Маңғыстауда арнайы экономикалық аймақты дамыту жұмыстары жалғасуда
Маңғыстауда Президент тапсырмасы бойынша арнайы экономикалық аймақты дамыту жұмыстары жалғасуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге отандық және шетелдік инвесторларды көптеп тарту үшін «Ақтау теңіз порты» АЭА әлеуетін дамытуды тапсырған болатын. Осы бағытта облыс әкімдігіне Үкіметпен бірлесе отырып экономикалық аймақтың аумағын және басым қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту жөнінде нормативтік-құқықтық актілер қабылдауды қамтамасыз ету жүктелген еді. Бұл бағытта Маңғыстау облысы әкімінің бастамасымен кешенді жұмыстар жүргізілді, – деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
2024–2025 жылдары экономикалық аймақтың аумағы екі жарым есе, яғни 1926 гектардан 4407 гектарға дейін ұлғайды. Оның құрамына биыл Ақтау халықаралық әуежайы, Ақтау қаласының жағалау бөлігі, Жаңаөзеннің өндірістік аймағы және Саржа теңіз терминалы кірді.
– Алдағы уақытта «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағы тағы да өседі. Мұнайлы ауданынан инвестициялық жобаларды іске қосу үшін арнайы жерді, Каспий ЕРСАЙ кеме жасау зауытын мен Кендірлі курорттық аймағын экономикалық аймаққа кіргізу жұмыстары басталып кетті. Осы аумақтар қосылған жағдайда АЭА көлемі шамамен 21 мың гектарға жетеді. Бұл өңір қазынасына жаңа инвестициялардың құйылуымен жаңа салалардың дамуына үлкен мүмкіндік береді, – деді «Ақтау теңіз порты» АЭА» АҚ басқарма төрағасы Мүбәрак Төлегенов.
«Ақтау теңіз порты» АЭА тағы бір жасалған маңызды қадам – басым қызмет түрлерінің тізімі кеңейтіліп, бұрынғы 24 бағыттың орнына 45 жаңа бағыт бекітілді. Олардың қатарында: құрылыс, абаттандыру, туризм, санаторлы-курорттық қызметтер, тоқыма бұйымдары өндірісі, су өңдеу, кеме және әуе кемелерін жөндеу, көлік және басқа да өндіріс түрлері бар.

«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы 2002 жылы Президент жарлығымен құрылған. Сол уақыттан бері ол Маңғыстау облысының өсіп-өркендеуінің маңызды орталығына, Орталық Азияны әлемдік нарықтармен байланыстыратын сенімді көпіріне айналды.
2024 жылы облыс әкімдігінің бастамасымен және Үкіметтің қолдауымен экономикалық аймақтың қызмет ету мерзімі 2052 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Бұл алдағы ондаған жылдарға ірі жоспарларды жүзеге асыруға зор мүмкіндік береді.
Арнайы экономикалық аймақтың артықшылығы – кәсіпкерлерге көп жеңілдік жасауында. Аймақта өз жобасын жүзеге асырған инвестор корпоративтік табыс, мүлік және жер салығынан, импортқа қатысты ҚҚС мен кедендік баждардан босатылады. Жобаларға толық әкімшілік және техникалық қолдау көрсетіледі.
Бүгінде экономикалық аймақта отандық кәсіпкерлерден өзге Италия, Түркия, Германия, Әзербайжан, Қытай және Сингапур компаниялары өндіріс ашып, жобаларын сәтті жүзеге асыруда.