«Қазақстан – өзге елдердің от көсейтін ойын құралы емес» – Саясаттанушы Әділ Сейфуллин

Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа байланысты әлеуметтік желілерде Қазақстанға бағытталған ақпараттық шабуылдарға қатысты саясаттанушы Әділ Сейфуллин «ҚазАқпарат» агенттігіне эксклюзивті пікір білдірді.
«Украина жүргізген «Өрмек» («Паутина») операциясы – Ресейге жасалған ауыр соққы. Оның мақсаты – Ыстанбұлда өтуі тиіс келіссөздерге ықпал ету. Бұл шабуыл – әдейі жасалған арандату, яғни бейбіт диалогты тоқтатып, соғысты қайта үдетуге бағытталған әрекет. Көптеген әскери сарапшылардың айтуынша, СБУ-дың арнайы операциясы Ресейдің стратегиялық авиациясына айтарлықтай зиян келтіріп, соғысты жүргізудің жаңа тәсілін, яғни жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы күресу форматын көрсетті. Ал Ресей бұған енді міндетті түрде жауап қайтаруға мәжбүр болады. Оның үстіне, бұл жауап өте қатаң болуы да мүмкін», – деді Әділ Сейфуллин.

Оның айтуынша, алда қақтығыстың ушығуы әбден мүмкін. «Қазір бүкіл әлем, соның ішінде Ресейдің өз ішінде де Мәскеу қандай шешімге келеді деп күтіп отыр. Бірі – «күш көрсетеді» десе, бірі – бастаманы өз қолына алуы мүмкін дегенді айтты, ал тағы бірі – халық назарын ішкі мәселелерден басқаға бұру үшін әрекет етеді деп болжайды, – дейді саясаттанушы.
- Оқи отырыңыз: «Путин Батыстың саяси жігерсіздігін тиімді пайдалана білді» – Халықаралық сарапшы Хосе Игнасио Мояно
Ол осы тұста Қазақстанның жанама көмегі туралы кез келген қауесет те жаңа ойыншыларды текетіреске тартуға арналған тиімді құрал екенін атап өтті.
«Бірақ Қазақстан мұндай геосаяси шабуылдар жағдайында да арзан арандатуларға ермей, салқынқанды прагматизм танытып келеді», – деді сарапшы. Оның айтуынша, қазір Telegram кеңістігі мен кейбір медиа ресурстарда тараған «Қазақстан украин дрондарының Ресейге шабуылына көмектесті» деген кезекті жалған ақпараттық шабуылға нақты әрі салмақты талдау қажет.
– Бұл мәлімдемелер – еліміздің халықаралық аренадағы және ішкі қоғамдағы беделіне нұқсан келтіруді көздейтін алып-қашпа әңгімелер. Біріншіден, Қазақстан барлық халықаралық санкциялық режимдерді бұлжытпай сақтап келеді. 2022 жылғы тамыздан бастап әскери мақсаттағы өнімдерді экспорттауға тыйым салынды. Одан бөлек, 2023-2024 жылдары Қазақстан Ресейге 100-ден астам тауар түрін экспорттауға шектеу қойды. Яғни мұндай өнімдердің әскери мақсатта пайдаланылуына жол берілмейді. Қазақстан Ресейге де, Украинаға да, өзге ешбір тарапқа да қару-жарақ сатпайды. Бұл – бейтараптық пен бейбіт бағыттағы сыртқы саясатымыздың құрамдас бөлігі, – деп нақтылады Ә.Сейфуллин.
Екіншіден, сарапшы Қазақстан мен Ресей арасындағы қазіргі сауда айналымы тек бейбіт, азаматтық және гуманитарлық сипатта екенін еске салды. Мұнда әңгіме азық-түлік, күнделікті тұтынатын тауарлар, логистика, білім беру мен мәдени жобалар туралы сөз болып отыр.
– Қазақстан Ресеймен ЕАЭО мен ТМД аясында серіктес бола отырып, гуманитарлық және әскери ынтымақтастықты нақты ажыратып көрсетіп келеді. Бұл – желідегі ұран емес, нақты әрекеттермен дәлелденген ресми мемлекеттік ұстаным.
Үшіншіден, Қазақстанға тағылған айыптар ресми органдар тарапынан емес, жасырын Telegram арналары мен БАҚ қысымы мен гибридтік ықпал ету құралына айналған жекелеген «соғыс тілшілерінен» келіп отыр.

– Олардың мақсаты – Қазақстан мен оның серіктестері арасындағы сенімді бұзу, халықаралық қауымдастық алдында Астананың беделін түсіру және еліміздің егемендігі мен Қазақстанның сыртқы саясатының прагматизміне күмән келтіру, – дейді сарапшы.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің жауабы жылдам әрі нақты болды: Мұндай мәлімдеме негізсіз. Қазақстан дрондарды логистикамен қамтамасыз етумен және соғыс операцияларына жеткізумен айналыспайды.
– Қазақстан бүгінгі таңда сабырлы прагматизмді, ұлттық мүддені басты орынға қойып отыр. Біз өзге елдердің соғысына араласпаймыз. Бірақ халықаралық құқық пен ұлттық қауіпсіздікке қайшы келмейтін дипломатиялық және экономикалық байланысты сақтаймыз. Ел ішінде біздің басты міндетіміз – жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз ету, – деген сарапшы мемлекет пен қоғам арасында іріткі салып, деструктивті қауесет тарату әрекеттерін гибридтік қысымның элементі деп атады.
«Мұндай шабуылдарға ең тиімді жауап – қоғамның бірлігі, ақпараттық кеңістіктің кемелдігі және кез келген арандатуға қарсы нақты ұстаным. Қазақстан – өзге елдердің қолымен от көсейтін ойын құралы емес. Біздің сыртқы саясатымыз тәуелсіз, прагматикалық, тұрақты даму мен қауіпсіздікке және халықаралық заңдылыққа негізделген. Бұл – жалған ақпаратпен де, сананы улау әрекетімен де жойылмайтын «қызыл сызық», – деді саясаттанушы.