1 Қазан 19:30

Энергияны үнемдеудегі тиімділік. Қазақстан үшін бұл мәселе НЕГЕ күн тәртібіне шығып отыр?

Фото:

Мемлекет өзі қабылдаған ұлттық Стратегияға сай жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығын 2021 жылы 20 пайызға, 2025 жылы 25 пайызға, ал 2050 жылы 50 пайызға төмендетуі тиіс. Оған қалай қол жеткізуге болады және өзіміз мұндай өзгерістерге дайынбыз ба?

Статистика комитетінің деректеріне сәйкес 2016 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығы 2008 жылғы деңгейден 18%-ға төмендеген. Халықаралық энергетика агенттігінің деректері бойынша Қазақстан экономикасы 147 елдің ішінде 114 орынды иеленіп отыр. Бұл - 2010 жылғы баға бойынша мың долларға шаққандағы 0,42 тонна мұнай эквиваленті. Бір сөзбен айтқанда, еліміз энергия сыйымдылығы бойынша әлемдегі алдыңғы қатарда. Оның осы көрсеткіштері Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің орташа деңгейінен 3,5 есе асады. Енді біз осы сыйымдылықты азайтуға барынша күш жұмсап жатырмыз.

НЕГЕ бізде жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығы өте жоғары?

Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығының жоғары болуы  бірнеше объективті себептермен түсіндіріледі:

1) күрт-континенталды климат. Сыртқы ауаның орташа температурасының төмен болуы және континентальды Еуропа елдерімен салыстырғанда жылу маусымының айтарлықтай ұзақтығы.

2) энергияны қажетсінетін салалардың қомақты үлесі (тау-кен және металлургия). Өндірілген электр энергиясының шамамен 70 пайызы өнеркәсіптік тұтынушыларға тиесілі.

3) еліміздің кең аумағы және соның салдарынан электр энергиясын алыс қашықтыққа беру қажеттілігі электр желілеріндегі едәуір шығындарға әкеледі.

Жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығының объективті себептерінің болуына қарамастан энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттырудың едәуір әлеуеті бар. Мысалы, елдің жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығы суық климаты мен халық тығыздығының параметрлері бойынша салыстыруға келетін Канаданың осындай ұқсас көрсеткішінен екі есе асып түседі. 

Негізгі өнеркәсіптік кәсіпорындардың энергия аудит қорытындыларын талдау энергия үнемдеудің орташа 10% тең әлеуетін, ал бюджеттік секторда энергия үнемдеу 40% тең әлеуетін  анықтады.

Енді мемлекет энергетикалық тізілімді, энергия аудиті жүйесін, бюджеттік секторда энергия үнемдеу жүйесін, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін жетілдіру, энергия үнемдеу саласындағы өңірлік саясатты күшейту, энергия үнемдеу және энергия сервистік шарттар нарығын дамыту саласындағы ынталандырушы тетіктерді құру, жабдықтардың энергия тиімділігі бойынша талаптарды жетілдіру, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық секторлардағы энергия тиімділігін арттыру, сондай-ақ, қарама-қайшылықтар мен олқылықтарды жою мақсатында алдымен осыған мүмкіндік ашатын заң нормаларын нақтылап алмақ.

Мемлекеттік энергетикалық тізілімді жетілдіру НЕГЕ аса маңызды?

Жаңа заңнамалық базаның басты құралдарының бірі Мемлекеттік энергетикалық тізілім болып табылады. Осы тізілімге энергетикалық ресурстарды жылына шартты отынның 1500 және одан да көп тоннаға барабар көлемінде тұтынатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар, сондай-ақ энергетикалық ресурстарды жылына шартты отынның 100 және одан да көп тоннаға барабар көлемінде тұтынатын мемлекеттік мекемелер, квазимемлекеттік сектор және табиғи монополиялар субъектілері кіреді.

Мемлекеттік энергетикалық тізілімнің жұмыс шеңберінде, оның субъектілеріне, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, энергия аудитін жүргізу, энергетикалық ресурстарды тұтыну мөлшерін азайтуды қамтамасыз ету, іс-шаралар жоспарын іске асыру және тағы басқа түрлі міндеттемелер бекітілген. Мысалы, 2017 жылы мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінің энергия тұтынуы 53,3 млн ш.о.т.-ты құраған. Бұл не деген сөз? Осы тізілімге кіретін нысандар елде өндірілген барлық энергияның 40 пайызын тұтынған.

Қазіргі таңда мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінің саны 5 198 нысанды құрап отыр. Оның ішінде жеке заңды тұлғалар саны - 710 (жалпы тұтыну көлемі 61%), квазимемлекеттік сектор субъектілерінің саны - 1 632 (жалпы тұтыну көлемі 37%) және мемлекеттік мекемелер саны – 2 856 (жалпы тұтыну көлемі 2%).

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында елдің экономикасын цифрландыру бойынша шараларды қабылдау қажеттілігі туралы белгіленген. Цифрландыру жұмысы шеңберінде «Мемлекеттік энергетикалық тізілімнің» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі әзірленді және сынақтан өткізілді.

Осы жүйені сынақтан өткізу барысында 2018 жылы 6 364 Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектісінің ішінен 2 530 субъекті өз еркімен ақпарат берген. Сол кезде бұл мемлекеттік энергетикалық тізілімге кіретін нысандардың 40 пайызын құрады. Ал 2020 жылдың аяғында осы көрсеткіш 80 пайыздан асып отыр. Бұл даму үрдісінің оң екендігін көрсетеді.

Дүниежүзілік Банктің энергетика мәселесіндегі қолдауы

Дүниежүзілік Банкі жобасының шеңберінде «МЭТ» ААЖ-ны жетілдіріп, кейіннен «Энергетикалық тиімді Қазақстан» Ұлттық ақпараттық-талдамалық жүйесіне өзгерту арқылы жетілдіру жоспарланып отыр. Осы жүйені «МЭТ», «Энергия аудиті», «Энергия тиімділігі картасы», «НҚА талдау мен мониторингілеу» және «БАҚ» кіші жүйелерімен ұсыну жоспарлануда.

Осыған байланысты, энергия үнемдеу жүйесінің басты құралының бірі ретінде Мемлекеттік энергетикалық тізілімді одан әрі жетілдіру үшін Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы ұлттық даму институтының құзыретіне оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі функцияларды айқындай отырып, «Энергия тиімді Қазақстан» ұлттық ақпараттық-талдау жүйесі ұғымын заңнамалық түрде бекіту ұсынылған болатын. Бұл қандай оң нәтиже бермек?

Аталған шара процесті жеңілдету және оңтайландыру мақсатында энергетикалық аудит бойынша қорытындыларды беру тәртібін айқындау арқылы барлық ақпараттық алмасуды іске асыруды ҰААЖ арқылы жүргізуге мүмкіндік береді. Оның ішінде тапсырыс беруші, уәкілетті орган және институт үшін ашық қолжетімді энергия аудитінің қорытындылары мен техникалық есептерді қалыптастыру бір тәртіпке бағынатын болмақ.

Энергетика министрлігінің тізілім жұмысын дамыту бойынша қадамдары

«Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Қазақстан Республикасының қолданыстағы Заңында Мемлекеттік энергетикалық тізілімнің субъектілерінің ақпаратты қағаз және электрондық тасығышта ұсынуы көзделген. Бұл процессті қиындатады. Мемлекеттік энергетикалық тізілімнің «ААЖ»-ны апробациялаудың оң тәжірибесін ескере отырып, Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық тізілімнің субъектілеріне ақпаратты қағаз тасығышта немесе электронды түрде ҰААЖ арқылы беруді өздері таңдау құқығын беруді ұсынды.

Сонда үкімет Мемлекеттік энергетикалық тізілімнің субьектілері ұсынған ақпаратты жеңілдету және оңтайландыру мақсатында:

- жеке заңды тұлғалар үшін нақты және ақшалай есепті кезеңде энергия тиімділігі/энергия сыйымдылығының көрсеткішін арттыру және су тұтыну және шығыны туралы ақпараттарды, энергия ресурстарын есептеу құралдарын жабдықтау туралы ақпаратты ұсынуды алып тастауды;

- мемлекеттік мекемелер үшін (балабақшалар, мектептер, ауруханалар және емханалар) жылытылған аумақ бойынша тізбесін кеңейту, құрылғылар мен автоматтандырылған жылу пунктінің жабдықталуы жөніндегі ақпаратты алып тастауды ұсынды.

Себебі, мемлекеттік мекемелер міндетті энергия аудитінен өтуден босатылуына байланысты, қазіргі уақытта олар ұсынатын ақпарат олардың энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы, оның ішінде энергия тұтыну жөніндегі қызметіне толық талдау жасауға мүмкіндік бермейді.

Керісінше, осы жоғарыда көрсетілген өзгерістер бизнес үшін ақпарат беруді жеңілдетеді және барлық мемлекеттік мекемелердің энергияны тұтынуына, сондай-ақ энергия ресурстарына арналған бюджет қаражатының шығындарына толық мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік энергетикалық тізілім және оған мемлекеттік/квазимемлекеттік компаниялардың енуі

Бұл елдің энергетикалық тұрақтылығын одан әрі дамыту үшін өте маңызды сұрақ. Қазіргі таңда, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар, жарғылық капиталға мемлекеттің қатысуы бар заңды тұлғалардың тізіліміне сәйкес, елде 28 000-ға жуық мемлекеттік мекеме мен квазимемлекеттік сектор субъектісі бар.

Мемлекеттік энергетикалық тізілімге енген 5 мыңға жуық субъекттің тек 4 мыңы ғана мемлекеттік мекемелер және квазимемлекеттік сектор субъектілері болып табылады. Осылайша, 24 мыңнан астам мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілері энергия тұтыну мониторингіне жатпайды және Мемлекеттік энергетикалық тізілімнің субъектілері болып табылмайды. Бұл ретте, басқа елдердің тәжірибесі Мемлекеттік мекемелердің энергия тұтыну мониторингінің әлеуметтік маңызы бар екендігін, мониторингті жүзеге асыратын органдардың ұсынымдары есебінен энергия үнемдеу жөніндегі іс-шараларды жүргізу салдарынан оқыту мен жұмыс жағдайларын жақсартуға әкеп соғатынын көрсетеді. Үнемделген қаражат өзге әлеуметтік қажеттіліктерге бағытталуы мүмкін.

Жалпы тұтыну көлемі 2% болатын Мемлекеттік энергетикалық тізілімнің субъектілері болып табылатын мемлекеттік мекемелер міндетті энергия аудитін өткізуден босатылғанын атап өту қажет. Сондықтан, барлық бюджеттік ұйымдардың энергия тұтыну нормативтері мен мониторингін белгілеу жөнінде шаралар қабылдау аса маңызды болып отыр.

Энерготиімділікті жақсылап қолға алсақ, болашақтағы электрэнергиясының тапшылығынан аман өтуге болады. Мамандар бұл бағыт қазір сәнге айналған баламалы энергия көздерінен артық пайда әкелмесе, кем түспейтінін айтады. Сондықтан зерттеуіміздің екінші бөлімін біз энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін жетілдіруге арнайтын боламыз.

Тегтер: