15 Наурыз 14:44
...

Қазақстан Ресейден келетін бидайға НЕГЕ тыйым салмақ?

Санкция
Фото: Коллаж NEGE

Қазақстан Ресейдің арзан бидайы ішкі нарықты жаулап алуынан секемденіп, сырттан бидай тасымалдауды алты айға шектемекші. Тыйым тек үшінші елдерге ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне де қатысты. Тек қана құс өсіруші және ұн тартушыларға ғана темір жол арқылы әкелуіне болады.

Әйтеуір, ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығы жобасында осылай делінген. Осы құжатқа сәйкес, 2023 жылы 17,1 млн тонна дәнді дақыл жиналса, соның 12,1 тоннасы бидайға тиесілі.

«Өңдеу және тиеу көлемі жөніндегі 1 наурызға дейінгі деректер бойынша, бізде 11,5 млн тонна дәнді дақыл бар. Азық-түлік корпорациялары 350 мың тонна фуражды бидайды тікелей сатып алып отыр. Сондықтан, ішкі нарықта бидай қоры жеткілікті», – дейді құжатты әзірлеушілер.

санкция
Фото: ғаламтордан

Бұған қарамастан, қазіргі таңда Ресейден бидай ағылып келіп жатыр. Бұл ішкі нарықта сұранысты азайтып, бағаны жерге ұрып отыр. Бұл – диқандарымыздың ала жаздай еңбегі еш кетеді деген сөз. Айталық, 2023 жылы Ресейден 1,9 млн тонна бидай әкелініпті. Бұл 2020 жылғы мөлшерден 31 пайызға артық. Бұдан бөлек, әкімдіктер арқылы ай сайын 500 мың тонна бидай әкелуге ҚТЖ-ға өтінім беріледі екен.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің пікірінше, бидай сататын нарықтың болмауы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің қаржылық жағдайын қиындатып, 2024 жылғы егіс науқанына залал келтіруі ғажап емес. Бұл пікірді фермерлер де құптап отыр. Сырттан келген арзан бидай біздің шаруаларды тұралатуы әбден мүмкін екенін айтады.

– Алыпсатарлар Ресей бидайын 70 теңгеден сатып жатыр. Елге 42-45 теңгеден кіреді екен. Ресей бидайы арзан болып тұра берсе, бізде бір-екі жылдан кейін ешкім бидай екпейтін болады. Бізде бидай болмаса, олар арзан бидайын қымбатқа өткізе бастайды.

Мәселен, қазір Меркідегі қант зауыты өз өнімін өткізе алмай жатыр. Ал Ресейден арзан қант нөпірі толастар емес. Бұдан кейін бізде кім қызылша екпек? Ресейден картоп толассыз келіп жатқандықтан, нарынқолдықтар картобын малға беруге мәжбүр. Ал жамбыл облысында пиязды далаға тастауға тура келіп отыр. Өйткені, 20 теңгеден ешкім алмайды, – дейді Жамбыл облысының фермері Жұмасейіт НҰРБАЕВ.

Фермер
Ж.Нұрбаев. Фото: aqjolgazet.kz

Жұмасейіт Нұрбаевтың пікірінше, алты ай мерзімдік шектеу де аздық етеді. Өйткені, алты айдан кейін ресейлік бидай Қазақстанға ағылып кірсе, биылғы бидайдың орылмай, далада қалу қаупі бар.

– Кейбір аймақтарда жүгері далада қалды. Себебі, ору шығыны өзін-өзі ақтамайды. Алты айдан кейін қайта ашылды дейік. Ресей – өте ірі держава. Арзан бағамен кірсе, біздің бидай орылмай да қалады. Еуразиялық экономикалық одаққа кіріп алдық та, шекарамызды ашып қойдық. Жылыжайлармен айналысып жатқандардың еңбегі еш кетіп жатыр. Тіпті, Ираннан және басқа да елдерден арзан қызанақ келетін болды, – дейді фермер.

Экономист Атамұрат ШӘМЕНОВ биліктің осы шектеуін қолдап отыр. Оның пікірінше, бұл шара еліміздің ішкі нарығын қорғау үшін жасалынып жатыр.

– Жасыратыны жоқ, геосаяси ахуалға байланысты Батыс елдері Ресей өнімдерінен бас тартты. Бидайын Африка мен араб елдеріне ғана сата алады. Бірақ олар тым алыста орналасқан. Шекара ашық болған соң, кәсіпкерлер бидайды жақын жерге – Қазақстанға таси бастады. Дәнді дақылдардың көлемі көбейіп кеткен соң, өз өнімдеріміз өтпей жатыр, – дейді сарапшы.

Бұл түйткілдің қалтарыста жатқан екінші бір қыры да бар көрінеді. Мәселен, Қазақ бидайының сапасы өте жоғары. Қатты сұрыпты бидайымыз халықаралық нарықта сұранысқа ие. Жұрт жапа-тармағай талап алып кетеді. Бидайымыздың даңқы кеңес дәуірінен бері мәшһүр.

Экономист
Фото: из открытых источников

Әлемде бидай өсіру көлемі жағынан алдыңғы орындарды бермейтін Украина мен Ресейдің өзі нан өнімдеріне қазақ бидайынан тартылған ұнды араластырып келеді. Өйткені олардың бидайы мал азығына ғана жарайды. Нан жабуға қолайлы емес.

– Оңтүстіктегі көршілеріміз Өзбекстан және Тәжікстан да қазақ бидайын алып, нан өнімдерін жасайды. Біздің кәсіпкерлер соңғы жылдары өз бидайымызды экспортқа шығарып, өзімізге қажет бидайды Ресейден тасып отырған. Ал Ресей бидайының сапасы төмен. Сондықтан өкіметтің тосқауыл қоюы өте дұрыс. Өйткені, өзіміздің сапалы бидайымызды қазақстандықтардың өздері тұтынуы тиіс, – дейді Атамұрат Шәменов.