Әлемнің үздік оқу орындарына еліміздегі қай университеттің түлектері грантқа түсе алады?
Nazarbayev University құрылғаннан бері 10 000-нан астам маман даярлап шығарды.
Алматы, NEGE Бүгінгі күні олар Google, Amazon, Apple, Meta секілді әлемдегі ең ірі IT-компанияларда, сондай-ақ Қазақстанның жетекші жеке және квазимемлекеттік ұйымдарында жұмыс істеп жатыр. Олар бесінші Alumni ReUnion түлектер кездесуіне жиналып, жетістіктерімен бөлісіп, қазіргі студенттерге қолдау көрсетті.
NU түлектері бакалавриаттан кейін Оксфорд, Гарвард, MIT, Sapienza университеті секілді әлемнің үздік университеттеріне гранттық бағдарламалар бойынша оқуға түсіп жатыр. Мысалы, 2021 жылы саясаттану және халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған Аружан Мырзаханова бірнеше беделді оқу орындарынан шақырту алған. Ақырында ол Гарвардтың толық грантын таңдап, сол жерде аймақтану бойынша магистратураны бітірді. Алдымен Еуропа Қайта құру және Даму банкінде жұмыс істеді, қазіргі уақытта Ұлттық аналитикалық орталықтың аймақтық талдау орталығында аға зерттеуші қызметін атқарады.
«Nazarbayev University — бәсекеге қабілетті мамандарды дайындайтын орын деп сенемін. Бұл — өз еліңде әлемдік деңгейдегі білім алу мүмкіндігі. Мұнда зерттеу жұмысына, академиялық әдебиетке, сыни ойлауға және аналитикалық жазу дағдыларына баса назар аударылады. Сондай-ақ, көшбасшылық әлеуетті дамытуға, көпшілік алдында сөйлеуге және презентация жасауға үйретеді. Бұл білім беру моделі Америка университеттеріндегі оқу үлгісіне сәйкес келеді. Гарвардта Орталық Азияны зерттеу бойынша бірінші конференцияны ұйымдастыруға көмектескен кезде, шамамен 30 қатысушының 20%-ы NU түлектері болды. Бұл біздің түлектердің Джорджтаун, Колумбия және басқа да жетекші университеттерде білім алатындармен тең дәрежеде бәсекелесе алатынын көрсетеді», — дейді Аружан.
Nazarbayev University-дің тағы бір түлегі, Бақытжан Сариев, мұнай-газ саласын Қытайда оқып, кейін Хьюстон университетінде тағылымдамадан өтіп, АҚШ-та жұмыс істеген. Алайда ол Қазақстанға оралып, ғылыммен айналысу үшін NU-дің докторантурасына түсуге шешім қабылдады.
«Қазақстанға, үйге оралғым келетінін түсіндім, ғылыммен айналысып, өз елімде пайдалы болғым келді. Соны ұққан кезде Нью-Йоркте жұмыс істеп жүргем, NU-ге құжат тапсырдым. Алғашында шетелде ұзақ уақыт өмір сүрген кез келген адам сияқты бейімделуге тура келді. Бірақ бір жылдан кейін осында қаламын деп нақты шештім. NU — Орталық Азиядағы ең үздік білім алу орны, табысты тұлғаларды тәрбиелейтін шынайы орта», — деп атап өтті ол.
NU Times Higher Education халықаралық рейтингісінде әлемнің жетекші 30% зерттеу университеттеріне кіреді. Мысалы, докторант бола отырып, Бақытжан үшінші курс студенттерінен бес адамнан тұратын зерттеу тобын құрды. Төртінші курста олардың төртеуі Милан политехникалық университетіне грантқа түсіп, жоғары нәтижелер көрсеткен.
Кездесу барысында университет мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарына арналған ашық есік күнін ұйымдастырды. Family Fun Day аясында келушілер оқуға түсу мүмкіндіктерімен және студенттер мен оқытушылардың ғылыми жетістіктерімен танысты.
Астана тұрғыны, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Ержан Серікбаев бұл іс-шараға Республикалық физика-математика мектебінде оқитын ұлымен бірге келді.
«Мен жұмыс істейтін ірі компанияларда NU түлектері бастамашылдық танытып, жоғары дайындық деңгейімен ерекшеленеді. Сондықтан баламды осы университеткетүсіру туралы ойлап жүрмін», — деді Ержан.
Механикалық және аэроғарыштық инженерия кафедрасының оқытушысы Дмитрий Сизов университет студенттері тек базалық білімді меңгеріп қана қоймай, сонымен қатар логикалық ойлау сияқты іргелі дағдыларды да игеретінін және бұл оларды әлем бойынша сұранысқа ие мамандарға айналдыратынын атап өтті.
«NU-дің артықшылығы — ағылшын тілінде білім беру: бұл студенттерге бүкіл әлемде қолданылатын алдыңғы қатарлы оқу материалдары мен терминологияны меңгеруге мүмкіндік береді», — деп түсіндірді Сизов.
Қазіргі уақытта университетте 7513 адам білім алуда. Олар бизнес, компьютерлік ғылымдар, инженерия, жасанды интеллект, мұнай-газ саласы және медицина сияқты бағыттар бойынша білім алуда.
Енді NU-ге түсу оңайырақ болды — ағылшын тілінен тест нәтижелерін ұсыну жеткілікті, қосымша емтихандар талап етілмейді. Оқу құны бағдарламасына байланысты жылына 5,8 миллион теңгеден басталады.
Студенттермен жұмыс жөніндегі вице-президент Қадиша Даирова ағылшын тілінен талаптардың төмендегеніне қарамастан, білім беру деңгейі жоғары болып қала беретінін атап өтті.
«Бұл жерге түсу — ең қиыны емес, бірақ оқу қиын. Алайда студенттеріміздің еңбегі ақталады, себебі оларәлемнің үздік университеттеріне сәтті түсіп, мықты компанияларға жұмысқа орналасып, өзін лайықты көрсетуде».
Alumni ReUnion кездесуінде қайырымдылық лотореясы да ұйымдастырылды. 3000 теңгеге билет сатып алғандар символикалық сыйлықтар ұтып алды, ал барлық жиналған қаражат академиялық жетістіктері бар және қаржылай көмекке мұқтаж студенттерге ай сайын 30 мың теңге стипендия ретінде бағытталды.