11 Қазан 17:00
...

Қазақстан үшін қызыл сигнал. Еліміз НЕГЕ тез арада «жасыл экономикаға» ауысуы тиіс?

Фото:

Климаттың өзгеруі жөніндегі Үкіметаралық сарапшылар тобының кезекті есебі бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Ал БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш осы есепті «Адамзат үшін қызыл код» деп бағалады. Егер адамзат қазіргідей көмір мен қазба отындарын пайдалана беруін жалғастыратын болса, планета құрдымға кетуі мүмкін. Қазақстанға не істеу керек?

Климаттың өзгеруі жөніндегі Үкіметаралық сарапшылар тобының алтыншы бағалау есебі бойынша алдағы онжылдықта климаттың өзгеруі барлық аймақтарда күшейеді деп болжануда. Жаһандық 1,5°C жылыну кезінде жылу толқындары күшейіп, жылы мезгілдер ұзарады. Сонымен қатар, 2°C жаһандық жылыну кезінде, ауа температурасы шектен тыс шегіне жиі жетіп, ауыл шаруашылығы мен денсаулыққа зардабын тигізеді. Есепте 1950 жылдардан бастап температураның күрт өзгеруі, соның ішінде аптап ыстықтың жиілеуінің үдей түсуі, ал ауа райының суық болып кетуі оқиғаларының сиреп кетуі практикалық тұрғыдан алғанда «даусыз факт» екендігі көрсетілген.

Ғалымдар атмосфераның, мұхиттардың және құрлықтың жылынуына адамның әрекеті себеп болғандығы еш шүбәсіз дейді. 1990 жылдардан бастап мұздықтардың жаһандық еруінің және Арктикалық теңіз мұзының азаюының негізгі себебі адамның әсері болуы «барынша ықтимал» (90%) екендігі есепте баяндалған.

Дереккөз: kz.undp.org

Сарапшылар көптеген аймақтарда өрттердің көбеюін, сондай-ақ мұхит деңгейінің көтерілуіне байланысты су тасқыны жиі болатындығын болжауда. Баяндама авторларының айтуынша, ғасыр тасқыны жыл сайынғы апатқа айналуы мүмкін.

Дегенмен, Алтыншы бағалау есебі алғаш рет тәуекелдерді бағалауға, бейімделуге және басқа да шешімдерді қабылдау процестеріне қатысты ақпараттың маңыздылығы мен өзектілігін қамтитын климаттың өзгеруіне байланысты анағұрлым егжей-тегжейлі аймақтық бағалауды ұсынады.

Ал Қазақстан не істеуде?

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның модельдер ансамблінің есептеулеріне сәйкес,
21 ғасырда Қазақстан аумағындағы климаттың өзгеру процесі күшейе түседі. Бұл ретте климаттың өзгеруі жыл мезгілдері мен аумақтарда әртүрлі болады. Орташа жылдық температура 2030 жылға қарай 1‑2 °С және 2050 жылға қарай 2‑3 °С артады. 2050 жылға дейін жауын-шашынның көбеюі 10%-тен аспайды және негізінен қыс мезгілінде, ал Қазақстанның қалған бөлігімен салыстырғанда оңтүстік-батыс өңірлерінде жауын-шашын аз болады. Температура мен жауын-шашын режимінің мұндай өзгеруі сөзсіз табиғи жүйелердің теңгерімсіздігіне, су ресурстарының азаюына, нәтижесінде ауыл шаруашылығында және экономиканың басқа салаларында да экономикалық шығынға алып келеді. 

Ұлттық және халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда құрғақшылық пен өзендердің тайыздығы сияқты климаттық апаттар үйреншікті құбылыстарға айналады. Болжамдарға сәйкес 2030 жылға қарай елдегі жайылымдардың сапасы 10%-ке төмендейді, 2040 жылға қарай су тапшылығы сұраныстың 50% құрайды, 2100 жылға қарай қазіргі мұздық массасының 50%-тен астамы жоғалады.

Осыған байланысты барлық деңгейде климаттың өзгеруіне бейімделу ерекше маңызды. Климаттың өзгеруіне бейімделумен қатар парниктік газдар шығарындыларын азайту үшін қатаң шаралар қабылдау қажет.

Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың желтоқсанында Климаттық амбициялар туралы саммит кезінде климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі маңызды қадам 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптылығына қол жеткізу өршіл мақсаты бар екендігін баяндады.

«Осы күрделі контекстіде Қазақстанның барлық азаматтарының атынан мен бүгін климаттың өзгеруімен күресуге деген берік міндеттемелерімізді және ұлт пен үкімет ретінде Париж келісіміне сәйкес одан да батыл әрі мақсатты шаралар қабылдауға ниеттілігімізді растағым келеді. Біз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптылығына қол жеткізуге міндеттіміз. Бұл мақсатқа жету үшін Қазақстан шығарындыларды азайту мен экономикамызды декарбонизациялаудың ұзақ мерзімді өршіл стратегиясын әзірлейді және қабылдайды»

Қазіргі уақытта Қазақстанда 2060 жылға дейін көміртекті бейтарап даму доктринасы бойынша жұмыс жүргізілуде. Негізгі шаралардың қатарында көмірді пайдаланатын жаңа жобалардан бас тарту және біртіндеп көмір жағуды тоқтату, 2 млрд ағаш отырғызу бағдарламасын орындау, электр энергиясындағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесін екі есе арттыруды қамтамасыз ету, тұрмыстық қатты қалдықтарды жүз процент сұрыптау, 75% егістік алқаптарда орнықты ауыл шаруашылығын жүзеге асыру, жеке жолаушылар көлігін жүз процент электрлендіру, тек жасыл сутекті қолдану және көмірмен өндіруден толық бас тарту және басқалары бар.

Қазақстандағы БҰҰ-ның Даму Бағдарламасы елдегі негізгі «жасыл» бастамаларды белсенді қолдап отыр. Атап айтсақ, біздің бастамалар жаңа Экологиялық кодексті әзірлеу мен қабылдау, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын дайындау, жасыл экономикаға көшу Доктринасын жаңарту, сондай-ақ Париж келісімі аясында халықаралық климат бойынша міндеттемелерді іске асыруды қолдау және климат туралы есеп беру болып отыр. Осыған қатысты БҰҰ-ның Даму Бағдарламасы Ұлттық деңгейде айқындалатын үлестерге қол жеткізуге және бейімделудің Жол картасын әзірлеуге және климаттың өзгеруі мәселелері туралы хабардарлықты арттыруға жәрдемдеспек ниетте. Ол Қазақстан үшін үлкен көмек.

Сарапшылардың пікірінше, егер 2030 жылға қарай жаһандық шығарындыларды екі есе азайтып, ғасырдың ортасына дейін шығарындыларды мүлдем болғызбауға жетер болсақ, онда планетада температураның жоғарылауын тоқтатуға болады. Климаттың өзгеруі жөніндегі Үкіметаралық сарапшылар тобының кезекті есебінде көрсетілген тұжырымдар жаһандық ауқымды климаттық оқиға, яғни Ұлыбританияның Глазго қаласында 2021 жылдың 31 қазаны мен 12 қарашасы аралығында өтетін Тараптардың Конференциясы кезінде қолданылатындығын естеріңізге сала кетейік. 196 елдің көшбасшылары және Қазақстан адамдар мен планета игілігі үшін климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі әрекеттерін үйлестіру мақсатында кездеседі.

Климат пен ауа сапасы

Ауа сапасы тез арада шешуді қажет ететін маңызды мәселелердің бірі болып табылады, өйткені 2040 жылға қарай әлем халқының 70 пайыздан астамы ірі қалаларда тұрады деп күтілуде.

Ауаның ластануы темекі шегуден гөрі өлім деңгейінің жоғарылауына әсер ететіндігі алаңдаушылық тудырады, бұл темекі шегу кезіндегі өмір сүру ұзақтығын 1,92 жылға қысқартумен салыстырғанда өмір сүру ұзақтығын 2,2 жылға қысқартады. Ауаның ластануы халықтың ең осал топтарына зиян келтіреді, бұл оларда COVID-19 пандемиясында аурудың пайда болу қаупін неғұрлым арттырып, қауіп төндіреді.

Бүгінгі таңда еліміздің қалаларындағы ауа сапасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Еуропалық Одақтың нормаларынан едәуір асып түседі. Ауа сапасы Қазақстанда өлімнің негізгі себептері болып табылатын инфекциялық емес аурулардың (диабет, жүрек-қан тамырлары аурулары, қатерлі ісік және тыныс алу аурулары) пайда болу қаупінің факторларының бірі болып табылады. Зерттеулер көрсеткендей, жылына 16 мыңға жуық өлім Қазақстандағы ауаның ластануынан болатын аурулармен байланысты. Барлық мәселелерді ауаның ластануымен кешенді күресу арқылы шешу өте маңызды.

Дереккөз: kz.undp.org

Бүгінде Қазгидрометтің мәліметтері бойынша Нұрсұлтан, Қарағанды, Теміртау, Өскемен, Алматы, Балқаш, Шымкент, Атырау, Ақтөбе және Жезқазған сияқты қалалар ауасы барынша ластанған қалалар болып табылады. Ауа ластануының үш негізгі себебі: ауыр өнеркәсіп және көмірді пайдаланатын электр станциялары; жылыту пештерінде қатты отынды пайдаланатын тұрғын үйлер; ескірген және шығарындылар нормаларына сай келмейтін көлік. Мысалы, Алматы – бұл тіркелген автомобильдердің ең көп саны бар қала. Биыл тіркелген авокөліктер саны 480 мыңнан асқан.

Қалаларға көшетін адамдар санының өсуі мен урбанизацияның өсуі одан әрі трафик пен энергияны қажетсінуге әкеп соғады, бұл қоршаған ортаға одан әрі теріс әсер етеді.

Ауаның ластануы тек Қазақстанға ғана тән емес - бұл Еуропа мен Орталық Азия елдері үшін жалпыға ортақ проблема. Ауа ластануының шекарасы жоқ - бұл елдер арасындағы ынтымақтастықты, бірыңғай пайымдауды және келісілген іс-қимылды талап ететін кешенді мәселе. Еуропа мен Орталық Азия елдері ауаның ластануына байланысты өлім-жітім деңгейінің артуы және аурулардың пайда болуы себебінен ауыр экономикалық шығындарды болдырмау үшін бірігуі мүмкін, олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, жыл сайын 1,6 триллион АҚШ долларын құрайды.

Саяси шешімдер мен бағдарламалар

Бүгінгі таңда Қазақстан ауа сапасы неғұрлым жақсы «жасыл» болашаққа қарай жүйелі қадамдар жасауда. 2020 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптылыққа қол жеткізуге ниетті екенін мәлімдеді. Жаңа экологиялық кодекс кәсіпорындардан қоршаған ортаға зиянды азайтатын инновациялық технологияларды қолдануды талап етеді. Бұл қабылданған халықаралық тәжірибе, онда үкімет зауыт озық қолжетімді технологияларды қолданған жағдайда ғана рұқсат бере алады. Бұл әдістер тек технологиялармен ғана байланысты емес, олар топыраққа, ауаға және суға шығарындыларды бір мезгілде азайту кезінде өнеркәсіптің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін ұйымдастырушылық және басқарушылық шешімдер бола алады. Жаңа Экологиялық кодекс кәсіпорындарды қоршаған ортаны қорғау үшін озық қолжетімді технологияларды қолдануға шақырады.

Жаңа Экологиялық кодексте көрсетілген тағы бір оң үрдіс – бұл өндірістік секторлар мен кәсіпорындардан ауаның ластануы үшін төлем ретінде жергілікті бюджетке түсетін төлемдерді реттеу. Бұған дейін бұл төлемдерді жергілікті атқарушы органдар қалалар мен аудандардың әртүрлі қажеттіліктерін қаржыландыру үшін жинаған, бұл ретте алымдардың 45 пайызға жуығы ғана ластануға қарсы күреске қатысты мақсаттарға пайдаланылған. Өзгеріске сәйкес, енді төлемдердің 100 пайызы жергілікті экологиялық жағдайды, оның ішінде ауа сапасын жақсартуға бағытталған қызметті қаржыландыру үшін пайдаланылуы тиіс. Бұл қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қызметті қаржыландырудың қосымша арналарын ашады.

Қазіргі уақытта БҰҰ Даму Бағдарламасы Алматы қаласында ауаның ластану проблемасын шешу үшін Қалалық эксперименттік қордың жобасын іске асыруда. БҰҰ Даму Бағдарламасы зертханасының акселераторы ауа сапасы туралы деректер жиналатын, талданатын және визуалданатын Экологиялық деректер орталығын құру үшін Алматы қаласындағы жергілікті инноваторлармен күш біріктіре бастады. Экологиялық деректер орталығы ең жаңа технологияларды пайдалана отырып, спутниктік суреттерден, датчиктерден және көлік ағындарынан деректерді өңдемек.

Тегтер: