Қаңтар оқиғасы Һәм жыртық кебіс

Бүгін Мәжіліс Қаңтар оқиғасы кезінде қолға түскендерге рахымшылық жариялау туралы заңды қабылдады. Енді жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылардың біразының үстінен қозғалған қылмыстық істер тоқтатылады. «Ұсақ және орташа қылмыстары» үшін сотталғандар босатылып, жазасын өтеп үлгергендер болса, олар «сотталды» деген қара таңбадан біржола құтылмақ. Бәрекелді!
Десе де, Ақорданың рахымшылық жариялауы – асыра сілтеушілікті, кеткен қателікті ішінара мойындау. Мұның өзі – үлкен ерлік! Қаңтар қырғыны Қазақстанның отыз жылдық тәуелсіздігіндегі ең ірі, ең жұмбақ оқиға ретінде тарихта қалатыны анық.
Мұның себеп-салдары туралы түрлі нұсқалар айтылып жатыр. Десе де, «Ұйымдастырған кім?» деген сауалдың жауабы күннен-күнге сиырқұйымшақтанып барады.
К.Мәсімов. Фото: Sputnik
Қаңтар оқиғасы әр қазақстандықтың көз алдында өтті. Сондықтан берілер баға да әртүрлі. Күйлі адамдарды шошытты. Күйсіздерге үміт ұялатты. Сондықтан Қаңтар оқиғасының басты себебі – елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал екені сөзсіз. Осыны пайдаланып, «сақалдылар мен ұрдажықтарды» алдыға салған жымысқы топ діттегеніне жетуге шақ қалды.
«Естіген – өтірік, көрген – шындық». Қаңтарда жұрт алаңдарға ағылып жатқанда: «Тым болмаса, пайдаң елге тисін», – деп, тып-тыныш үйінде отырған күйеуін көшеге шығарған әйелдерді де көзіміз көрді. Бұл бірді-екілі жайт емес-ті.
Көпшілік қымбатшылыққа қарсы үн қатпақ болды. Қаңтарда қыстыгүні киіп жүрген жұқа кебісін тоналған дүкендегі жаңа етікке айырбастап кеткен жалаңаяқты да көрдік. Осы бір сіңірі шыққан кедей ұрының ескі аяқ киімі Қаңтар оқиғасының бір символына айналып та үлгерді. Әйтеуір ел жадында осылай сақталып қалды.
Ескі кебіс. Фото: ғаламтордан
Оларды азғырған, сыңаржақ баспасөз айтып жатқандай, Мәсімов пен Сатыбалды емес, Мәскеу мен Вашингтон да емес, қымбатшылық пен жоқшылық еді. Осы тұрғыдан алғанда, Қаңтар оқиғасы дала өртін еске түсіреді. Аптапта қурап, қаудырап тұрған шөпке – шылымның тұқылы да, шишаның сынығы да сылтау.
Қазақстанның жаңа билігі далада жүрген шылымқорлардың бірін құрықтап, екіншісін шен-шекпеннен айырып шеттеткенмен, шөлден қаталып тұрған даланың қураған шөбін әлі де байқамаған сыңай танытып келеді.
Турасын айтқанда, әлеуметтік-экономикалық ахуалға жан бітіру, қымбатшылықты ауыздықтау әзірге «алынбас қамал» болып отыр. 20 қарашадан кейінгі Тоқаевтың қолға алатын басты шаруасы осы болуы тиіс. Бұл – әлеуметтік сілкіністердің алдын алудың жалғыз жолы.
Қаңтар оқиғасының егжей-тегжейі, ақиқаты мен аңызы әлі де айтыла жатар. Әділ бағасы да берілер. Десе де, қантөгістің артынша тұшымды сөзді «Ақорданың бұлбұлы» деген атқа ие Ермұхамет Ертісбаев айтқан еді: «Қазақтар – тарихи ұлтқа айналып келеді. Бұдан 35 жыл бұрын Мәскеуге, оның саясатына қарсы кім шықты? Ең алғашқы күшті қарсылық көрсеткен кім? Қазақ жастары! 1986 жылғы желтоқсан. Посткеңестік кеңістікте олигархиялық капитализмге қарсы кім бірінші бас көтерді? Қазақтар! Біз әлемдік тарихты жасап жатырмыз. Тарихшы ретінде, патриот ретінде мені бұл қуантады».
Е.Ертісбаев.
Ертісбаев бұл сөзді сол кездегі қоғамның қызуын басу үшін айтты десек те, ақиқатпен алдарқатқаны даусыз. Сондықтан да, «жеңілген» олигархтар Forbes тізіміндегі орнын сақтап қалса, «жеңген» қазақ жастары түрмеден енді шыққалы отыр.
«Үмітсіз шайтан» деген, «олигархтар бюджетке масыл болуды қойып, салығын адал төлесе (төлетсе), бізде қыста жұқа кебіспен жүретін адам болмас, мұндай оқиғалар қайталанбас» деген үміт те қылаң береді.