24 Ақпан 08:22
...

Қаржы пирамидасы. «Көп асаймын деп б...қ асайтындар» НЕГЕ көп?

Фото:
«Молшылықта өмір сүр!». Бұл

– елімізде талай адамды сан соқтырып кеткен украиналық алаяқ Николай Гонта құрған В2В Jewelry компаниясының ұраны. Алданған адамдардың бірі – Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Балым Есбаева.

Жасы биыл 43-ке толады. Мамандығы – мұғалім. Оның шотына бірнеше ай бойы, яғни былтыр карантин басталғанша (16 наурызға дейін) Гонтаның компаниясынан апта сайын 10 мың теңгеден бастап 27 мың теңгеге (!) дейін бонус түсіп отырған. Айналып келгенде, Балым Есбаева кемінде 500 мың теңгеге зиян шеккенін айтады.

Сосын түрлі сылтаумен кешіктіріп, ақырында компанияның өзі ұшты-күйлі жоғалып кеткен.

Кейіпкеріміз әпкесінің аурушаң (ДЦП) баласының еміне жинап жатқан бар ақшасын (500 000 теңге) салып, қазір бармағын тістеп отырғанын айтады.

Құрбандардың арасында «шаш етектен пайда табамыз» деп, тұрып жатқан үйін сатып «инвестиция» салған адамдарды да өз көзімен көрген.

Ол артынан жиырма адам тартқан. Мыңдаған адам тартып, аптасына мыңдаған доллар пайда тауып отырғандарға қатты қызыққан. Осы қызығушылық В2В Jewelry компаниясына сенген 10 000-нан аса адамды опық жегізіп отыр.

Қаржы пирамидасы қалай жұмыс істейді?

Қаржы пирамидаларының жұмыс тәсілі ұқсас – оңай олжаға қызықтырып, жұртты мейлінше көп тартып, қақпанға түсіру. Ары қарай, белгілі. Құныққан адам пайданы ойлап, тапқан таянғанын, барын тасып әкеліп сала береді. Қаржы пирамидасы құрбандарын аңқыған исімен тартатын кәдімгі жыртқыш-өсімдіктерді еске түсіреді.

Балым Есбаеваны Арбатта ашылған В2В Jewelry компаниясына әпкесінің бір пысық құрбысы ертіп әкеліпті.

Аты айтып тұрғандай, бұл қаржы пирамидасы жымысқы ниетін зергерлік бұйымдармен әдемі бүркемелеген. Жалған сертификаттармен, бонустармен қызықтырған.

«Қасында алтын, гауһар сататын дүкендер де болды. Бұл да дәл солар сияқты зергерлік бұйымдар сататын. Кеңесшілері маркетингтің қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп береді. Бәрі оп-оңай. Күмістің пайызы – 15, ал алтынның пайыздары төмендеу болды. Алтынға немесе күміске инвестиция саласың. Менің үш балам бар. Қазақтың салт-дәстүрі көп емес пе? Құдалық, той және тағысын тағылар. Болашақта керек болады деп ойлағанмын», – дейді ол.

Жалған сертификат алу үшін кемінде 75 мың теңге салу керек. Яғни, осы соммадан бастап бонус түседі. Артыңнан адам әкеліп тіркетсең, бонустарың көбейе береді. Мәселен Гүлнәр атты әйелден кейін Балымның әпкесі, одан кейін өзі тіркелген. Екі-үш ай бойы жүйе еш кінәратсыз жұмыс істеген. Телефоныңа компанияның бағдарламасын жүктеп алсаң, ол жерде аты-жөнің, қанша бонус түсіп жатқаны айқын көрініп тұрады.

Бастапқыда бонустар Kaspi Gold-қа ешбір ақаусыз аударылып отырған. Тіпті, пирамидадағы өзіңнен бір немесе бірнеше баспалдақ жоғары тұрған адамдардың да қанша пайда тауып жатқанын көруге болады. Неғұрлым баспалдақ арқылы көтерілсең, ақша өздігінен ағылып келіп жататыны көз алдыңда тұрады. Сатылап жоғары көтерілгенді, қыруар қаржы табуды кім қаламайды?

Есбаева да қызды-қыздымен артынан күйеуін, оның артынан ер жетіп қалған баласын тіркетеді. Тіркету үшін, әрине, олар да кемі 75 мың теңгеден салып отыруы тиіс.

Бір екі аптадан кейін жолдасына да бонус түсе бастаған. Оңай олжа кімді жатқызсын, В2В Jewelry-ге ақша салуға, өзінің артынан тіркелуге үгіттеп, туыстарын, құрбыларын, әріптестерін соңынан ілестірген. Мәселен, бір әріптесі 300 мыңнан аса ақшаға үлкен кулоны бар алқа сатып алған. «Маркетинг» жұмыс істесе, олар 300 мың ақшасын 5-6 айда қайтарып алуы тиіс.

«Жеңіл ақшаға құнығып кеттік. Бір әпкем бірден 500 000 теңгеге жуық ақшаға жазылды. Оның ДЦП-мен ауыратын арушаң қызы бар. Ортаншы әпкем соның еміне жинап отырған бүкіл ақшасын бой бермей апарып салғызды. «Осы ақшаны салсаң, мынанша айда еселеп қайтарып аласың. Емге жұмсалатын ақшаның үстінен үлкен пайда көресің», – деген соң, ол Халық банкіндегі депозитін жауып, В2В-ге салды. Бұл – ауру баласына төленіп отырған жәрдемақысы еді», – дейді Балым.

Тәтті өмірдің ақыры

В2В Jewelry карантин болмағанда елімізде қанатын кеңге жаюды мақсат еткен-міс. Алматы қаласы жабылардан бір күн бұрын – 15 наурызда Талғар және Есік қаласында және Қазақстанның басқа да қалаларында филиалдарын ресми түрде ашқан.  Бұл жайттың өзі клиенттеріне сенім ұялата түскен.

«Содан кейін Талғарға барып, мен тағы да 75 мың ақша салдым. Әріптесім Сайра апай да 75 мың салды. Ол артынан қызын жазды. Мектепте бірге істейтін екі-үш мұғалімді жазды. Маркетинг бойынша 15 мыңнан жоғары салуы керек болды. Олардың артынан да әріптестері тартыла бастады. Біз «бұл соманы 45 мың қылып аласың» деп үгіттеп  отырдық», – дейді Балым қызарақтап.

Есбаеваның шотына аптасына 27 мың теңге түсіп отырғанын көрген құрбылары, достары, әріптестері де қатты қызыққан. Оның артынан бірінен соң бірі жапа-тармағай жазыла бастапты.

«Бірақ менен кейін жазылғандарға бонустар кешігіп түсе бастады. Алғашқыда техникалық ақаудың кесірі деп түсіндірді. Сосын бір аптаға кешіктіріп берді. Бірақ олардан маған мүлде бонус түспеді. Сұрастырған едік, бір жаңа ережелерді айтып, басу айтқандай болды», – дейді кейіпкеріміз.

Естеріңізде болса, былтыр наурыз айының 16-сы күні карантин басталып, қала  жабылады. Осыған орай, компанияның басшысы Николай Гонта телеграм-канал арқылы халыққа мәлімдеме жасайды.

«Мен осы тығырықтан шығудың жолын табамын. Карантин қазір қолымызды байлап отыр. Ақшаларыңызды ақырындап болса да, міндетті түрде қайтарамын» деп уәде береді.

«Сонымен, менің отбасым, әпкелерім, әріптестерім, достарым, әрқайсымыз кем дегенде бес жүз мың теңгеден шығынға батып отырмыз. Менің інім 1 400 000 теңгеге күйді. Інім ортаншы әпкемнің соңынан тіркелген еді. Тіпті, үйін сатып, осы компанияға ақша салған адамдарды да білемін», – дейді Есбаева.

Қаржы пирамидасының «Стокгольм синдромы»

Қаржы пирамидасының құрбандары соңғы жылдары көбеймесе, азаймай тұр. Бір қызығы, қатысушылардың дені – өзін құрбанмын деп есептемейді. Алаяққа құдайдай сенгені соншалық, оны қорғап, билікке қарсы шыға бастайды. Мәселен, ресейлік атышулы алаяқ Сергей Мавроди құрықталған кезде, елдің түкпір-түкпірінде көшеге шыққан адамдардың қарасы көптігі таңғалдырған. В2В Jewelry ісінде де қаржы пирамидасында «стокгольм синдромы» жақсы көрініс беріп отыр.

Николай Гонта

Ерте көктемде В2В Jewelry басшысы Николай Гонта біреудің арызы бойынша қазақ полицейлері дүкенге баса көктеп кіріп, алтын бұйымдар салынған қораптарды лақтырып, сатушыларды қабырғаға тұрғызып қойып, жұмыс істетпей, қоқан-лоққы жасап жатыр деп шағымданды. Карантин бітсе, адвокаттарын Қазақстанға жіберетінін айтқан. «Біз Ресей, Өзбекстан, Түркіменстанда да жұмыс істеп жатырмыз. Басқа елдер бізге олай істеген жоқ. Қазақстан билігі жаман екен» деген сонда.

Соңынан ергендер «Біздің билік не өздері жұмыс істемейді, не өзгелерге жұмыс істетпейді?» деп ызаланыпты. Тіпті,  құқық қорғау органдарының қызметкерлері (Экономикалық тергеу департаменті)  В2В Jewelry құрбандарына қоңырау шалып: «Келіңіздер, талап-арыз жазыңыздар. Бұл – алаяқтық! Бес жүз адам қол қойса, біз іс ашамыз» деп хабарласқанда, көп адамдар құзырлы органға емес, алаяқтарға сенген.

«Дереу өзімнің «демеушіме» хабарластым. Ол: "Жоқ, қыздар, арыз жазбаңдар. Олар әдейі жасап жатыр. Сосын Гонтаны жауып тастайды. Оның құжаттарының бәрі дұрыс. Сот өтіп жатыр. Екі сотта ұтып шықтық. Енді үшіншісін күтіп отырмыз. Оны ұтсақ, жұмысты қайта жалғаймыз», – деді. Мақұл дедік. Карантин бітті. Жұрт қайта ашылып жатыр. Тағы сұрағанымызда тағы да сот болып жатқанын айтқан. Үшінші сотта жеңіп шыққанын айтты», – дейді мұғалім.

Содан кейін еліміздегі В2В Jewelry дүкендерінің бәрі жабылған. Гонта байланысқа мүлде шықпай қойған. Гонта «ешкіммен ақша бөліспегендіктен, Қазақстанның билігі жұмысымызға әдейі кедергі жасап отыр» деп соққан, бірде «мұның бәрі карантиннің, ковидтің кесірі» деп ақталған. Өзі сүттен ақ, судан таза.

Бар ақшасынан айырылса да, алаяқтардың үстінен мүлде арыз жазбаған адамдар көп. Қазір бұл компания Қазақстанда жұмыс істеп жатқан жоқ. Мұның алаяқтық екенін, нағыз қаржы пирамидасы екенін бұқаралық ақпарат құралдарынан естігендер аз емес.

«Мен ұят болмасын деп жақын құрбымның алтындарын сатып алдым. Десе де, олардың маған деген реніші әлі басылмаған. «Сол алтын не болып кетті? Күміс не болып кетті?», – деп әлі сұрайды. Ақшамызды басқа біреу қайтарып береді дегенге сенбейміз. Біз сотты ұтып, В2В Jewelry жұмысын жалғастырады деп күтіп отырмыз. Компаниядан басқа бізге ақшамызды ешкім қайтарып бермейді. Гонта әлі халықтың алдына шығып, сөз сөйлеп жүр. Видеоларын жібереді. Ол Украинада депутат екен. Ондай адам алдамайтын шығар. Дүкендері Украинада жұмыс істеп тұр екен әлі», – дейді Балым Есбаева.

Ал шындық басқаша. Украинада алаяқтық іс бойынша «қылмыстық жолмен алынған табыстарды легализациялау» бабымен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Алаяқтықтың «құны» 250 млн доллар деседі.

B2B Jewelry қаржы пирамидасы ретінде украиналық құқық қорғау органдарының назарына ілінген. Украинаның қауіпсіздік қызметі оның қызметін тоқтатқан. Десе де, кейбір жерлерде жұмыс істеп жатқанын сол елдің баспасөзі «бұл қалай?» деп жазғаны бар. Украина Радасы қаржы пирамидаларына қарсы қатаң заң қабылдап, Гонтаның мойнына қылбұрауды мықтап салмақ.

Тегтер: