13 Желтоқсан 16:25
...

«Қар қызы» сахналанды

Фото:

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының қоржыны жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесінің желісі бойынша сахналанған «Қар қызы» қойылымымен  толықты.  

Қойылымның шығармашылық құрамы:

Қоюшы-режиссер                                   – Жұлдызбек Жұманбай

Режиссердың ассистенты                      – Куаныш Беисагалиев

Қоюшы-суретші                                      Алтынай Жүсіпәлі

Балетмейстер                                          Карина Джиренбаева

Режиссердың көмекшісі                         Сумбат Гениярова

«Бұрын «Қар қызы» Ғ.Мүсірепов театрында қойылды. Талай майталман актерлер ойнады. Оралхан Бөкейдің қай шығармасын алсаңыз да, табиғат пен адамның арасындағы байланысты жақсы береді. Табиғаттан көп нәрсе алсақ та, табиғатқа ешнәрсе бере алмайтын сияқтымыз. Ағашты кессек те, өсімдікті жұлсақ та, жылайды екен. Осындай біз біле бермейтін тылсым күшті сезіну мүлдем басқа», – деді актер Бауыржан Қаптағай «Қар қызы» шығармасы туралы.

Суреткер жазушы О.Бөкейдің «Қар қызы» повесі қысы ұзақ өңірдегі халықтың тұрмыс-тіршілігін көз алдыңызға әкеледі. Жазушы повесте: «Алтай өңіріне алпыс жылдан бері дәл осындай қалың қар жауғанын көрген жоқпыз», – деседі қариялар. Расында да, бас көтертпей жауғаны соншама, есіктің алды, қораның маңындағы қарды тазалап үлгере алмайсың. Ауыл-үйдің арасына күреп жалғыз аяқ жол салудың өзі азабы мол жұмыс. Кейбір салақ кісілердің бел ағашы борсыған мал қамайтын қоралары сыр беріп алды – топ етіп төбесі ойылып түсіп жатыр. Күннің көзі жылт етіп ашыла қалса, аппақ қардың астында бүк түсіп, қаздың жұмыртқасындай томпайып-томпайып тілсіз жатқан үйлерді, сол үйлердің қар кептелген мұржасынан жұлындай көтеріліп, жуастау будақтаған түтінді көріп, бұл ауылдың адамдары қарға тұншығып өліп қалмағанына тәуба жасайсыз» демейтін бе еді?!

Сол қыс жұртқа ерекше ауыр тиді. Қорадағы төрт түліктің жеуге шөбі жоқ. Өр Алтайды жайлаған үш жылғы құрғақшылықтың салдары үлкен жұтқа алып келмесін десті. Осыншалық ғажап, құлаққа қорғасын құйғандай тыныштықты Нұржан бұрын көрмеп еді. Есіктен көкке қараған ол үйде отыра беруге дәті шыдамай, кеңсеге келеді. Үш-төрт адаммен карта ойнап отырған Упрай: «Жолға жинал! Айыртауға шөп әкелуге барасың!» деген тапсырма береді. «Бұл ауылдағы тракторист жалғыз мен бе екенмін, басқаларды жіберіңіз» деп қиғылық салса да, Нұржан жанына Аманжан мен Бақытжанды ертіп, алыс жолға шығады. Алайда, олардың жол азабын тартуы сол-ақ екен, нағыз өмір мен өлім арасындағы арпалысты басынан кешеді. Үш жас жігіт ақ қар, көк мұзды тау арасында жолдан адасады. Айнала аппақ әлем, үскірік аяз. Осы бір қиын сапардың басында олар Қоңқай шалға кезігіп, түнеп шығуын өтінеді. Қарыны ашып, өзегі талған үшеуге өзін «ұлтым жоқ» деп таныстырған қиқар шал нәр татқызбайды. Айдаладағы асуды жалғыз мекендеп, аң аулап күн көрген Қоңқай шал анасын ауруханаға апарып, адасып кеткен он сегіз жасар қызды қызды тарпа бас салып, жұлмалай бастайды... Түн ішінде шырылдап әрең дегенде жалаңаш, жалаң аяқ қашып шыққан қызды не бөрі жегенін, не үсіп өлгенін күні бүгінге дейін ешкім білмейді. Әлгі қыз содан тылсым күшке айналып, қыста жердің бетіне, жазда  жер астында өмір сүреді деседі. Сол «Қар қызы» Нұржанның түсіне кіріп, сан рет мазалай берген.

Тіпті, Қоңқай шал үшеуді қиындығы көп бұралаң жолға салған кезде де көмектесуге тырысқан «Қар қызы» еді. Аяқтарын үсік шала бастаған жігіттерді Нұржанға оятуға бұйрық берген де сол. Ал жігіттерге осындай азап шектірген Қоңқай шал Аманжанның әкесі екенін шығармадан білеміз. Нұржанның: «Аты аңызға айналған қатыгез Қоңқай бұдан елу жыл бұрын жер жастанған еді ғой» дегенде, «Ол үлкен Қоңқай, ал мен – кіші Қоңқаймын. Біздің ұрпақ ешқашан да құрымақ емес... Қоңқайлар ұлын жасырын өсіреді. Өйткені ұлы жорықшылар мен атақты байлардан қалған ендігі тұяқ біздерміз» дегенінің астарында үлкен мән бар. Аманжанның  «Мына шалды бір жерден көргенмін» деп есіне түсіре алмай, мең-зең болуы да сондықтан.

Өмірдің өзі жақсылық пен жамандықтан тұрады. Жарық пен қараңғы да қатар жүреді. Сол сияқты мейірімділер мен залымдар да бар қоғамда.  «...Қоңқай зәлім жеңбесін деп Айыртауда отырған..» Сиыршы шалдың да қоңыр тірлік кешуі бекер емес. Қоңқай шал адастырады, Сиыршы шал тауып алады. «Монданақтай жердің бетін, бір жақсы, бір жамандық жайлаған. Ал егер мен осы Айыртаудан көшіп кетсем, Қоңқай зәлімнің жеңгені гой. Осылайша андысып өмір жалғасады. Тегінде, сенің де өз Қоңқайың бар. Басқалардың да...» дейді.

Спектакльдің соңында Нұржан «Қар қызы» мекендеген Айыртауда қалып, Сиыршы шалдың қызына үйленсе, тракторды тоқтатуын өтінген Аманжан да: «Мынау қарғыс атқан жерде қалып қоюға мен де бел байлап тұрмын. Мүмкін, аз жылға, бәлкім, мәңгілікке, әзірше өзім де білмеймін... Тағдырдың жазуы осы шығар. Қоңқай шалдан не жеңілем, не жеңем, не соның жолын қуып кетермін, әйтеуір, үлкен өмірге барғым келмейді. Үлкен өмірге кішкентай адамдар ғана сыя алады... Хош. Ендігі келгеніңде бұл жер – Аманжан асуы аталады» дейді. Ал Бақытжан екі елі ажырамаған достарын аппақ кеңістікке қалдырып, соқа басы ғана қайтады.  

Шынында да, әр заманның, әр уақыттың, тіпті әр адамның өз "Қоңқайы" бар.  Айтпақшы, қойылымды салмақты еткен Қоңқай шалдың рөлін сомдаған Тұңғышбай Жаманқұлов еді. Театрсүйер қауым сүйікті актерінің сахнаға оралғанына ұзақ қол соқты.  

Динара Мыңжасар 

Тегтер: