25 Сәуір 08:21
...

Карантин: Қамау мен айыппұлдың қайсысы тиімді?

Фото:

Қазір әлемнің қаншама елінде төтенше жағдай енгізіліп, карантин режимімен өмір сүруде. Бұрын-соңды еркіндікте жүріп, төрт қабырғаға қамалмаған халық бұған да үйрене бастады. Себебі, індеттің таралмауын тек карантин ғана тежей алады. Алайда, карантиннің талаптарын сақтай алып жүрміз бе?

Әсіресе, көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары далаға шығып серуендеуін доғарар емес. Кейбір ата-ана қаннен-қаперсіз  балаларын медициналық бетперде таққызбай сыртқа жіберіп қояды. Сол үйдің жанынан індеттің ошағы анықталса да бәрібір. Үйде отыру керегін біледі, бірақ керісінше істейді. Тек полиция қызметкерлері дауыс зорайтқышы арқылы ескерту айтқанда ғана үйлеріне тым-тырақай қашқан бейнежазбаларды да көрдік. Міндетті түрде айту керек, ескерту керек. Тіпті, бұл індеттің елге келгенінен де бейхабар адамдар бар десек, қателеспейміз. Әлі күнге арамызда «Қандай вирус?! Бізді ешқандай да вирус алмайды. Себебі, біз қазақпыз!» деп кеуде соғатындардың жүргені қынжылтады. Сонда бүкіл әлем айлап карантинде не үшін отыр?

Иә, әуелгіде індет Қытайда тіркеліп, одан Еуропа елдеріне тарағанда осындай пікірлер арқылы өзімізді жұбаттық. Мәселен, Nege.kz порталына сұхбат берген шығыс медицинасы дәрігері, бір кездері өзі де Қытайдан келген Ержан Нұрмұхан:

«Әңгіме біздің не жеп жүргенімізде. Біз, қазақтар қазы-қарта, жал-жая жейміз. Қой етінің сорпасын ішеміз. Тамақты талғап жесек, сақтанып жүрсек, жұға қоймайды. Әр адам жеке тазалығына қарауы тиіс. Екі-үш күннің бірінде жылқының етін жеп, қой етінің қара сорпасын ішу керек. Өзіміздің дәстүрлі тағамды ғана тұтынсақ, бәле-жала жоламайды...» деген еді. Алайда, вирустың ұлт таңдамайтынына көзіміз анық жетті. Сондықтан карантин режимін қатаң сақтасақ қана індетті жеңетінімізді жіті түсінсек екен.

Тағы бір айта кетерлігі, басқа мемлекеттерде карантин режимін бұзғандарды ұстап, абақтыға қамап жатыр дегенді естіген жоқпыз. Ал еліміздегі ақпараттарға зер салсақ, жер-жерде «мұншама адам уақытша қамауға алынды» деген сарындағы мәлімет көп. Оларды онсыз да қысылтаяң шақта темір торға тоғытқаннан не пайда бар? Дәл сол заң бұзғандарды уақытша изоляторға жинап, індет ошағына айналдырып жібермейміз бе? Осы жағын неге ойламасқа? Одан да шетелдегі тәжірибе бойынша оңдырмай айыппұл салса жеткілікті емес пе? Бұдан кейін өзі де қомақты ақша төлеуге дәті шыдамас еді.

Айталық, Анкарада тұратын қандасымыз Мырзахан Байжан бізге берген сұхбатында:

«Бұл күндерде коменданттық сағатты бұзушыларға 3182 түрік лирасы, яғни, 200 мың теңгеге жуық айыппұл салыну қарастырылды» десе, Мадридтегі отандасымыз Махаббат Төлеуғазина: «Көшеге шығуды үгіттейтін арандатушыларға 100 еуродан 60 мың еуроға дейін айыппұл салады. Егер тұрғын жергілікті полицияны тыңдамаса немесе талап еткен кезде тиісті құжатын көрсетпесе, 1 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін. Сондықтан мұндағы айыппұл да аз ақша емес. Мынадай қиын шақта оны ешкімнің арқалағысы да келмейді» деген еді.

Ал Қытайда бетпердесіз далаға аттап шығуға тыйым салған. Тіпті, оқшауланған үйдің тұрғындары азық-түлік, дәрі-дәрмекке интернет немесе сондағы еріктілер арқылы тапсырыс беріп, алып отырған.

Ішкі істер министрлігіне еліміз бойынша қанша адамға әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын, қанша адамның қамауға алынғаны туралы сауал жолдадық. Ол бойынша мәлімет мынадай:

«ҚР Әкімшілік заңбұзушылық кодексінің Төтенше жағдай режимін бұзуға байланысты 476-бабы бойынша 16 наурыздан 23 сәуірге дейін әкімшілік жауапкершілікке 10 мың адам тартылған. Осы бап бойынша ескерту жасалады және 10 айлық есептік көрсеткіш негізінде айыппұл салынады немесе соттың шешімі бойынша 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады» деп жауап берді ІІМ-нің баспасөз қызметі.

Алматы қаласына келсек, 22 сәуірге дейін Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 476-бап бойынша 75 әкімшілік материалды қарап, оның ішінде 26-сын әкімшілік қамауға алу, 23-іне айыппұл салып, 6-ына ескерту жасау туралы шешім шығарған.

Полиция департаменті баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбектің айтуынша, 75 әкімшілік құқық бұзушылардың ішінде көшеге себепсіз шығу (476-баптың 6-бөлімі) бойынша 57 (1107) адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Оның 19-ы (284) қамауға алынып, 33-іне (653) айыппұл салынып, 5-еуіне (170) ескерту жасалды. Ал блок-бекет арқылы қалаға өтіп, 476-баптың 1-бөлімін бұзған 18 (333) адам жауапкершілікке тартылса, оның 8-і (144) қамауға алынып, 9-ына (161) айыппұл салынса, 1 адамға ескерту жасалды.

Төтенше жағдай жарияланған күннен бері заң бұзып, әкімшілік жауапкершілікке барлығы 1447 адам тартылды. Оның ішінде 435 азамат әкімшілік қамауға алынып, 814-іне айыппұл салынды, ал 198 адаматқа ескерту жасалды» деп жауап берді.

Бұл мәліметтерге қарағанда, біздің елімізде қамауға алынғандар да, айыппұл төлегендер де көп. Демек, халық тәртіпке бағынуға мойынсұнбайды. Ал оларды топырлатып қамай беру қаншалықты дұрыс?

Тегтер: