23 Қазан 12:30
...

КӘМПЕСКЕ: Құда ғана «крайний» бола ма?

Фото:
Осы біздің биліктің бір «тамаша қасиеті

» бар: тәп-тәуір басталған шаруаның артын сұйылтып, комедияға айналдырып жібереді. Ескі Қазақстанда солай болған, Жаңа Қазақстан да сол аурудан айыға қоймаған сықылды.

Президент бастама көтеріп, оны бар жұрт қолдап, шетелге заңсыз шығарылған қаржыны қайта қайтару туралы тиісті заңнама қабылданды. Елді 30 жыл бойына жеке-дара басқарған Назарбаевтың кейбір туыстарының, айналасының қимыл-әрекеті, заңзсыз иемденген бизнесі майшаммен қарала бастады. Мұның бәрін тарихи әділеттік, ескі Қазақстанның Авгий атқорасын біржолата тазарту деп ұғынған ел биліктің бұл бастамаларын шын жүректен қолдап жатқаны да рас.

Бірақ... Соңы комедияға ұлысып кетті деп бекер айтқан жоқпын.

Бір ғана мысал: Назарбаевтың үлкен қызы – Дариғаның құдасы Қайрат БОРАНБАЕВҚА қатысты сот үкімі күшіне енді.

Қ.Боранбаев. Фото: tengrinews.kz

Енді мына қызықты қараңыз!

Алты жылға бас бостандығынан айрылып, Ақмола облысында жазасын өтеп жатқан Боранбаев Қазақстанның басты ньюсмейкеріне айналды! Олай дейтін себебім – күн сайын ақпарат құралдарында Боранбаевтың мемлекетпен есеп айырысып жатқаны жайында хабар жарқ ететін болды.

Міне, ол  «Қаражанбас Северный» кен орнын мемлекет меншігіне өткізіпті, оның өндірістік параметрлері – құны 35,4 миллиард теңге болатын 2,6 миллион тонна мұнай және 13,2 миллион текше метр газ бар 143 ұңғыма. Ол сондай-ақ тауарлық газды тасымалдаумен және сатумен айналысатын «Азия Газ Чунджа» газ таратушы компаниясын мемлекет меншігіне беріпті. Компанияның нарықтық құны – 14 миллиард теңгеге жуық.

Құны 9 млрд теңге болатын «Сервисный Центр КазТурбоРемонт» ЖШС мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауыты да мемлекет меншігіне өткен. Кәсіпорында 740 адам  жұмыс істейді.

Бұған дейін Қайрат Боранбаев жалпы құны 1,4 миллиард теңгеден асатын қонақ үй кешенін өз еркімен мемлекет меншігіне беруге келіскен еді. Сондай-ақ оған тиесілі компаниялар шетелден қайтарылған қаражат есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 миллиард теңгеден астам қаржы аударған.

Күнде осындай хабар оқыған жұрт: «Бізге Ұлттық қордың керегі жоқ, ақшаның бәрі Боранбаевта екен ғой!», – деп таңдай қағысып жатыр.

Әрине, тергеумен ынтымақтасуға ниетті екенін мәлімдеген Қайрат Боранбаевтың мұндай «Атымтай жомарттығына» түсіністікпен қарау керек болар. Бәлкім, ол шын ниетімен Жаңа Қазақстан идеясын қолдап, сол іске өз үлесін қосқысы келетін де шығар. Әлде басқаларға үлгі болсын деп, оған қысым көрсетіліп жатыр ма? Ол жағын білмедім. Мені мазалайтын басқа сауалдар.

Алдымен осыншама нысан бір адамның қолына қалай өтіп кеткенін зерттеу керек және де сол сауалды Назарбаев отбасының барлық мүшелеріне қойған да дұрыс болар: Боранбаев осының бәрін вакуумда жүріп, жападан-жалғыз жасаған жоқ қой!

Д.Назарбаева. Фото: ғаламтордан

Айтпақшы, осынау заңсыздықтарға жол берген, тиісті құжаттарға қол қойған ескі Қазақстанның шенеуніктерін бір сілкіп, аттарын атап, түстерін түстеп алса да артық болмас еді.

Сонда отыз жыл бойына ойына келгенін істеп, шылқып байыған тұтас отбасы үшін бір ғана құда, онда да қыздың құдасы жауап бере ме?! Назарбаевтың өз басы (оның жиған-тергені мен шынайы бизнес активтері туралы әңгіме әлі алда), оның отбасы мүшелері, жақын туыс-жұрағаттары қайда? Олар осы жылдар бойына бетегеден биік, жусаннан аласа боп жүрді ме? Forbes-тың төрін бермейтін қыздар мен күйеубалалар қайда?

Олардың Боранбаевтан не артықшылығы бар? Әлде құданы «крайний» етіп, бар кінәні соған артып, халықтың ескі Қазақстанға деген бүкіл ашу-ызасын соның жалғыз басына үйіп-төгіп, қалғандары жауапкершіліктен жалтарып кете ме?

Мұншама нысанды алып жүрудің өзі оңай емес, мемлекет ертеңгі күні оларды жеке секторға ауыстыратыны түсінікті. Мәселен, фитнес-клуб, сауда ойын-сауық орталығы немесе қонақүй мемлекет иелегінде болғаны қалай? Сол кезде олар кімнің қолына өтеді? Жаңа Қазақстан билігіне бір табан жақын жаңа байшыкештерге ме? Олай болса, ескі Қазақстаннан айрымашылығымыз неде?

Сол себепті ол нысандарды жекешелендіру мейлінше ашық, жария, міндетті түрде шағын және орта бизнес өкілдерінің қатысуымен өтуі тиіс. Ол нысандардың тағдырын шенеуніктер емес, қоғам өкілдерінен құралған беделді комиссия шешуі керек. Сонда ғана Жаңа Қазақстанға деген сенім арта түспек.

Фото: ғаламтордан

Әйтпесе, ескі билікке жақын бір топ байшыкештің орнын жаңа билікке жақын басқа бір топ басқаннан халық не пайда табады?!

Сонымен бірге, бір нәрсе анық: ескі Қазақстанның құбыжық ережелерін пайдаланып, тек қана Назарбаевтың отбасы заңсыз байып алған жоқ. Президентке жақындығының арқасында зауыт пен фабрикаларға, кеніштерге, жер асты мен жер үсті байлықтарына ие болып алған қаншама шенеунік пен олардың отбасы тағы бар. Тек қана Астана мен Алматыны айта береміз, облыс, қала, аудан, ауыл-аймақтың түкірігі жерге түспеген әкімдері болды емес пе? Әр жердің өз «назарбаевы» болды емес пе? Солар ше? Назарбаев құрған жүйенің бар қызығын көрген солар да жауапкершіліктен тыс қала ма?

Міне, бір құдаға қатысты тақырып қаншама өзекті проблеманың бетін ашып жатыр. Олай болса, Жаңа Қазақстан туралы әңгіме әлі алда.

Совет тарихынан байлар мен кулактардың кәмпескеленгені (латынша confіscatіo – «дүние-мүлікті қазынаға тартып алу») туралы оқитынбыз. Әрине, ол науқанның жөні бөлек. Ол кезде бәрін таптық көзқарас шешті.

Бір нәрсе анық: бізге өзгеше, 30 жылдық тарихымызда қалыптасқан әділетсіздікті жоятын «кәмпеске» керек. Шетелге заңсыз шығарылған қаржыны сөз етсек, ел ішінде заңсыз жекелендірілген нысандар туралы неге айтпаймыз?! Әділеттік дегеніміз жекешелендіруге әділ баға беруден басталуы керек.

Әрине, ол процестің тиісті құқықтық негізі болуы шарт. Бірақ сонымен бірге, бұл бастаманың моральдық та, материалдық та сипаты болуы тиіс. Және де жауапкершілік баршаға ортақ болуы керек.

Енді қоғам өз бақылауына алуға тиіс екі мәселе бар.

Біріншісі – түйені түгімен жұтқан ескі Қазақстанның миллиардерлері миллиондар төлеп жауапкершіліктен құтылып кетпеуі. Екіншісі – ескі Қазақстан байшыкештерінің орнына кімдер келеді, соны қадағалау.

Әйтпесе, өзіміз кеше ғана шыққан «Авгийдің атқорасына» қайтадан кіріп кетуіміз ғажап емес...

Әміржан ҚОСАН, саясаткер.

Тегтер: