29 Наурыз 14:36

Қашанған, Қарашығанақ, Теңіз... Мұнай кеніштерін Ресей ала ма?

Мұңлықтар
Фото: Коллаж NEGE

«Ұлыбритания мен АҚШ-тың мұнай компаниялары Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз кеніштерін Ресейге беруі тиіс. Ресей болса, Батыспен бұғатталып жатқан қаруар қаражатымен есеп айырысады. Бұл тараптардың бәріне бірдей көңілінен шығады»  

Қазақстандық энергетика сарапшы Олжас БАЙДІЛДИНОВ осындай идея көтеріп жүр. Ал Қазақстан бұл мәміледен не ұтпақ? 1990-жылдары Қазақстан мен Батыстың арасындағы «әділетсіз» шарттарды бұзуға мүмкіндік тумақ. Десе де, бұл ұсыныс елде секем тудырып отыр.

Сарапшы
Фото: gov.kz

Atameken Business News бағдарламасында Олжас Байділдинов бұл ойын осылайша тұжырымдайды. Оның пікірінше, «біз мұнай-газ державасымыз, қорымыз мол» деп құр кеуде керіп, мақтанып жүрміз.

– Шындығында, 2023 жылдың қорытындысы бойынша, 90 миллион тонна өндірдік. Оның 60 миллион тоннасы «үш китке» (Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз – ред.) тиесілі. Шынтуайтында, бұл біздің мұнай емес. «ҚазМұнайГаздың» азғантай ғана үлесі бар демесеңіз, мұнайдың иелігі бізде емес. Салықтар мен төлемдер бізге көп түсіп жатқан жоқ. «Ұлттық мұнай өндірісі» 30 миллион ғана. Бұл – Қазақстан өндірілген мұнайдың үштен бірі ғана. Оның біраз бөлігі Қытай және басқалардың компанияларының еншісінде. Біздің үлесіміз өте аз. Былтыр біздің өндірісіміз үш пайызға азайып кетті. Мұнай-газ секторында жаман нәрселер басталды. Бұған бір амал жасауымыз керек, – дейді сарапшы.

Олжас Байділдиновтің ойынша, бұл тығырықтан шығудың жолы – Ресейдің бұғатталған қомақты қаржысы. Батыспен жасалған шарттарды біз біржақты бұза алмаймыз. Бұл ұзаққа және қымбатқа түсетін халықаралық сотқа жүгіну керек. Көбіне сот мұндай жағдайда инвесторлардың пайдасына шешеді.

– Ресейдің 300 миллиард доллары Батыста бұғатталып жатыр. Қазақстан Республикасының мұнай-газ кеңесіне бұл қаржыға шетел компанияларының үлесін сатып алуға өтініш жасап, келіссөз жүргізуге ұсыныс тастайық. Сонда барлық тараптар үшін оңды шешім болады. Сонда Қазақстан келісім-шарттардың талаптарын қайта қарай алады, – дейді сарапшы.

Десе де, Батыстан тікелей сатып алған жағдайда, ресейліктердің қазақтың мүддесін қалай түгендеп беретіні жұмбақ күйі қалды.

Бұл пікірді тағы бір энергетика сарапшысы қос қолдап қолдап отыр. Ол – қоғам белсендісі, саясаткер Петр СВОИК.

Сарапшы
Фото: ғаламтордан

– Олжас америкалық немесе еуропалық мұнай өндірушілердің меншігін Ресейге беруді ғана емес, Батыс та, Ресей де пайдала алмай отырған ақшаны бұғаттан шығару жөнінде әдемі әрі нақты идея айтып отыр. Бейтарап Қазақстан мұны істей алады, – дейді энергетик Петр Своик.

Бұл идеяға қарсылардың қарасы басым секілді. «Қазірдің өзінде Ресейге тәуелдіміз. Бұдан әрі де тәуелді бола түсеміз. Билікте Ресейдің лоббистері көп. Бұлай тәуелсіздігімізден айырыламыз», – деп жазады желі қолданушылардың бірі.

Саяси белсенді Жанна БОТА мұны өте қауіпті деп біледі. Оның пікірінше, бұл төңкеріске дайындық болуы ықтимал.

Белсенді
Фото: ғаламтордан

– Ағылшындар мен америкалықтардың Қарашығанақтағы, Қашағандағы және Теңіздегі үлесін Ресейге беру туралы қауесеттің артында қауіпті ойын тұруы әбден мүмкін. Олжас Байділдиновті мәскеуліктер алға салып, пайдаланып отыр. Петр Своик, Арманжан Байтасов, Мұхтар Жәкішевтер Кремльдің «Қаңтар-2» ойынын ойнауы ықтимал.

Мәскеудің қолымен британиялықтарға қарсы ойын ойнау – ақымақтық. Мұнай әрекетке барсаңдар, сау-тамтықтарың да қалмайды. Біздің сән-сымбаты келіскен «бизнес-элитаны» қан төгілмей шыға алмайтын тығырыққа тіреген секілді. Бұлар мені есінен адасты дер. Бірақ олар әңгіменің төркіні неде екенін жақсы біледі», – деп жазды әлеуметтік желіге саяси белсенді.

Естеріңізге сала кетсек, Қаңтар оқиғасы кезінде маңғыстаулықтарды көшеге шығарған – газ бағасының күрт қымбаттауы еді. Олжас Байділдиновтің мына сөзі отқа май құйып, қарашаның ызасын өршелендіре түскені анық.

қаңтар
Фото: ғаламтордан

– Әлемде мұндай баға жоқ. Баға мен құнды анықтайтын – нарық. Ол айлық пен табысқа тәуелді емес. Адамдарды баға қанағаттандырмаса, қоғамдық көлікке отырсын. Сол да проблема ма? – деген еді сарапшы.

Газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылық еліміздің түкпір-түкпіріне лаулап тарап, соңы саяси талаптарға ұласқан болатын. Қазіргі таңда геосаяси ахуал қатты өршіп тұрғаны мәлім. Алпауыт елдер өзара жаға жыртысуға шақ тұр.

Бұл мәселеге Олжас Байділдиновтың араласқаны «Қаңтар оқиғасын қайта жаңғыртып жібермей ме?» деген секем тудырғаны заңдылық.