20 Ақпан 15:55

Қанағат Әбілқайыр: Отыз жылғы былықты жеткізуге сатирадан артық қандай жанр керек?

Әбілқайыр
Фото: әлеуметтік желіден

Жақында жазушы, сатирик Қанағат Әбілқайырдың «Періштелер жоқ жерде» атты кітабы жарық көрді. Автор кітапта елдегі жемқорлық сияқты белең алған проблемаларды сатира тілінде жеткізгенін айтады.

– «Періштелер жоқ жерде» деген кітабыңыз шығыпты. Бұл жемқорлық туралы ма?

– Осыдан біраз бұрын Жадыра Шамұратова деген сыншы, жазушы қаламдасым «Жас Алаш» газетіне мен жайында көлемді сыни мақала жазды. Нысанасына «Қайыршының миллиардер досы» атты соңғы шыққан кітабым іліккен екен. Оқыдым, айтпақ ойымды түсінгеніне риза болдым.

жазушы
Фото: әлеуметтік желіден

Сонымен бітті-ау деп жүргенімде «Фолиант» баспасынанмын деп, Фарида атты қыз хабарласты. «Сіздің шығармаңыз жайында Жадыраның мақаласы арқылы білдік. Келіссеңіз, келісімшартқа отырайық», – дейді. Қалам ұстаған адамға бұдан артық не керек? Сонымен, өзіңіз айтқан жемқорлықты, қарақшылықты, иттікті, әлімжеттікті, жауапсыздықты өзек еткен жаңа кітап – «Періштелер жоқ жерде» деген атаумен күні кеше «Фолиант» баспасынан жарқ ете қалды. Періштелер жоқ жерде қылмыстың жеті атасы жасалатынын кітап арқылы жеткіздім ғой деп ойлаймын.

– Кітабыңыз сатылымға шыға ма, қанша данамен басылды?

– Кітап о бастан екіжақты келісімшартпен шығып отыр. Яғни, сатылады. Әзірге екі мың данамен жарық көрді. Жақсы өтіп жатса, қайыра шығаруға екі жақ та мүдделі. Астанада өткен алғашқы таныстырылымның өзінде біраз сұраныс түсті. Одан бөлек, Алматы, Шымкент, Павлодар қалаларынан шақырту түсіп жатыр. Бұйырса сол жақтарға да барып қайтамыз деген ой бар. Кітап шыққан соң оқылғаны, қолдан-қолға өтіп кеткені қаламгер үшін нағыз абырой ғой.

Сіз сатира жанрына қалам тербеп жүрген жазушысыз. Не үшін осындай күрделі жанрды таңдап алдыңыз?

– Мен о баста өлең жаздым. Мектепте, студенттік жылдарда кәп-кәдімгідей ақын едім. Фариза апамның өзі маңдайымнан иіскеп, батасын берген. Бірақ, әркім өз шамасын білгені жөн ғой. Келе-келе лирикалық әңгімелер мен сарказм араласқан дүниелерге тәуекел ете бастадым. Ол қадамым теріс болмаған сияқты: Төлен Әбдік, Дулат Исабеков, Қажытай Ілиясов, Тұрсынжан Шапай, Амангелді Кеңшілік сынды айтулы ағалар оң бағасын берді, қуантты, көңілге сенім ұялатты. Оның үстіне еліміздегі отыз жылғы былықты жеткізуге сатирадан артық қандай жанр керек?

Кітап
Фото: ғаламтордан

Сатиралық шығармаларға халықтың қызығушылығы қандай?

– Қазір сатирадан қадір қашып тұр. Бейімбет Майлиндердің кезіндегі сатиралық сарынды, оның оқырманға әсерін айтпағанның өзінде, Ғабит Мүсіреповтер шығарған «Ара» журналында жарияланып жатқан фельетон, памфлеттер, Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы сияқты саңлақтар жазып жататын сатиралар қоғамды дүрліктіріп, кез келген басшының екі аяғын бір етікке тығатын. Баспасөзге шыққан бір фельетон арқылы бір министр немесе бір әкім орнынан кетіп жататын. Болмаса қатаң сөгіс алатын. Ал қазір сатира десе, қаптаған күлкі театрларындағы отбасы, ошақ қасындағы әңгіме еске түседі. Осыған қарын ашады.

Жемқорлық елімізде өзекті мәселе екені белгілі. Қалай ойлайсыз, жемқорлықтан қашан құтыламыз?

– Жемқорлық қазақтың сүйегіне сіңіп кетті. Қолдан келсе жеу керек, тонау керек деген сияқты ой санаға қалыптасып қалды. Біреу біреуге пара беріп жатса немесе алып жатса, мыңқ етпейтін дәрежеге жеттік. Бұл біздің отыз жылда жеткен «жетістігіміз»! Қай саланы алып қарасаңыз да, ақсап тұр. Ақсап тұрғанына ең алдымен жемқорлық пен өз ісіне деген жауапсызық себеп. Осы екеуі жойылмай, сорлағанымыз – сорлаған!

Әсіресе, саяси тақырыптар оқырманға сатира арқылы жақсы жетеді. Біздің елімізде тағы қандай тақырыптарды көркем шығармалар арқылы, соның ішінде сатира арқылы берген ұтымды?

– Саяси тақырып қана емес, қазір сатираға азық болатын тақырып шаш-етектен. Жоғарыда айттым, елімізде кез келген сала тұралап тұр. Мәселен, жолды айтайық.

Сатирик
Фото: әлеуметтік желіден

Былтыр ұшақтан кешігіп қалып, Астанадан Алматыға таксимен қайттым. Республикамыздағы ең үлкен, ең маңызы зор екі қаланың арасын жалғап жатқан жол быт-шыт. Өзге облыстарды, аудандарды, ауылдарды қосатын жолдар жайында бұдан кейін қалай сөз қозғайсың. Осы мәселе медицинада да, құрылыста да, білім орындарында да, бәрінде менмұндалап тұр. Соқыр көретін, керең еститіндей етіп айтатын, жазатын тақырып жетеді. Тек, соны көретін, қортынды шығаратын кім бар?