Қаржы пирамидасын қалай анықтауға болады? Маман пікірі
Қаржы пирамидаларының қатері күшейіп тұрған кезеңде халықтың қаржылық сауаттылығын арттырып, олардан сақтанудың жолын қарастыру ерекше маңызға ие.
Алматы, NEGE. Осы мақсатта Stop-Piramida.kz жобасы іске қосылған. Осы жобаның авторы Юрий Ли тілшімізге қаржы пирамидаларын қалай анықтауға болатынын, қандай қауіптерге назар аудару керектігін және азаматтар өз қаражатын қалай қорғауы тиіс екенін әңгімелеп берді.

– Қаржы пирамидасын бастапқы кезеңде қалай анықтауға болады?
– Қаржы пирамидасын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін бірқатар белгілер бар. Мәселен, алдын ала белгіленген дивиденд мөлшерінің болуы және төлемдердің минут сайын, сағат сайын, күн сайын не апта сайын тұрақты түрде жүргізілуі күмән тудырады. Ең басты белгілердің бірі – компания табысының нақты экономикалық қызметке емес, салымшылардың ақшасына тәуелді болуы. Егер жоба өндіріс, сауда немесе инвестиция сияқты нақты кәсіппен емес, тек жаңа салымшыларды тарту арқылы пайда табатын болса, бұл – қаржы пирамидасының айқын көрінісі.
Сонымен қатар тәуекелсіз жоғары табысқа кепілдік беру, рефералдық жүйеге басымдық беру, танымал брендтер мен ірі компаниялардың атын заңсыз пайдалану да жиі кездесетін жағдай. Тәжірибемізде кейбір жобалардың өздерін Sinotrans немесе JDL сияқты алпауыт компаниялардың атын жамылғысы келгенін, алайда тексеру барысында олардың ешқандай қатысы жоқ екенін анықтадық. Осындай қауіптердің алдын алу үшін жылдам пайда уәде ететін жобаларға қаржы салудан бас тарту қажет. Бұған қоса, несиеге алынған қаражатты инвестицияға пайдаланбау, компанияның заңды тіркелуі мен лицензиясын мұқият тексеру және ешкімнің ықпалына жығылмай, байыппен байлам жасау аса маңызды.
– Кез келген азамат қаржы пирамидасының белгілері бар компанияларды немесе жобаларды қалай тексере алады?
– Мұндай жағдайда тексеру жұмысы бірнеше кезеңнен тұруы тиіс. Ең алдымен, компанияның заңды тұлға ретінде тіркелгенін Еgov.kz сияқты ресми мемлекеттік ресурстар арқылы анықтап алған жөн. Онда тіркелу мерзімі мен басшылары туралы мәліметтер көрсетіледі. Келесі кезекте компанияның лицензиясына назар аудару қажет. Егер ол инвестиция, криптоинвестиция, активтерді басқару немесе брокерлік қызмет ұсынса, онда міндетті түрде қаржы реттеушілерінен берілген лицензиясы болуы керек. Қазақстанда мұндай лицензияларды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, «Астана» халықаралық қаржы орталығы немесе Ұлттық банк ресурстарынан, сондай-ақ elicense.kz порталы арқылы тексеруге болады.
Сонымен бірге интернет кеңістігіндегі ақпараттарды саралау да маңызды: реттеуші органдардың ескертулері, пайдаланушылардың пікірлері мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар назардан тыс қалмауы тиіс. Қосымша тексеру үшін stop-piramida.kz сайты мен KZ CERT телеграм-ботын пайдалануға болады. Егер азаматтар өз бетінше толық тексеру жүргізе алмаса, арнайы орталықтардың көмегіне жүгінгені жөн.
– Шектен тыс пайда ұсынатын жобалар несімен қауіпті? Ең алдымен не нәрсеге назар аудару қажет?
– Мұндай жобалардың басты қатері – ұсынылған табыстың нақты экономикалық негізінің болмауында. Заңды қаржы жүйесінде жоғары табыс әрдайым жоғары тәуекелмен қатар жүреді және ешқашан толық кепілдік бермейді. Ал егер жоба тұрақты түрде жоғары әрі «кепілдік беретін» табысты ұсынып отырса, бұл қаржы пирамидасының негізгі белгілерінің бірі болуы мүмкін. Көп жағдайда мұндай жүйелерде алғашқы қатысушыларға төлемдер компания қызметінен емес, кейін қосылған адамдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Жаңа қатысушылар қатары тоқтаған сәтте мұндай жобалар күйреп, салымшылар қаржысынан айырылады. Сондықтан ең алдымен табыстың негізгі көзі қайдан қалыптасатынына мән беру, нарықтағы ұқсас ұсыныстармен салыстыру, лицензияның болуын тексеру, табыстың шынайылығына көз жеткізу, компанияның ашықтығын және қаражат тарту тәсілдерін жан-жақты талдау қажет.
– Алаяқтар адамдарды қандай психологиялық әдістер арқылы тартады?
– Алаяқтар адамдарды тарту үшін түрлі психологиялық тәсілдерді шебер қолданады. Олар көбіне жалған төлемдерді көрсетіп, сендіруге тырысады. Сонымен қатар «тек бүгін ғана», «соңғы мүмкіндіктер» деген сияқты сөздер арқылы жедел асығыс байлам жасауға итермелейді. Танымал тұлғалар мен ұйымдардың атын пайдалану арқылы беделді болып көрінгісі келеді. Арнайы чаттар ұйымдастырып, көпшіліктің ықпалымен адамдарды инвестиция салуға көндіреді. Бұдан бөлек, «тәжірибесіз-ақ табыс табуға болады» деген сияқты жеңіл түсінік қалыптастырып, «бірегей» өнім не қызмет ұсынып отырғандай әсер қалдырады.
– Әлеуметтік желілердегі инвестициялық ұсыныстарды қалай тексеруге болады?
– Әлеуметтік желілердегі инвестициялық ұсыныстарды тексеру үшін жоғарыда айтылған барлық тәсілдерді кешенді түрде қолдану қажет. Яғни компанияның тіркелуін, лицензиясын, интернеттегі беделін, сондай-ақ арнайы сервистер арқылы оның тәуекел деңгейін анықтау маңызды.
– Қаржылық сауаттылық алаяқтықтан қалай қорғайды?
– Қаржылық сауаттылық адамға инвестицияның тәуекелдерін дұрыс бағалауға, алаяқтық схемалар мен нақты инвестициялық мүмкіндіктерді ажыратуға, компаниялар мен олардың лицензияларын тексеруге және қысыммен шешім қабылдаудан сақтануға мүмкіндік береді. Қаржылық тұрғыдан сауатты адам жоғары табыс әрқашан тәуекелмен қатар жүретінін, ал пайдаға кепілдік беру көбіне алаяқтықтың белгісі екенін жақсы түсінеді.
– Егер қаржы пирамидасы болуы мүмкін деген күмән туындаса, азаматтар не істеуі керек?
– Мұндай жағдайда ең алдымен қаржы аударудан бас тартқан жөн. Компанияны ресми реестрлер арқылы тексеріп, реттеуші органдардың ескертулеріне назар аудару қажет. Қажет болған жағдайда мамандардан кеңес алып, күмән тудыратын жобалар туралы құқық қорғау органдарына, қаржы реттеушілеріне немесе тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұйымдарына хабарлаған дұрыс.
– Зардап шеккен азамат ақшасын қайтару үшін не істеуі қажет?
– Егер қаражат аударылып қойса, ең алдымен дереу банкке хабарласып, аударымды тоқтату немесе алушының шотын бұғаттау мүмкіндігін қарастыру қажет. Сонымен қатар полицияға немесе Қаржылық мониторинг агенттігіне арыз беру керек. Ол үшін хат алмасу скриншоттары, төлем деректері, сондай-ақ сайттар мен аккаунттарға сілтемелер ұсынылуы тиіс. Бұдан бөлек, барлық дәлелдерді – түбіртектерді, банк көшірмелерін және хат алмасуларды сақтап қою маңызды. Сондай-ақ басқа азаматтарды мұндай жағдайдан сақтандыру үшін ескерту жасау да артық болмайды.