20 Мамыр 13:23
...

Қазақ тілін білмейтіндер Қазақстан азаматы бола алмайды

Азаматтық
Фото: Фото: ғаламтордан

Бұдан былай мемлекеттік тілді, ел конституциясының негіздерін, ел тарихын білмейтін адамдарға азаматтық берілмейді. 

Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай маңызды заңға қол қойды. Бұл «Қазақстан Республикасының тұрғындардың көші-қоны және қылмыстық-атқарушылық жүйе саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң деп аталады.

Тоқаев
Фото: ғаламтордан

Тіпті, Қазақстанда туылып, шетелге кеткен азаматтар да мемлекеттік тілді, тарихты білмесе, азаматтығын қалпына келтіре алмайтын болды.

«Азаматтық алу туралы Ресеймен де, өзге елдермен де келісімдер бар. Кейде олар біздің заңдардан да биік тұрады. Қазақстаннан көшіп кеткен бұрынғы отандастарымыз елге қайта келуі де мүмкін. Енді ол азаматтар да тілімізді, тарихымызды білуі керек. Бұл қазақ тілінің өркендеуіне, тұғырына қонуына үлкен жәрдем береді деп ойлаймын. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде бір қадам алға жылжыдық», – дейді көші-қон сарапшысы Рахым Айып.

Белсенді
Фото: ғаламтордан

Әрине, мұңдай заң ауадай қажет. Ресейдегі мобилизация кезінде небәрі бір-екі күннің ішінде қазақша әліпті таяқ деп білмейтін жүз мыңдаған адам өре түрегеліп, елімізге қашып келгені есте. Бұдан бөлек, екі қолға бір күрек іздеп, қара құрлықтан ағылып келіп жатқан қара нәсілді адамдардың да қарасы күрт көбейді. Олардан шекара асқан соң «Мемлекеттік тілді, мемлекеттің заңдарын білесің бе?» деп сұраған адамның болғанына күмән бар.

Заңның солқылдақтығынан осы уақытқа дейін шетелдік БАҚ-тарда Қазақстан азаматтығын алып беруге уәде беретін жарнамалардан көз сүрінетін. Ақысын төлесе, көлденең көк атты еш кедергісіз азаматтық алып, құқығын қаузауға әзір. Бұған заңдық кедергі болмаса, Қазақстанның келбеті түбегейлі өзгеретіні анық. Әрине, Қазақстан АҚШ немесе Еуропа емес. Кедей елдерден мигранттар толассыз ағылып келіп жатқан жоқ. Десе де, геосаяси сілкіністердің салдарлары билікті келімсектерге қатысты заңды қатайтуды мәжбүрлеп отыр.

Осы тақілеттес заң барлық елдерде бар. Тіл білмесең, Германия, Франция секілді елдерге тек турист ретінде ғана бара аласың. Өмір сүргің келсе, алдымен тілін, тарихын, дәстүрін оқы, меңгер. Содан кейін ғана «Қош келдің!» дейді. Көрші ел – Ресей аула сыпырушы мен кірпіш қалаушылардың өзіне орыс тілін жетік білуді, тарихы мен заңдарын терең білуді қатаң міндеттеп отыр.

Айталық, таяуда ғана Ресейдің мемлекеттік думасының төрағасы Вячеслав Володин: «Ресейге жұмыс істеуге келетіндер орыс тілін білуі тиіс», – деп мәлімдеді. Бұған Өзбекстанның Олий Мажлис депутаты Алишер Кадыров қарымта жауап берді.

Депутат
А.Кадыров. Фото: ғаламтордан

«Әрине, Ресейге барып жұмыс істегісі келетін адамдар, орыс тілін білуге міндетті. Бірақ бұл Өзбекстанда тұратын орыстар өзбек тілін білмесін деген сөз емес. Өзбекстанда тұрып жатқан барлық ұлттар да өзбекше білуі қажет», – дейді депутат.

Кадыровтың дерегі бойынша, орыстар – Өзбекстан халқының тек 2,1 пайызы ғана. Сондықтан, өзбек тілін білмейтін адам мемлекеттік қызмет істемек түгілі, мемлекеттік қызметті те ала алмауы керек. Өзбек депутаты осындай жағдай жасауға шақырып отыр.

Бұл мысалдар әлемде бұлжымас қағидалардың посткеңестік кеңістікте ғана саяси мәнге ие екенін аңғартады. Әйтпесе, әр ел өзінің ұлттық құндылықтарын, тілін, мәдениетін сақтауға, келімсектерден талап етуге толық құқығы бар.