13 Қаңтар 12:12
...

«Қазақша түс көремін» – Алина КАН қазақ тілін қалай үйренгенін айтты

Кан
Фото: Фото: Әлеуметтік желіден

Қазақ тіліне жанашырлық танытып жүрген өзге ұлт өкілдерінің санатында Алина Александрқызы Кан да бар. Қоғам белсендісі қазақ тіліне деген құрметін сөзбен ғана емес, іспен дәлделдеп жүр. Тілшіміз тіл жанашырын оқырманға жақынырақ таныстыруға тырысты.

– Сіздің қазақша сөйлегеніңізді көрген адамның көкейінде «Бұл қыз қазақшаны қайдан үйренді?» деген сауал туындары анық. Осының жауабын өз аузыңыздан естісек...

– Мені көпшілік «көзін ашқалы қазақша сөйлейді» деп ойлайды. Ал шын мәненде мүлде олай емес. Мен де өзге замандастарым сияқты тілді жаттау арқылы үйренгенмін.

Алина Кан
Фото: Инстаграм

Сөйтіп, біреуі «Алина, жүр, ойнаймыз» десе, мен лезде сол айтқанын қайталайтынмын. Уақыт өте келе күнделікті тұрмысқа қажетті «терезе», «есік», «нан», «сүт» деген сияқты сөздерді үйреніп алдым. Ал мектеп табалдырығын аттағанда ұстазымның кәсібилігінің арқасында қазақ тілінің грамматикасын тыңғылықты меңгердім. Бірақ орыс мектебінде оқыдым. Қазақ тілі пәнінен түрлі олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрдім.

Кейін орта мектепті бітірген соң инженер-метролог мамандығы бойынша жоғары оқу орынына түстім. Грантқа бос орын болған соң мені қазақ тілі бөліміне жіберіпті. Тілді жақсы білгеніммен техникалық терминдерді түсіну оңай емес екені белгілі. Орыс тобына ауыссам ба деп қанша оқталсам да өзімді қамшылап, қалайда оқуды бітіруге тырыстым. Еңбегім еш кетпеді, уақыт өте келе қазақ тілін еркін сөйлейтін дәрежеге жеттім.

– Ал ата-анаңыз қай ұлттың өкілі?

– Әкем – неміс, анам – орыс.

Кан
Фото: Инстаграм

– «Сөйле» тілдесу клубын жүргізіп келе жатқаныңызға қанша уақыт болды?

– Менің Яков Федоров деген досым бар. Ол кісі Amanat партиясының мүшесі.

Қазақ тілінде инстаграм мен Тикток парақшамды жүргізетінімді ескерген ол партияның «Жастар рухы» Жастар қанаты қоғамдық бірлестігінің жобасы саналатын клубқа шақырды. Бұл тілдесу үйірмесі Қазақстанның он екі қаласында жұмыс істейді. Мен Алматы қаласында ашылған филиалға алғашқы оқытушылардың бірі болып бардым. Бір жылдың ішінде мыңнан аса шәкірттің тілін қазақшаға сындырдық. Үйірмені арнайы курстар бойынша емес, тілесу бойынша өткіземіз. Мәселен, қазақ тілін өзім қалай үйренсем, өзгелерге солай үйретуге тырысамын.

– Қазақша үйренуге келетін қазақтар көп пе?

– Өте көп деуге болады. Өйткені келушілердің 50 пайызы өзге ұлт өкілі болса, 50 пайызы – қазақтар. Туған тілін білмейді деп оларды кінәлауға келмес. Түрлі жағдай болады ғой. Бәлкім, өскен ортасы сондай шығар. «Игіліктің ерте кеші жоқ» деген. Мен үйренем деп келген ынтасы мен ұмтылысына дән ризамын. Сондай-ақ арасында қолжетімді бағада жеке онлайн сабақ та өткіземін.

– Тілді трендке айналдырудың қандай жолын ұсынасыз?

– Жүрген жерімде қазақша сөйлеуге тырысамын. Біреулер жауап қайыра алмағанына қысылып қалса, енді біреулер таң қалып жатады. Өзгелерге мотивация беріп, қазақ тіліне жарнама жасап жүремін. Әр адамның бойындағы патриоттық сезімді осылай оятып жүрген жайым бар. Себебі тіл – біздің ұлттық кодымыз. Оны білмесек қазақ деген аттан не қалады?!

Туыстарыңыз қалай әрекетіңізді қолдай ма?

– Әке шешем жоқ, мені атам мен әжем өсірген. Ол кісілер маған сүйсініп отырады. Кішкентай кезімде «мені неге қазақ қып тумадыңдар?» деп қиғылық салады екенмін.

– Демек, қазақ құрбыларыңыз көп болып тұр ғой?

– Әлбетте солай. Шынымды айтсам, орыс достарым жоқ екен. Қазақтардың арасында өзімді судағы балықтай еркін сезінемін. Соған қарағанда, менталитетім де қазақ болып кеткен бе деймін.

Кан
Фото: Инстаграм

«Бізбен бірге қазақша сөйле» слэнгін бастадыңыз. Бұл науқан қаншалықты жемісін берді?

– Өздеріңіз білетіндей, осы атаумен өзге ұлт өкілдері тарапынан әлеуметтік желіде көптеген хэштег ұйымдастырылды. Онда тіпті мектеп оқушылары да төбе көрсетті. Бұл арқылы қазақ тілін үйренуге және сөйлеуге құштар жандардың көп екенін аңғардым. Яғни, қоғамда сұраныс бар. Ал біз оны қанағаттандыруға тиіспіз.

– Ол үшін қандай жұмыстар атқарылу керек?

– Жуырда партияның ресми өкілі ретінде Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағанбетовпен кездесу өткіздік. Сонда мектеп қабырғасында қазақ тілі пәнінің аптасына санаулы сағат қана өтетінін жеткіздім. Салдарынан өзге ұлт өкілдеріне баласын қосымша сабақтарға жіберуге мәжбүр болатынын алға тарттым. Оған әркімнің жағдайы келе бермейтіні анық. Депутат менің ойыммен келісті. Болашақта осы бағытта жұмыс істелетін шығар деген үміттемін.

Қай тілде түс көресіз?

– Жақындарым: «Алина, сен ұйқысырағанда қазақша сөйлейсің» дейді. Яғни түсті де қазақша көремін.

– «Етсіз өмірді елестете алмаймын» депсіз. Етті тым жақсы көретін сияқтысыз ғой.

– Кішкентай кезімде ет асудың қыр-сырын үйреніп алғым келетін. Дәмі тіл үйіретін бауырсақты даярлаудың жолын меңгеру үшін де біраз іздендім. Сөйтіп, шымкенттік бір құрбым бұл тағамдарды қалай дұрыс пісіру керектігін үйретті. Дұрыс тамақтану әдебін ұстансам да, ет пен сүтті шайға келгенде әлсізбін.

Кан
Фото: Инстаграм

– Отбасында қай тілде сөйлейсіздер?

– Баламның тілі орысша шықты. Бірақ қазір біртіндеп қазақ тілін үйретіп жүрмін. Жасы екі жарымда болса да, біраз сөздердің мағынасын біледі, айтады.