.

Шетелдік инвесторлар кеңесі отырысы. Фото: strategy2050.kz

Салық жеңілдіктері

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, инвесторлар үшін бірқатар салық преференциялары енгізілген. Сонымен, жаңа өндірістер құру кезінде олар 10 жыл мерзімге корпоративтік табыс салығын төлеуден толық босатылады.

Сонымен қатар, бізге келген инвесторлар 8 жыл бойы жер салығын, 10 жыл бойы мүлік салығын төлемейді. Қолданыстағы өндірістік қуаттарды кеңейту және жаңартуға инвестиция салса корпоративті табыс салығынан босатылады.

Бұның ішіндегі ең маңызды мәселе – мемлекет осы жеңілдіктердің тұрақты сақталуына, ертең өзгеріп кетпейтініне кепілдік береді. Инвесторлар үшін салық режимі нашарламайтын болады. Ал басқа жаңа жеңілдіктер қарастырылып жатса, ол шарттар енді келген инвесторларға таралатын болмақ.

Әрине, бір қарағанда, осының бәрі біздің бюджетті табыстан айырып жатқандай болып көрінеді. Бірақ инвестициялардың орасан зор әлеуметтік-экономикалық эффектісі бар. Іс жүзінде тікелей инвестициялар ағынының артықшылықтар көп және ол жылдар бойы әлемдік тәжірибеде дәлелденген. Мысалы, Сингапур мен Гонконгтың жүріп өткен жолын қарастыруға болады. Әлеуметтік-экономикалық эффект қатарына жаңа жұмыс орындарын құру, инвестициямен қатар технологиялардың келуі, жалақы қорынан әлеуметтік аударымдар, жергілікті сатып алудың дамуы сынды мультипликативті әсерлерді жатқыза аламыз.

ҚР Қаржы министрлігі. Фото: advokatura.kz

Visa light

Бұл инвесторлар үшін керемет жеңілдік болды. Инвесторларға Қазақстандағы визалардың қолданылу мерзімі үш жылдан бес жылға дейін ұзартылды. Осы процедураны жеңілдету үшін Қазақстандағы халықаралық әуежайларда виза беру құзыреті Ішкі істер министрлігінің қарауына өтті. Тағы бір жаңалық, бүгінде 109 елдің азаматтары қазақстандық бір реттік іскерлік, туристік және емдік визаларды электронды форматта ала алады. Қағазбастылық атымен жоғалды.

Жұмыс бабымен көшіп келушілерге шақыру беру кезінде көші-қон қызметіне әкімдіктерден өтініш жазу туралы бұрыннан бар талаптың күші жойылды. Электронды рәсімдеу көптеген шетелдіктердің бізге келуіне жағымды әсер етті.

Онымен бірге, Астана халықаралық қаржы орталығының инвестициялық резиденттерінің виза алуының ерекше тәртібі анықталған болатын.

ҚР Сыртқы істер министрлігі. Фото: inbusiness.kz

Маманданған қаржы орталығы

Астана халықаралық қаржы орталығы – Қазақстанның өңірлік қаржы хабына айналуға, инвесторлар орталығы болуына бағытталған ең сәтті қадамы болды. Орталықтың негізгі мақсаты - әлемдік деңгейдегі қаржылық қызметтер хабын қалыптастыру. Қаржы орталығы ТМД-да алғаш рет ағылшын құқығының қағидаларына негізделген өзіндік құқықтық жүйеге ие болды, ал ресми тілі - ағылшын тілі. Бұл инвесторлар үшін өте маңызды. Себебі, олардың дауын біздің судьялар емес, ағылшын лордтары шешеді. Бұл инвесторлар сенімін арттырады. Соттың тәуелсіз болатындығына көздерін жеткізеді.

Астана халықаралық қаржы орталығы - бұл бизнесті жүргізуге арналған заманауи экожүйе, оның құрамына түрлі институттар, соның ішінде жасыл қаржыландыруды дамытумен айналысатындар кіреді. Ол елорданың сол жағалауының 1620 гектарында орналасқан. Сонымен бірге әкімшілік және басқа мекемелер ЭКСПО-2017 көрмесінің аумағында орын тепті.

Астана халықаралық қаржы орталығы. Фото: toppress.kz

Астана халықаралық қаржы орталығы шеңберінде тәуелсіз сот және халықаралық төрелік орталығы (IAC) жұмыс істейді. Ол тәуелсіз орган болып табылады және Англия мен Уэльстің жалпы құқығының қағидаларына және жетекші халықаралық қаржы орталықтарының стандарттарына негізделген.

Оның артықшылығы неде? Бүкіл әлемде іскерлік дауларда ең сенімді болып бұрыннан бері британдық заңға негізделген сот саналды және әлемдегі барлық жетекші қаржы орталықтары оның қағидалары бойынша жұмыс істейді.

Оның құрамы бірінші сатыдағы және апелляциялық соттан тұрады. Күрделілігі мен шамасы бойынша дауларды бірінші сатыдағы сот жедел шеше алады. Бүгінгі таңда 213 адвокатқа осы сотта тараптардың құқықығын қорғауға рұқсат берілген. Сарапшылардың пікірінше, Астана халықаралық қаржы орталығы сотының басты артықшылығы оның қолданыстағы сот және саяси жүйелерден тәуелсіздігі. Орталықтағы Халықаралық арбитраж да тәуелсіз орган болып табылады және жетекші әлемдік қаржы орталықтарының стандарттарына сәйкес құрылған. Оның құрамына жер қойнауын пайдалану, сауда, мұнай-газ секторы, құрылыс, исламдық қаржыландыру және басқа да коммерциялық және азаматтық құқық салаларында арбитраж саласында үлкен тәжірибесі бар жоғары деңгейлі халықаралық арбитрлар кіреді.

«Сот Астана халықаралық қаржы орталығында шешуші рөл атқарады», - дейді, Астана халықаралық қаржы орталығы Сотының төрағасы Лорд Вулф.

«Ол инвесторлардың құқықтарын өзінің абсолютті тәуелсіздігі, бейтараптылығы, теңдігі және барлық даулар кезінде заңның үстемдігін қатаң сақтау арқылы қорғайды»

Қазіргі уақытта Астана халықаралық қаржы орталығы қаржылық қызметтерді дамыту, заманға сай болу үшін  үшін инновациялық орта құрды. Орталықтың платформасында 30-дан астам қаржылық қызмет пен операцияны жүзеге асыруға болады. Шағын инвесторларға арналған платформа арқылы әлемдік биржалардағы акцияларды сатып алуға болады.

Сонымен қатар, орталық мүшелеріне заңмен ерекше салық жеңілдіктері беріледі. Мысалы, Астана халықаралық қаржы орталығының атқарушы органдары және олардың ұйымдары корпоративті табыс салығынан 2066 жылдың 1 қаңтарына дейін босатылады. Сол мерзімде олар орталық аумағында бірқатар қаржылық қызметтер көрсетуден алынған кірістер үшін корпоративті табыс салығын төлеуден босатылады. Ол мынадай қызметтер: ислам банкингі, қайта сақтандыру және сақтандыру брокерлік қызметтері, инвестициялық қорлардың активтерін инвестициялық басқару бойынша қызметтер, брокерлік және (немесе) дилерлік, андеррайтерлік қызметтер, орталық актілерімен анықталған басқа қаржылық қызметтер.

Одан бөлек, орталықтың қатысушысы немесе органының қызметкерлері болып табылатын шетелдіктер 2066 жылдың 1 қаңтарына дейін орталықтағы қызметінен түскен табысы үшін жеке табыс салығын төлеуден босатылады.

Қызметі Астана халықаралық қаржы орталығымен байланысты болатын шетелдіктерге арналған визалық режим мүмкіндігінше жеңілдетілді. Бұл барлық кешенді шаралар Қазақстан экономикасына шетелдік инвестицияларды тартуға, бағалы қағаздар нарығын дамытуға көмектесуі керек.

Қазір 584 қатысушы компания Астана халықаралық қаржы орталығы юрисдикциясында тіркелген және 488 миллион долларға инвестициялық келісімдер жасалды.

Астана халықаралық қаржы орталығы. Фото: inbusiness.kz

Инвестициялық субсидия

Инвестициялық субсидия инвестициялық басым жобаны іске асырушы инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларының бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 291-бабы 1-тармағына сәйкес Республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және инвестициялық преференцияларды беруге және инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған өтінім берілген күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің бес миллион еселенген мөлшерінен кем емес мөлшердегі инвестициялардың жүзеге асырылуын көздейтін инвестициялық келісімшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына өтеусіз және қайтарымсыз негізде инвестициялық преференция ретінде берілетін бюджеттік субсидияның түрі инвестициялық субсидия болып табылады. Өңірлік дамуға жәрдемдесу мақсатында инвестициялық субсидия инвестициялық басым жобаны іске асыратын инвесторға Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде беріледі. Инвестициялық субсидия қолданыстағы өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту бойынша инвестициялық басым жобаларға берілмейді. Инвестициялық субсидия беру үшін айқындалған басым қызмет түрлері бар. Ол қызмет түріне жататын инвестициялық жобаға субсидия келісімшарттың жұмыс бағдарламасында көзделген қосылған құн салығы мен акциздер есепке алынбай, құрылыс-монтаждау жұмыстары және жабдықты сатып алу құнының отыз пайызына дейін өтеу арқылы беріледі.  

Мемлекеттік заттай грант

Мемлекеттік заттай гранттар Қазақстан Республикасының меншiгi болып табылатын, Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына инвестициялық жобаны iске асыру үшiн уақытша өтеусiз пайдалануға берiле отырып, не уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен ұсыныла отырып, кейiннен меншiкке не жер пайдалануға өтеусiз берiлетін мүлiкті білдіреді.

Мемлекеттiк заттай гранттарды осы Кодексте белгiленген тәртiппен инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi уәкiлеттi органмен және (немесе) жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органмен, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдармен келiсу бойынша, инвестициялық келiсiмшартқа сәйкес инвестициялық мiндеттемелер орындалған жағдайда уақытша өтеусiз пайдалануға не уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен ұсына отырып, кейiннен меншiкке не жер пайдалануға өтеусiз бередi.

Инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органның шешiмi ұсынылған мемлекеттiк заттай грантты меншiкке немесе жер пайдалануға өтеусiз беру үшiн негiз болып табылады, бұл инвестор мен инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган арасында жасалған инвестициялық келiсiмшартқа сәйкес инвестор инвестициялық мiндеттемелерiн орындаған жағдайда инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi өткеннен кейiн қабылданады.

Мемлекеттiк заттай гранттар ретiнде: жер учаскелерi, ғимараттар, құрылыстар, машиналар мен жабдықтар, есептеу техникасы, өлшейтiн және реттейтiн аспаптар мен құрылғылар, көлiк құралдары (жеңiл автокөлiктi қоспағанда), өндiрiстiк және шаруашылық құрал-саймандар берiлуi мүмкiн.

Мемлекеттік заттай гранттарды бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен олардың нарықтық құны бойынша жүзеге асырылады.

Мемлекеттiк заттай гранттың ең жоғары мөлшерi Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының тiркелген активтерiне салынатын инвестициялар көлемiнiң отыз пайызынан аспайды.

Кеден баждарынан босату

Импортқа кедендік баждар салудан босату – бұл барлық үш инвестициялық жобалар: инвестициялық жоба, инвестициялық басым жоба және арнайы инвестициялық жоба бойынша ұсынылуы мүмкін инвестициялық артықшылықтың жалғыз түрі.

Инвестициялық келiсiмшарт шеңберiнде инвестициялық жобаны iске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес технологиялық жабдықтың, оның жинақтауыштары мен қосалқы бөлшектерiнiң, шикiзаттың және (немесе) материалдардың импорты кезiнде кедендiк баждар салудан босатылады. Лизингтік компания инвестициялық жобаны іске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы үшін қаржы лизингі шарты негізінде инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде жеткізілетін технологиялық жабдықтың импорты кезінде кедендік баждар салудан босатылады. Технологиялық жабдықтың және оның жинақтауыштарының импорты кезiнде кедендік баждар салудан босату инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмiне, бiрақ инвестициялық келiсiмшарт тiркелген кезден бастап бес жылдан аспайтын мерзiмге берiледi. Осы шешiм туралы хабарламаны инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган бес жұмыс күнi iшiнде кеден органына жiбередi.

Инвестициялық преференциялар

Инвестицияларды мемлекеттік қолдаудың мақсаты экономиканы дамыту үшін қолайлы инвестициялық жағдай жасау және қазіргі заманғы технологияларды қолдана отырып, жаңа өндірістерді құруға, жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуге және жаңартуға инвестицияларды ынталандыру, қазақстандық кадрлардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау болып табылады. Инвестицияларды мемлекеттік қолдау - инвестициялық преференциялар беру болып табылады. Инвестицияларды мемлекеттік қолдауды инвестициялық келісімшарттар жасасу және олардың орындалуын бақылау жөніндегі Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес инвестициялық, инвестициялық басым және арнайы инвестициялық жобалар үшін инвестициялық преференциялар беру тәртібі көзделген.

Қорыта келгенде, біз атап көрсеткен инвесторларға арналған түрлі жеңілдіктер, мемлекет атқарған кешенді шаралар елге инвесторлар қызығушылығының оянуына кәдімгідей әсер етті. Мысалы, 2018 жылы әлем бойынша инвесторлардың белсенділігі төмендеген кезде, Қазақстанға келген тікелей шетел инвестициясы 15,8 пайызға көбейіп, 24 миллиард долларға өсті.

Ал одан бір жылдан кейін, 2019 жылы Қазақстанға әлемнің 49 елінен 6,5 миллиард доллар таза тікелей шетел инвестициясы келді. Олардың үштен екісі Америка Құрама Штаттарынан тікелей тартылды. Егер инвестицияның салаларға келуін бөліп қарастырсақ, Ұлттық Банк мәліметі бойынша бірінші орында мұнай мен табиғи газ өндірісі - 37%, екінші сатыда - өңдеу өнеркәсібі (19%), үшінші орында - сауда және автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу (14%) бағыттары келеді.

Сол Ұлттық Банктің мәліметіне сенсек, 2020 жылдың екінші тоқсанында, яғни пандемия жағдайында тікелей шетел инвестициясының жалпы ағыны 4,5 миллиард долларға жеткен.

Осыған орай, Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне құйылған тікелей шетел инвестициясының бір жыл ішінде күрт өсіп, 943,2 миллион долларға жеткенін ерекше қуанышпен атап көрсетуге болады. Кәсіптің қаржылық және сақтандыру түрлеріне инвестициялар 67 пайызға өссе, кәсіби және ғылыми салаларға салынған қаржы 57 пайызға артқан.

Инвестициялардың әртараптануы біз үшін өте маңызды болып отыр. Мемлекет тек шикізат емес, шикізаттан бөлек салаларға инвестиция тартылғанын қалайды. Қазір Қазақстанда экономиканың шикізаттық емес салаларында агроөнеркәсіп кешені, тау-кен металлургия кешені, машина жасау және компоненттер өндірісі, мұнай-химия және химия өнеркәсібі, жаңартылатын энергия көздері сияқты 200-ге жуық жобалар жүзеге асырылуда. Жалпы, өткен жылы шетелдік инвесторлардың қатысуымен құны 1,1 миллиард доллар болатын 40 ірі жоба жасалды. Оның барысында 3,5 мың жұмыс орны ашылған.

Биылғы жылы шетелдік инвесторлар құны 2,5 миллиард доллар тұратын 35 ірі жобаны аяқтайтын болады. Оның 12-сі 799 миллион доллар пайда тапқан. Инвесторлардың қатарында әлемге әйгілі Германиядан шыққан Linde Gas, француздық Total Eren және Urbasolar, жапондық Hitachi және басқалары бар. Ірі инвестициялар қатарында Түркістандағы халықаралық әуежайды атап айту керек. Инвестор, түріктің YDA Holding компаниясы, 400 тұрақты жұмыс орнын құра отырып, жобаға шамамен 206 миллион доллар инвестиция әкелді. Халықаралық әуе айлағы Түркістан үшін өте маңызды. Себебі Түркістан жыл сайын 1 миллионға жуық турист тартып отыр. Енді олардың саны көбеймек.

Түркістандағы халықаралық әуежай. Фото: elitar.kz

Болашақ іске асырылатын жобалар ішінен «Аллюр» және «Татнефть» компаниялар тобының елде 3 миллион жолаушылар және жеңіл автокөлік дөңгелектерін шығару бойынша келісімін бөліп қарастыруға болады. Өндіріс 2022 жылы басталады деп күтілуде. Жобаның айналасындағы түрлі салаларға да жан бітетінін ескере отырып, 800-ге жуық жұмыс орнын жаңадан ашылады деген жоспар бар.

Қысқаша айтқанда, Қазақстанның инвесторлар тартудағы қолға алған шаралары осындай. Олардың ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелері бар. Бірақ сарапшылардың айтуынша, толық мультипликативті әсері алдағы 2-3 жылдан кейін ғана біліне бастамақ.

Тегтер: