22 Қыркүйек 09:56

ПРЕЗИДЕНТ шақырады, ӘКІМДІК қашырады. Шетелдік инвесторлар Алматы облысынан НЕГЕ кетпекші?

Фото:

Алматы облысы 30 миллиард теңгеден астам шетелдік инвестициядан қағылды. Өйткені шетелдік инвесторлар Алматы облысының әкімдігімен жасалған меморандумды тоқтатты.

Биыл маусымда Астанада өткен халықаралық форумда президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ былай деген: «Біз шетелдік инвестицияны көптеп тартуды жалғастырамыз және Қазақстанда бизнес жүргізу үшін ерекше жағдай жасаймыз. Шетелдік әріптестеріміз де жауапкершілік танытады деп сенеміз. Бұл – біздің саясатымыздың негізі».

Мемлекет басшысы ресми немесе жұмыс сапарымен шетелге шықса да, шетелдік ірі корпорация жетекшілерін Ақордада қабылдаса да, елімізге инвестор тартудан шаршаған емес.

Қ.Тоқаев пен Д.Байден. Фото: Ақорда

Мәселен, осы аптадағы АҚШ сапарында Қ.Тоқаев Wabtec компаниясының президенті Рафаэль САНТАНАМЕН, Citigroup компаниясының бас атқарушы директоры Джейн ФРЕЙЗЕРМЕН, Mastercard компаниясының атқарушы вице-президенті Никола ВИЛЛАМЕН, Rio Tinto компаниясының бас атқарушы директоры Якоб ШТАУСХОЛЬММЕН, Amazon корпорациясының вице-президенті Сьюзан ПОЙНТЕРМЕН, GE Healthcare компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша президенті Роб УОЛТОНМЕН, сондай-ақ, Мажарстан, Словения, Иран, Финляндия, Эстония, Румыния, Черногория және АҚШ президенттерімен кездесті.

Біз мұны не үшін тізбелеп отырмыз? Өзге ел басшыларымен, ірі бизнес өкілдерімен кездескен сайын президент Қ.Тоқаев оларға Қазақстанды барлық жағынан, әсіресе, экономика мен бизнес тұрғысынан тартымды етіп көрсетуге тырысады. Мемлекет басшысының маңдай тері ақталатынына, инвесторлар елімізге көптеп келетініне сенеміз, өйткені АҚШ сапары өте жемісті болды.

Бірақ, президент «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай» шетелдік инвесторларды шақырып жүргенде жергілікті әкімдіктер оларды әдейі немесе білместіктен қашырып жатыр.

Шетелдік инвесторлар өз қаржысына Қонаев қаласында және Алматы облысының аумағында бірнеше нысан салмақ болған. Алайда, Алматы облысы әкімдігінің әрекетсіздігі мен заңсыз тексерудің салдарынан инвесторлар құны 30 млрд теңгеден асатын меморандумнан бас тартпақ.

Алматы облысының әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВТІҢ өзі қол қойған меморандум неге тоқтап қалды? Инвесторлардың жұмыс істеуіне не кедергі немесе кім кедергі? Жатпай-тұрмай елге инвестор шақырып жүрген Президент бұл істен хабардар ма?

Фото: Ақорда

2020 жылы үнділік-америкалық «IAMS» ЖШС («International Academy of medicine and sciences») Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы аумағында төрт қабатты емдеу корпусын жаңадан салу үшін Алматы облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасымен келісімшарт жасайды. Жоба мемлекеттік-жеке әріптестік негізде іске асуы керек болған. Ал құрылыс жұмыстарын жеке компания қажыландырады.

«Алматы облыстық ауруханасы» деген атпен белгілі Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының жұрт арасындағы бұрынғы репутациясы мәз емес еді. Жаңа нысанның құрылысы басталмай тұрғандағы қарызы 891 млн теңгеге жеткен. Тіпті аурухананың аккредитациясы да болмаған. Инвесторлар қарызды жауып, аккредитациядан өткізіп, алақан ысқылап жобаны бастап кеткен. Мәселен, бұрын ауруханада жоғарғы технологиялы медициналық қызметтің бар-жоғы 2 түрі көресетілсе, жоба басталған соң инвесторлар мұндай қызметтің түрін 27-ге жеткізген. Ал осы жылдың өзінде ғана инвестиция 2 млрд теңгеден асыпты.

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы. Фото: ғаламтордан

Төрт қабатты жаңа аурухананың құрылысын инвесторлар келесі жылдың тамызында аяқтауға дайын. Бірақ құрылыс жұмыстары текіректей жүріп жатыр. Бұл туралы кейінірек баяндаймыз

2022 жылдың желтоқсанында «IAMS» ЖШС Алматы облысы әкімдігімен 30 млрд теңгеге меморандумға қол қояды. Бұл қаржыға инвесторлар Қонаев қаласынан жоғарғы технологиялы көпсалалы аурухана, дәрі-дәрмек зауытын және екі дипломдық бағдарлама бойынша ақпараттық технология халықаралық университетін ашуды жоспарлаған.

Енді қараңыз, инвесторлар мен облыс әкімі меморандумға қол қойған соң жобалар іске аса бастауы керек еді ғой? Өкінішке қарай, олай болмаған. «IAMS» ЖШС атқарушы директоры Наджхаван РУПАЛ Қазақстан президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТАН көмек сұрап отыр.

Қысқасы, инвесторлардың меморандумды жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерінің бәрі жауапсыз қалған. Есесіне, мемлекеттік-жеке әріптестік негізде салынып жатқан құрылыс жұмыстарын мемлекеттік орган тарапынан тексеру көбейген. Өткен жылы ведомствоаралық жұмыс тобы тексергенімен, мұны Алматы облыстық прокуратурасы «заңсыз» деп таныпты.

Айтпақшы, биыл 19 шілдеде Алматы облысының әкімі инвесторлармен кездеспекші болып, әкімдікке шақырыпты. Осы кездесу үшін инвесторлардың бірі Үндістаннан, екіншісі АҚШ-тан ұшып келген.

Алайда әкімнің орнына оның орынбасары Рустам ИСАТАЕВ төбе көрсеткен. Оның өзі «қарғаның миы қайнар» ыстықта инвесторларды күттіріп, жарты сағатқа кешігіп келіпті.

Кешігіп жүру әкім орынбасарларының әдеті болуы мүмкін, бірақ кешігіп жүріп те мәселе шешуге болады ғой? Ол да жоқ. Осындай қарым-қатынастан соң қандай инвестор тұрақтайды? Көп ұзамай «IAMS» ЖШС да меморандумды тоқтату жөнінде шешім қабылдапты.

«IAMS» ЖШС мемлекеттік-жеке әріптестік негізде Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының аумағында салып жатқан төрт қабатты жаңа ғимарат туралы сөз басында айттық қой.

Мемлекеттік орган тарапынан қайта-қайта тексеріп мазасын алғандықтан аурухана құрылысы баяулап қалған. Егер инвесторлар құрылыс жұмысын тоқтатса, онда жүздеген адам жұмыссыз қалады. Бұл – бір.

Екіншіден, инвесторлар жайда-жай кете салмайды, халықаралық сотқа жүгінеді. Халықаралық сотта «әке-көке», «бәке-жәке» жүрмейді. Бір ғана атышулы Статилердің өзі тұтастай мемлекетті халықаралық сотта ыңғайсыз жағдайға қалдырғаны аздай, бізге тағы бір дақпыртты сот процесі керек пе?

Әкімдік пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы шетелдік инвесторлардың жұмысына не себепті кедергі келтіріп отырғанын олардың өздерінен анықтауға тырысамыз. Бәлкім, бір себебі бар шығар...

Тегтер: