6 Наурыз 12:03

«Қазақ әлемі»: Сең қозғалды

Фото:

Баяу болса да, біртұтас саяси қазақ ұлтының негізі  қалыптасып келеді. Қазіргі әлеуметтік желілердегі пікірлердің бұдан он жыл бұрынғы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы пікірлерге мүлде ұқсамайтыны байқалады. Шыққан тегі түрлі азаматтар мәдениеттегі, спорттағы және басқа да жетістіктерімізге бірге қуанып, «халқымыз» деген сөзді жиі қолданып жүр. Десе де, заманауи түсініктегі «ұлттың» қалыптасу кезеңі ұзақ жылдарға созылатыны жасырын емес. Қордай, Маловодное, Қарағанды, Маялытас және басқа да жанжалдар сынымызды бұзғанымен, бұл үрдіске тоқтау бола алмасы анық.

Әрине, мәдени ала-құлалық үлкен проблема туғызады. Бір этникалық топтың ішінде сөзсіз-ақ түсінікті болатын жайттар өзгелерге ежектеп беруді талап етеді. Осыдан кейбір дұрыс түсінбеушілік, кикілжіңдер тууы мүмкін. Тарихи, саяси, мәдени, тілдік мәселелерге қатысты этникалық топтар ішінде кереғар көзқарастар әлі де басым. Бұған ақпарат кеңістігімізді өзгенің қолына оп-оңай ұстатып қойғанымыздың да кесірі бар. Дейтұрғанмен, қоғамның өз бетінше осы түйткілдердің шешімін іздей бастағаны қуантады.

Мәселен, Қарағандылық азамат Иван Петров қазақтар мен орыстардың Кеңес дәуіріне қатысты пікірі неге кереғар келетінін былайша түсіндіреді: «Меніңше, орыстар мен қазақтар кеңес дәуіріне баға бергенде бірін-бірі ешқашан түсінбейді. Оның объективті себептері бар. 1917 жылғы революцияға дейін Ресейде тұратын халықтың түгелге жуығы құлдықта болды. Иә, заң жүзінде басыбайлылық құқығы жойылды. Бірақ жер помещиктердің қолында қалды. Іс жүзінде құлдық сақталды. Адамдарды мал секілді сатты, сатып алды. Сондықтан зор шығындарға қарамастан, орыс халқы үшін 1917 жыл – құлдықтан босану жылы. Ал құлдықтың не екенін білмеген, орыс шаруаларымен салыстырғанда күйлі болған қазақтарға КСРО-ға қосылу геноцидтен және өмір салтын жоғалтудан басқа ештеңе әкелген жоқ. Мал өсірушілерді шахтада және құрылыста жұмыс істеуге күштеп мәжбүрледі», – дейді ол.

Иван Петров, фейсбук 

Бұл пікірді қолдаушылардың қарасы көп. «Кеңес идеологиясы азаттық пен теңдікті ту етті. Бәрін екі қосынға – қанаушылар мен қаналушыларға бөлді. Ал қазақтарда ондай теңсіздік болған жоқ. Билігі, дәулеті барлардың астамшылығы болған шығар, бірақ жеке тұлғаның бостандығына қол сұғушылық аз болды. Иванмен толық келісемін»,  – деп жазады Абдуразақ Қабылбеков.

«Қазақтардың дені қарапайым шаруа еді. Өз билеушілері мен колониалды биліктің алдында ешқандай құқығы болған жоқ. Төңкерісті көбісі қолдады» деген пікірлерге Иван Петровтың айтар өз уәжі бар: «Қазақтардың құқығы жоқтығы, төңкерісті қолдағаны жайында да дауым бар. Алашордашылар қызылдарды автономия беруге уәде бергені үшін ғана қолдаған. Ақгвардияшылар бұған келіспеген. Ресейдегі құлдыққа келсек, оның болғаны анық. Оны айналып өте алмаймыз».

Бұрынғы пікірталастар «мен – жақсы, сен – жаман» дегенді еске түсірсе, тәуелсіз Қазақстанда туылған жастардан мәселелердің түбіне ой жүгіртетін салиқалы, орнықты пікірлерді жиі еститін болдық. Ең күрделі тақырыптарды талқылағанда да, шетін жайттардың шешімінің табыларына бұл нақты айғақ. Саясаттанушы Мұхтар Сеңгірбай соңғы зерттеулердің негізінде елімізде «Қазақстандық орыстар» деген жаңа ерекше мәдени бірегейліктің қалыптасып келе жатқанын айтқан еді. Бірнеше ұрпақ ауысқан соң, осы мәдени бірегейліктің жалпы ұлттық саяси бірегейлікке ұласатыны дау тудырмаса керек.

«Бір мемлекетте тұратын адамдар бір ұлт болып есептеледі, этникалық тегі, ана тілі, мәдениеті, діні маңызды емес» деген түсінік қоғамға сіңісті болып келеді. Бұл – әлемдік тәжірибе. Әзірге қарсылық бар екеніне қарамастан, бұл үрдістің нышаны бізде де соңғы кездері айқын көрініс беріп келеді. Жаны қазақ екенін мойындаған, өзін қазақ деп есептейтін азаматтардың қарасы көбейді.

Көркем сурет

Естеріңізде болса, 2000-жылдардың бас кезінде Орталық Азияда осы әлемдік үрдісті алғаш қолданған Өзбекстан болды. Ол кезде біздің бұқаралық ақпарат құралдары «Өзбектер қазақтарды да төлқұжатта «өзбек» деп жаздырып жатыр» деп наразылық білдірген-ді. Біз Қазақстанда тұратын азаматтардың бәрі бір ұлтқа жататынын енді ғана аңғарып келеміз.

Қоғамның бұған әзірлігі байқала бастаған соң, билік тарапынан осы тақылеттес пікірлер, бұрынғыдай сақтықты қойып, еркін айтылатын болды. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев informburo.kz ақпараттық-сараптамалық порталына берген сұхбатында: «Қазақстан достық пен келісім аумағы болды және болып та қала береді. Біздің ұранымыз: сан алуандықтағы бірлік. Осы жерде тұрып жатқан барлық ұлттар, этникалық топтар, шындығына келгенде, бір ұлт саналады. Шетелде бізді «қазақтар» деп біледі. Өйткені, біздің мемлекетіміздің атауы дәл осы сөзбен астасып жатыр», – деп мәлімдеді.

Мемлекет басшысы қазақ тілінің жедел дамуы тиіс екенін де баса көрсетті. Бұл – сең қозғалды деген сөз.

Тегтер: