Референдум Референдум
USD
USD
USD

Қарашығанақтан миллиардтар қайта бастады

Ел үкіметі енді ешкімге есе жібермеуге бел буған секілді. Қарашығанақ үшін шетелдік консорциумнан мәмілелердің құнын 2,5 есеге дейін арттыруды, яғни 2,5 млрд АҚШ долларын сұрап отыр. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, екі тарап 1,8 млрд АҚШ долларына тоқтам жасауы мүмкін. Консорциумға шетелдік Sell және Eni компаниялары басшылық етеді. Олар ұсынған 1,1 млрд долларын үкімет «жеткіліксіз» деп танып, бұрынғы бағаны місе тұтудан үзілді-кесілді бас тартып отыр.

Қарашығанақтан миллиардтар қайта бастады
Фото: NEGE.kz

Жеріміздің асты-үсті байлыққа толы болғанмен, оны игеру оңай шаруа емес. Оған заманауи технологиялар, қомақты қаржы, мықты менеджмент қажет. Жалаңаяқ жар кешкен 90-жылдары қолымызда мұның бірі де болмады. Шетелдік инвестицияларға барынша тәуелді болдық. Трансұлттық компаниялар – іскерлік әлемнің нағыз қожайындары. Біздегі ахуалды көріп, басқа амалымыздың жоқ екенін аңғарып, өздеріне барынша қолайлы шарттарға қол қойдыруға көндірген. Есіміз кіріп, етек-жеңімізді жинаған кезде де, бұл шарттарды қайта қарау оңай шаруа емесі айқын болды. Оған үлкен саяси-ерік жігер керек екен.

Соңғы жылдары үкімет осы үдеден көріне бастады. Ел мүддесі үшін алпауыттармен арбасып, халықаралық соттарға жүгінуге де әзір болды. Шаш етектен пайдаға батып жатқанмен, жеме-жемге келгенде қара бақырды да санасатын консорциумдарды шаңыраққа қарауға шақырып, талап қоюда табандылық танытты.

«Біз Қарашығанақ мәмілелерінің экономикалық талаптарын қайта қарастырғымыз келеді. Елдің пайдасын арттыру қажет. Бұған дейін,  өздеріңіз білетіндей, мәміле сомасы 1,1 млрд доллар болатын. Біз келіссөздерді әлі аяқтаған жоқпыз. Онда мәміленің кейбір параметрлері қайта қарастырылуы мүмкін», – дейді Қазақстанның Энергетика вице-министрі Мұрат Жүребеков.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан үкіметі мен Қарашығанақ жобасының акционерлері мұнай сатудан түскен пайданы бөлу тәсіліне таласқан. Дау бақандай үш жылға созылды. Үкімет ең алдымен мемлекеттің экономикалық мүддесін барынша қорғап, ел бюджетіне түсетін пайданы арттыруды талап етті. Тіпті, өз құқығын қорғау үшін халықаралық сотқа да жүгінген. Бірақ ол кезде «көп жылдық ынтымақтастықты ескеріп, тараптар дауды реттеудің достыққа негізделген өзара тиімді жолдарын тапты» деп мәлімдеме жасаған-ды. 2018 жылдың қазанында Үкімет пен «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» консорциумы өтемақы туралы құжатқа қол қойған. Содан кейін осы жылдың соңына дейін келіссөздерді аяқтап, заңдық тұрғыдан міндеттейтін мәмілелерді реттеу туралы келісім жасалуы тиіс болған. Бірақ, жағдай тағы да басқаша өрбіп отыр. Қазақстан тағы осындай қосымша талаптар қойып отыр.

«Бұрынғы сомаға біз қанағаттанбаймыз. Сондықтан еліміз консорциумге ескертіп, бұл шешімге разы еместігімізді айтып, келіссөздерді жалғастырып жатыр. Кесімді соманың қандай болатыны туралы әзірге ештеңе айта алмаймын», – дейді Энергетиканың вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов.

Қарашығанақта бүгінде жыл сайын 11 миллион тонна сұйық көмірсутек,  16,5-17, 5 млрд текше метр газ өндіреді. Sell және Eni-ден өзге, консорциум қатысушылары – «ҚазМұнайГаз» (10 пайыз), Шеврон (18 пайыз), Лукойл – (13,6 пайыз). 

«Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» – әлемдегі ең ірі мұнайгазконденсат кеніштерінің бірі. Қазақстан үкіметі мен халықаралық консорциум 1997 жылы қараша айында қол қойған құжаттарға сәйкес жұмыс істейді. Келісім талаптары бойынша, Қарашығанақ жобасын 2038 жылға дейін басқарады. 1997 жылғы Өнімдерді бөлу туралы соңғы келісім талаптары бойынша, оның қатысушыларына ешқандай жаңа салықтар мен алымдар салынбайды.

Шадияр Өстемірұлы

Қазір оқып жатыр

Түркістанда фельдшерлердің мәселесін көтерген азамат психиатриялық есепке заңсыз қойылған ба?

Аурухана

Алматыдағы қағаз зауытына 49,9 млн теңге айыппұл салынды

 Республикалық ТКШ Альянсы

Польшада қазақстандық әйел қаза тапты

 Екатерина Шилова

Трамп Ресей мұнайына салынған санкцияларды уақытша алып тастады

Ресей мұнайы тиелген танкер