Қамсыз әкім. «СТАТИЛЕР ісі» Смайыловқа НЕГЕ сабақ болмады?
Бүгін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметінде есеп беріп, сансыз цифрларды әбден сапырды.
Әкімнің айтуынша, Алматы облысының экономикасы қарыштап дамып, Токионы басып озуға шақ тұр екен. Шетелдік инвесторлар «балға үймелеген араша» Алматы облысына жан-жақтан құйылып жатыр, инвестиция көлемі миллиард долларға жуықтапты-мыс...
NEGE тілшісі сұрақ қойғанға дейін әкім осылай «алыстан тербеп» ұзақ сөйледі.
Фото: ОКҚ
– Өткен жылы сіз шетелдік инвесторлармен Меморандумға қол қойдыңыз. Меморандум бойынша инвесторлар 30 млрд теңгеден астам қаржыға Қонаев қаласына аурухана, халықаралық университет және дәрі-дәрмек зауытын салуы керек еді. Алайда, Алматы облысының әкімдігі бұл ірі жобаға қызығушылық танытпаған, сол себепті инвесторлар Меморандумды тоқтатқан.
Президент шетелден инвестор тартуды жиі тапсырады. Жуырда мұны Премьер-министр де айтты. Бұл әрекеттеріңіз Президенттің тапсырмасына саботаж емес пе?
Өздері келіп тұрған шетелдік инвесторлармен не себепті жұмыс істей алмадыңыздар?, – деп сұрады тілшіміз.
Әкім өзі қол қойған, көлемі 35 млрд доллардан асатын Меморандумның не себепті іске аспай қалғанына нақты жауап бере алмай, кінәні инвесторларға аударуға тырысты.
– Біз бұл инвестормен бұрыннан бері жұмыс істеп келеміз. 2020 жылы ғой деймін, бұлармен бізде келісімшарт болған. Олар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша орталық облыстық аурухананы алған, бірақ сол аурухана бойынша өздерінің міндеттерін орындамаған.
Оның үстінде меморандумнан кейін оларды зерттеуді бастадық. Оларға Денсаулық сақтау басқармасы барған кезде мемлекеттік серіктес ретінде не тексеріске, не құжаттарын көрсетуге кіргізбеген. Сол себепті біз тексеру тағайындадық. Сондықтан ол мекеме сол тексеруді бастамау үшін сотқа жүгінді, – деп жауап берді әкім.
Байқауымызша, Марат Елеусізұлы не бұл жағдайдан хабарсыз, не оған жалған ақпарат жеткізген сыңайлы. Өйткені NEGE редакциясына шағымданған инвесторлар мүлдем басқа нәрсе айтқан-ды.
Мәселен, «International Academy of medicine and sciences» ЖШС (бұдан әрі – шетелдік инвестор) атқарушы директоры Наджхаван РУПАЛ өздерінің қандай міндеттемелерді орындағанын тізбелеп берген. Ол Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының 892 млн теңге кредиторлық қарызын жапқанын; өткен жылы аурухананың инфекциялық корпусының құрылысын аяқтап, пайдалануға бергенін, бірақ мемлекеттік серіктес нысанды әлі қабылдап алмағанын; келер жылы 4 қабатты жаңа аурухананың негізгі ғамараты құрылысын аяқтайтынан; кардиореанимация және кардиохирургияның жаңа бөлімдері ашылғанын; жоғарғы технологиялы медициналық қызмет түрін 2-ден 27-ге жеткізгенін баяндаған.
Тілшінің екінші сұрағы дәл осы Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына қатысты еді. Бірақ бұл сұраққа да тұшымды жауап ала алмадық.
2020 жылы осы инвесторлар Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының аумағынан төрт қабатты жаңа ғимарат салу жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде келісімшарт жасап, құрылысты бастаған. Бірақ инвесторлар «әкімдік жұмыс істеуімізге кедергі келтіріп, заңсыз тексеру жүргізді, инженерлік желі тартып беру туралы өтінішіміз қараусыз қалдырды» дейді. Бұл тексерулердің заңсыз болғанын қадағалаушы орган – прокуратураның өзі анықтаған.
– Қазақстандық сотқа сенбеген шетелдік инвесторлар халықаралық сотқа жүгінген. Құрылыс тоқтап қалған жағдайда барлық шығынды (инвесторлардың есебінше, 12 млрд теңгеден астам – ред.) артығымен өндіріп алуға бел буып отыр. Бұл жағдайдан АҚШ пен Үндістан елшілігі де хабардар екен. Ал Сіз осы мәселені білесіз бе? Халықаралық дау туындату кімге қажет?», – деген сұрақ әкімге төтесінен қойылды. Алайда, бұл сұраққа да әкімнің жауабы жоқ боп шықты.
– Бұл инвестор өз еркімен жұмыс істемеген. Олар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жұмыс істеген. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы екеуі серіктес екенін ескеру керек. Сол себепті біреуі екіншісіне мәлімет көрсетпеуге құқығы жоқ. Олар ашық жұмыс істеуге тиіс. Бүгінгі күні бұл инвестор ашық жұмыс істеуге дайын емес. Сол себептен осындай жағдай туындады, – деп құтылды әкім.
Фото: NEGE
Марат Елеусізұлының пайымдауынша, ол шетелдік инвесторлардың халықаралық сотқа жүгінгенінен хабардар және меморандумның іске аспай қалғаны Президенттің тапсырмасына ешқандай да саботаж емес екен.
Инвесторлар «Астана» халықаралық қаржы орталығына барлық құжаттарды өткізгенін айтады. Құжаттар еуропалық соттардың қолына тиген, қазір олар іспен танысып жатыр. Алдағы уақытта халықаралық сот істі қарайды.
Марат Елеусізұлының қамсыздығына қарап, жағдайды жете түсінбейтін байқағандай болдық. Сондықтан да бұл мәселеге қатысты сауалдарымызды жуырда ғана шетелден инвестор шақыру туралы айтқан Премьер-министр Әлихан СМАЙЫЛОВҚА жолдауды жөн көрдік.
Бюджеттің ақшасын миллиардтап шашқан атышулы Статилердің ісі Смайыловқа сабақ болса, қанеки?!