Қанды қаңтар оқиғасы «ұлы көшке» түрткі бола ма?

Караван порталының дерегіне қарағанда, қаңтар оқиғасынан кейін қазақ жерінен көшуге бел буған адамдардың қарасы күрт арқан. Әуежайлар жұмыс істемей тұрса да, пандемияға байланысты шектеу салынса да, ҰҚК-нің шекара қызметінің айтуынша, 4-12 қаңтар аралығында 64 048 адамның елден кетіпті.
«Яндекс» пен «Google» іздеу жүйесінің мәліметінше, «Қазақстан азаматы Ресейде тұруға ыхтияр хатты қалай алуға болады?» деген сауал үздік бестікке кірген. 7,5 млн адам осылай теріп көріпті. Сөз жоқ, олардың дені – орыстілді азаматтар.
Соның бірі – алматылық Иван Чухно. Қаңтар оқиғасы кезінде оның отбасы қатты үрейленіп, көктемге қарай Санкт-Петерборға көшуді жоспарлаған. Дүрбелең ұзаққа созылады деп ойлапты.
«Бірақ кейін ойланып қалдық. Бізді ол жақта бізді күтіп тұрған ешкім жоқ. Отанымыз – осы жер. Ол жақта біз кімге керекпіз? Қарапайым халықтың «елде не болып жатыр?» деп талдау жасауға мұршасы жоқ. Жұмысын істеп, кредитін төлеуі керек. Шынын айтайын, осы жерде өмір сүреміз. Жағдай тым нашарлап кетпесе, көшеде ұрып-соқпаса, әзірге ешқайда кетпейміз», – дейді Иван Чухно.
Қаңтар оқиғасы кезінде әрі-сәрі күй кешкендердің аз емесі анық. Көш бағыты жалғыз Ресей емес екен. АҚШ-қа барып тұрып, жұмыс істеуге мұрсат беретін «Гринкард» лотереясына үміт артқандардың саны күрт көбейген. Бұрын бұған жылына 15 000 адам қатысып келсе, қазір соңғы бір айда 4,5 мың өтінім түсіпті. Күн сайын 100 адам өтінім берген.
НН порталының хабарлауынша, қазір 8 400 азамат Ресейден жұмыс іздеп жатқан көрінеді. Бұл бұрын 3 500 адамнан аспаған.
Қаңтар айында шетелде тұрғын үй сатуға маманданған риелторлық агенттікке Қазақстанның 18 000 азаматы өтініш берген. Клиенттердің дені Ресейден үй алғысы келген. Түркия екінші орында, Солтүстік Кипр үшінші орында.
Бұрын жыл сайын 14 000 қазақстандық ресейлік төлқұжат алып келген. Қазір 27 000 өтінім түсіпті.
Осы сандар қаңтар оқиғасынан соң көші-қон көңіл-күйінің күшейгенін көрсетеді. Десе де, жағдай түзелген соң, жұрттың көңілі біршама орнына түскені де байқалады.
«Көп адам көшпек болды деп айта алмаймын. Өз басым ондай адамдарды кездестірмедім. Өзім ешқайда кетпеймін. Осы жерде тудым, қартайдым. Рас, жастар кетіп жатыр. Бұрын да кеткісі келетін. Олар «қазақ тіліне толық көшетін болса, қиындыққа тап боламыз, білім алу, лауазымға қол жеткізу қиындайды» деп есептейді. Бұлар – бұрыннан киім-кешегін буып-түйіп отырғандар. Бірақ олардың кететіні де дүдәмал. Он жылдан аса уақыт бойы солай деп келеді», – дейді алматылық Юрий Попов.
Оның пікірінше, орыстілділер негізінен бұлғақпен бірге, ұлтаралық алауыздықтан, діни фундаментализмнен қатты қорқады екен.
«Ресейде де Жириновскийлер бірдеңені оттап қалады. Демократиялық БАҚ-тар алауыздыққа дем беріп келеді. «Ресей Петропавлды басып алмақ» дегендей қатты жалаулатады. Сондай нәрселер алауыздық тудыра ма деп секемденеді», – дейді Попов.
Қазақстан халқы ассамблеясының өкілі Виктория Трегубова өзге ұлттардың алаңдауына ешқандай негіз болмағанын ашып көрсетіп отыр.
«Қаңтар оқиғаларында басқа этностарға қатысты ешқандай сөз айтылған жоқ. Одан кейін де қысым көрсетілмеді. Тіпті, әлеуметтік желілерде де өзге ұлттарға қарсы акцияларды байқамадым. Сол себепті, елден көшсек деген көңіл-күйді байқаған жоқпын. Өзге ұлттардың арасында үрей туды, көшеді екен деген жай әңгіме болар», – дейді Виктория Трегубова.
Кейбір сарапшылардың пікірінше, 2022 жылы Қазақстаннан 240 мың адам кетуі мүмкін екен. Әрине, оның ішінде қазақтар да бар. Бірі – оқуға, бірі – шетелге жұмыс істеуге кетіп жатыр. Ал елімізге келіп жатқандар да аз емес. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жылдың басынан бері 1 820 этникалық қазақ қандас мәртебесін алған. 1991 жылдан бастап республикаға барлығы 1,897 млн этникалық қазақ оралған.